Манипуляция | Кейбір елдер COVID-19-ды анықтауға арналған тесттерге 2018 жылы тапсырыс берген

Әлеуметтік желіде «COVID-19-ды анықтайтын тесттерге кейбір елдер сонау 2018 жылы тапсырыс берген» деген ақпарат тарап жатыр. Ақпарат World Integrated Trade Solutions (WITS), яғни Дүниежүзілік банктің халықаралық сауда деректерін бақылай алатын сауда-саттық бағдарламасына сілтеме жасайды. Мәлімдеме авторларының сөзінше, бұл қазір болып жатқан пандемияның алдын ала жоспарланғанына дәлел.

Манипуляция | Кейбір елдер COVID-19-ды анықтауға арналған тесттерге 2018 жылы тапсырыс берген
Instagram-да тарап жатқан ақпараттың скриншоты

Сайттың суретінене назар салсақ, расымен, өнімдер сипаттамасының жанынан 2018 жыл дегенді көруге болады. Осыған орай көп адамда сұрақ туындай бастаған. Сол себепті де Factcheck.kz бұл істің рас-өтірігін анықтауға шешім қабылдады.

Үкім: Манипуляция

Жоқ, бұл суреттер өтірік емес, яғни мұндай кестелер, расымен, бар. Алайда бұл келесі нәрсеге байланысты: пандемияға дейін болған және қолданылған, сондай-ақ пандемия кезінде ерекше мәнге ие болған диагностикаға арналған медициналық құралдардың және басқа да керек-жарақтардың (тесттер, маскалар, дезинфекциялаушы құралдар, ИВЛ аппараттары) атауына 2020 жылы «COVID-19» сөзі қосылып жазылған. Сондықтан бұл «коронавирус 2018 жылы да болған» деген конспирологиялық теорияның пайда болуына себеп болған. Алайда адамдарды шатастырмау үшін біраз уақыттан кейін сайт жаңартылды.

Айта кетейік, бұл ақпарат былтыр тамыз-қыркүйек айларында ағылшын тілді пайдаланушылар арасында тараған еді және оны Дүниежүзілік банк пен әртүрлі БАҚ (AFP, AAP, Health Feedback сияқты) жоққа шығарды. Дегенмен аталмыш жалған мәлімдеме, міне, қазнетке де жетті.

Толығырақ тоқталайық

2020 жылғы 8 қыркүйекте, яғни ақпарат әлеуметтік желіде және 4chan имиджбордында тарай бастаған кезде Дүниежүзілік банк WITS сайтына қатысты жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасады.

«COVID-19 эпидемиясы басталғанға дейін көптеген жыл бойы WITS дерекқорындағы адам денсаулығына қатысты өнімдер техникалық атаумен белгіленген еді. Мысалы, медициналық тесттер үшін пайдаланылатын өнімдер деректер базасында келесідей жазылатын: «Реагенттер; оралған диагностикалық немесе зертханалық реагенттер немесе №3002 немесе 3006 тауар позициясында көрсетілгеннен басқа, оралған немесе оралмаған дайындалған диагностикалық немесе зертханалық реагенттер». 2020 жылғы қаңтарда COVID-19 тест жиынтықтары жасалған кезде, кеден қызметкерлері оларды сол ескі атауымен жіктеген», делінген хабарламада.

2020 жылғы наурызда COVID-19 диагностикасы мен еміне арналған заттардың маңызы артқанын ескеріп, ДДСҰ мен Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) бақылауды жеңілдету үшін COVID-19-ға қажетті негізгі заттардың тізімін жариялады. Тізімге бұрыннан бар медициналық керек-жарақтар, соның ішінде ИВЛ аппараттары мен қолды дезинфекциялаушы құралдар кірді. Сондай-ақ тауарларға «COVID-19 тестілеу жиынтығы» сияқты техникалық емес (яғни түсінуге жеңілдетілген) атаулар берілді.

«Дәл сондай себеппен, яғни тауарларға қатысты бақылауды жеңілдету үшін WITS тобы ДКҰ тізімін (ДДСҰ/ДКҰ-ның жаңа атауларымен бірге) қолдана отырып, арнайы мәліметтер базасын жасады. Ондағы мақсат – COVID-ке қатысты негізгі медициналық жабдықтар туралы ақпаратты бір жерге жинау», делінген хабарламада.

Мысалы, әлеуметтік желіде тараған кестеден көруге болатын 902780 коды, ДКҰ-ға дерекқорына сәйкес, «In Vitro диагностикасы үшін клиникалық зертханаларда қолданылатын құрал». Ал тағы бір тараған ақпаратта көрсетілген 382200 және 300215 кодтары «ПТР-тест негізіндегі диагностикалық реагенттеріне» және «иммунологиялық реакцияға негізделген диагностикалық реагенттерге» сәйкес келеді.

Манипуляция | Кейбір елдер COVID-19-ды анықтауға арналған тесттерге 2018 жылы тапсырыс берген
ДКО құжатындағы кестенің скриншоты

Пайдаланушылар кестедегі деректерді дұрыс түсінбегендіктен, WITS сайтындағы атаулар 2020 жылғы қыркүйекте жаңартылды. Енді бұрын «COVID-19 тест жиынтығы» деп аталған заттар «медициналық тест жиынтықтары» деп аталатын COVID-19 арнайы бөлімінде орналастырылған. Дүниежүзілік Банктің хабарлауынша, осыған ұқсас түзетулер сайттың басқа бөлімдерінде де енгізілген. Дегенмен негізгі мәліметтер базасы коронавирус пандемиясына дейін болған өзінің техникалық сипаттамалары мен атауларын сақтап қалған.

WITS сайтындағы ескі (сол жақта) және жаңартылған (оң жақта) атаулар

Осылайша деректерді іздеуді жеңілдетуге бағытталған жұмыс қастандық теориясының пайда болуына әкелді. Осындай жағдай кезінде АБО (Ауруларды бақылау орталығы) құжатында да болған еді, біз ол туралы да егжей-тегжейлі жаздық.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz