Көпшілік арасында миға қатысты бірқатар ақпарат тараған. Factcheck.uz-дағы әріптестеріміз солардың ішінен мифтер туралы тарқатып жазды.
1-Миф: «Адамдар миының тек 10%-ін пайдаланады».
Танымал фильмдерден кейін бұл мәлімдеме көпшілік арасында кеңінен танылды. Шындығында, мидағы барлық нейрон, тіпті адам тынығатын кезде де белсенді. Мидың көптеген аймағы тыныс алу, жүрек соғысы сияқты негізгі функцияларды сақтауға көмектеседі.
2-Миф: «Адамның жасы келген сайын миының жұмысы нашарлайды».
Кейде адамның жасы келген сайын миы «солып» қалатындай көрінеді. Кейбірінің когнитивті функциясы төмендейді, бірақ бұл миының жұмысы бұзылғанын білдірмейді. Шын мәнінде, адамның миы өмір бойы дамып, бейімделеді. Ми сөздік, эмоционалды интеллект және проблеманы шешу қабілеті сияқты көптеген ақыл-ой дағдылары арқылы жетіліп отырады.
3-Миф: «Миға арналған ойындар есте сақтау және ойлау қабілеттерін жақсартады».
«Миға арналған ойындар есте сақтау қабілет пен логиканы жақсартуға көмектеседі» деп жиі айтылады. Алайда BBC жүргізген зерттеу бұл теорияға күмән келтіреді. Олар 18 бен 60 жас аралығындағы 8600-ден астам адамға зерттеу жүргізген. Экспериментке қатысқандар аптасына үш рет күніне 10 минут онлайн миға арналған ойындарды ойнады. Ойындар есте сақтау және ойлау қабілетін арттыруға бағытталды. Алайда алты аптадан кейін нәтижелер көңіл көншітпеді: ойын қатысушылардың когнитивтік функциясын айтарлықтай жақсарғанын көрсетпеді.