Манипуляция | Теңіз балдырынан жасалған гепарин COVID-19-ды блоктауға қабілетті

ДДСҰ COVID-19-дың таралуын әлемдік деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялағаннан кейін жарты жылдан соң да пандемия тыншымай жатыр. Кейінгі 6 аптада вирус жұқтырғандар саны екі есеге артты, әлем тұрғындары вирусқа қарсы әмбебап «дәріні» іздеп жатыр. БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының көмегімен орамжапырақ, сарымсақ суы, қойдың майы, сода, мыс бұйымдары, тұзды су, сумах, зімбір және тағы басқалары инфекцияны «өлтіретін болып шықты». Өткен аптада ғалымдар адамдарға тағы бір үміт сыйлады:

Халықаралық ғалымдар тобы балдыр құрамында болатын гепарин SARS-COV-2 коронавирусын тоқтатуға қабілетті деген шешімге келді. Гепарин SARS-COV-2-ні тоқтату жағынан көптеген вирусқа қарсы препараттардан, оның ішінде «Ремдесивирден» де тиімді болып шықты.

Zakon.kz

Үкім: Манипуляция

Теңіз балдырының ерекше қасиеті туралы жаңалықтардың көпшілігі шындыққа негізделген, бірақ журналистер мәліметтерді келтіргенде нақты ақпарат бермегендіктен манипуляция пайда болады.

Біріншіден, теңіз балдырларынан гепарин емес, басқа табиғи антикоагулянттар – фукоиндан бөлінеді.

Екіншіден, әңгіме ғылыми мақаланың препринті туралы болып отыр (нақтырақ айтсақ, бұл «редакцияға жолданған хат» сияқты). Онда антикоагулянттар қанды сұйылтып қана қоймай, коронавирусқа қарсы әрекет ете алады делінген.

Үшіншіден, зерттеушілер, сынақты адам жасушасында ЕМЕС, түтікшедегі жасанды ортада жүргізді. Төртіншіден, авторлар гепарин мен фукоиданның вирусқа қарсы тиімділігін «көптеген» вирусқа қарсы препараттармен САЛЫСТЫРҒАН ЖОҚ.

Қазақстандық БАҚ-та тарап кеткен жаңалық Ренсселер политехникалық институтының (Нью-Йорк, АҚШ) қабырғасында жүргізілген екі зерттеуге негізделеді. Алғашқысының нәтижесі 10 шілдеде жарияланды. Ғалымдар гепарин секілді танымал антикоагулянт COVID-19-дың біріктіргіш ақуызымен (спайковый белок) байланыса алатын ерекше қасиетке ие екенін мәлімдеді.

Бұл неге маңызды?

Біріктіргіш ақуыз вирустың ACE2 ақуызына (бұл адам жасушасының «кілті» деуге болады) орнығуына көмектеседі. Дегенмен, егер вирусқа осыған ұқсас жемтік молекуланы жіберсе, ол вируспен байланысып, тұзаққа түсіп, репликациялауға мүмкіндігі болмай, соңында табиғи жолмен жойылып кетеді.

Бірінші зерттеу гепарин осындай бейтараптандыратын жемтік молекуланың рөлін алып шыға ма деген сұраққа жауап бермеді. «Гепариннің SARS-CoV-2 біріктіргіш ақуызымен қатты байланысуы күшті вирусқа қарсы белсенділік әкеле ме, белгісіз», деп жазды авторлар.

Екінші зерттеу кезінде дилемма шешілгендей болды. Оның нәтижесі 24 шілдеде Cell Discovery онлайн-журналының «Корреспонденция» бөлімінде жарияланды. Ғалымдар гепарин мен оған туыстас in vitro полисахаридтерінің, тірі ағзада емес, түтікшедегі жасанды ортада вирусқа қарсы қалай әрекет ететінін бағалады.

Тәжірибе үшін сульфатталған полисахаридтердің бес түрі таңдап алынды: фукоиданның екі түрі, стандартты бейфракциялы гепарин, төменгі молекулалы гепарин және «ауыр гепарин». Осы тізімнен Saccharina japonica құба балдырларынан тек фукоиндандар ғана бөлінді. Бұл заттың антикоагулянтты әрекеті гепариннің тиімділігімен бірдей, бірақ әрекет ету механизмі әртүрлі. Гепарин (егер зертханалық жағдайда синтезделмесе) ірі қара мал мен шошқа ішегінің шырышты қабатынан алынады

Жұмыстың негізгі қорытындысы: зерттелген заттардың вирусқа қарсы қабілеті бар екені расталды және COVID-19-бен күресте гепарин емес фукоидандардың тиімділігі жоғары екенін дәлелденді. Сонымен қатар, сынақтан өткен полисахаридтердің ешқайсысы жоғары концентрацияда да улы емес болып шықты.

Айта кеткен жөн, зерттеушілер фукоидан мен гепариннің вирусқа қарсы тиімділігін COVID-19-ды емдеу хаттамасындағы вирусқа қарсы препараттармен салыстыруды мақсат тұтқан жоқ. Авторлар тек COVID-19-бен күресте жағдайы ауыр науқастарға қабылдауға мақұлданған вирусқа қарсы Ремдесивир препаратына қарағанда фукоидандардың бірі (RPI-27) күшті екенін атаған.

Жұмыс негізінде зерттеушілер алдымен адамның эпителий жасушаларының бастапқы өсінділерінде фукоидандар мен гепариннің вирусқа қарсы қасиеттерін зерттеп, содан кейін коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге қолдануды ұсынады.

Балдырды тағамға қосып пайдалану COVID-19-ға қарсы көмектесе ме?

Көмектеспейтін тәрізді. Зерттеу мәтініне назар салсақ, аталған полисахаридтерді клиникалық тәжірибеде пайдаланудың перспективалық тәсілі мұрын спрейі және/немесе мөлшерлік ингалятор болуы мүмкін. Оған қоса, авторлар тамырлардың басқа да тағамдық полисахаридтерінен бөлінген фукоидандарды ауыз арқылы пайдалану қауіпсіз екенін жазған.

Гепарин және COVID-19

Қазіргі күні гепарин вирусқа қарсы препарат емес, антикоагулянт ретінде коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасына кіреді (қосымша дәрі-дәрмек тізімін көріңіз).

COVID-19 диагностикасы мен емдеудің қазақстандық клиникалық хаттамасы гепаринді жағдайы нашар науқастардың антикоагулянттық терапия шеңберінде стационар жағдайында ғана пайдалануы керек деп ұйғарған. Препараттың емдік дозаларын Денсаулық сақтау министрлігі науқаста терең тамыр тромбозы немесе өкпе артериясының тромбоэмболиясы расталған жағдайда ғана тағайындауды ұсынады.

Сонымен қатар, COVID-19-дың ауыр түріне шалдыққан науқастардың гепаринді профилактика ретінде қолдануы тиімді екені қазірге дейін дәлелденбеген. Ғалымдар тромбопрофилактикаға қарамастан, науқастарда тромболитикалық асқынулардың жиі болғанын анықтады.

Ресей мамандары гепариннің профилактикалық мөлшері «70% жағдайда жақсы көмектеседі» деп мәлімдеді. Оған қоса COVID-19-бен ауырған науқастардың жартысының (әсіресе бүйрек жұмысы нашарлаған адамдар) препаратты қабылдағаннан кейін қаны ұйып, соның салдарынан қан құйылуы мүмкін. Сәуірде Қытай ғалымдары гепаринді қабылдау кейбір жағдайларда индукцияланған гепарин тромбоцитопенияның туындауына байланысты өлім ықтималдығын арттырғанын байқады. Тромбоциттердің шамадан тыс жиналуы тамырлардың бітелуіне, нәтижесінде артериялық және веноздық тромбозға әкеледі.

Бұл мәліметтер жоғарыда аты аталған антикоагулянтты дәрігердің бақылауынсыз үйде қабылдау өте қауіпті екенін дәлелдейді!

Балдыр мен адам денсаулығы

Жоғарыдағы зерттеу авторлары пайдаланған теңіз орамжапырақ балдырларының адам денсаулығы үшін пайдасы дәлелденіп қойған. Бастысы, олардың құрамында қалқанша безінің қалыпты жұмыс істеуіне көмектесетін йод пен тирозин бар. Сонымен қатар, балдырларда дәрумендер мен минералдар, антиоксидант пен өзек көп. Сондай-ақ, балдырлар құрамындағы кейбір полисахаридтер «пайдалы» ішек бактерияларының өсуіне және қысқа тізбекті май қышқылдарының пайда болуына ықпал етеді — олар өз кезегінде ішек жасушаларын қалыпта ұстайды және қуаттайды.

Дегенмен, балдырларға келгенде абай болу керек: олардың құрамында йодтың мөлшері шамадан тыс көп болуы мүмкін (яғни, өте қауіпті), сонымен қатар олар кадмий, сынап және қорғасын сынды ауыр металдарды жинайды. Қалқанша безін зақымдап алмас үшін және металдардан уланып қалудан сақтану үшін балдырды аз мөлшерде пайдалануға тырысыңыз және мүмкіндігіңіз болса, органикалық  теңіз орамжапырағын пайдаланыңыз.

* 1 г кептірілген Комбу балдырында (Saccharina japonica дегеннің өзі) 2523 мкг йод болады. Ересек адамға тұтынуға болатын йодтың ең жоғары мөлшері – 1100 мкг, ал диетологтар ұсынған норма күніне – 150 мкг.

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук