Құжаттама: Галина Червонская — ТМД-дағы антиваксер қозғалыс апостолы

2022 жылдың ақпан айының соңғы аптасында әлемде 10 млн адам коронавирус жұқтырып, салдарынан 60 мыңнан астам тұрғын қайтыс болды. Қазіргі уақытта әлем бойынша «омикрон» нұсқасына шалдыққандар көш бастап тұр. Британ ғалымдарының мәліметі бойынша, осы нұсқаны жұқтырған адамдардың үштен екісі бұрын коронавируспен ауырып шыққандар. Тағы бір зерттеушілер тобы вакцина алмаған адамдар орташа есеп бойынша әр 16 ай сайын COVID-19 жұқтырып отыруы мүмкін екенін анықтады.

Сол аралықта посткеңестік кеңістікте коронавируспен бірнеше рет ауыру мүмкін емес екенін, себебі инфекциядан соң адамдарда өмір бойына жететін иммунитет қалыптасатынын айтып жүрген «вирусолог-дәрігер» бар. Вакцинаға қарсы шығушы ретінде бүкіл ТМД-ға танымал Галина Червонскаяны тіпті Ресейдің ең оқырманы көп медиаларына сарапшы ретінде шақырады. Оқырмандарымыздың өтініші бойынша біз Червонская ханымның қысқаша құжаттамасын жинап, оның ондаған жылдан бері айтып келе жатқан негізгі мәлімдемелерін талдадық.

Галина Червонская туралы не білуіміз керек?

  • Червонскаяның (тұрмысқа шыққандағы тегі – Советова) медициналық білімі мен дәрігер ретінде ешқандай тәжірибесі жоқ. Ол 1970 жылы биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. Жұмыс жасушалардағы созылмалы вирустық инфекцияны зерттеуге арналды. Червонскаяның докторлық диссертацияны қорғағаны туралы сенімді дерек жоқ. Оның ғылыми институттағы бұрынғы әріптесі, профессор, вирусолог Виктор Зуев оның қабілеті туралы былай дейді: «Онда қандай да бір машық бар, бірақ оның вакцина бойынша маман екеніне сенімді емеспін. Гамалеяда ол жасуша мәдениетін зерттеумен айналысты, мен одан жасуша алғанмын».
Құжаттама: Галина Червонская — ТМД-дағы антиваксер қозғалыс апостолы
  • Europe PMC ғылыми жариялымдардың ашық репозиторийінен «Sovetova GP» және «Chervonskaya GP» деп іздеп, 1966-1986 жылдар аралығында жарияланған 22 ғылыми мақала таптық. Мақалаларға назар салсақ, Червонская 20 жыл бойы жасуша мәдениетіндегі түрлі вирустарды (және АКДС екпесін) зерттеумен айналысқан тәрізді. Дегенмен вирусологтың вакцинаның адам ағзасына қалай әсер ететінін анықтайтын зерттеулерге қатысқаны туралы құжат түріндегі дәлел жоқ. Сондай-ақ 1986 жылдан кейін ғылыми мақала жазған-жазбағаны белгісіз.
  • 1988 жылдың қыркүйегінде негізгі кеңестік газеттердің бірі – «Комсомольская правда»-да балалар екпесінің зияны болуы мүмкін екені туралы алғашқы мақала жарияланды. Осы авторлық мәтіннен кейін жұрт Галина Червонская туралы біле бастады. Ол мәтінде АКДС вакцинасының құрамында мертиолят болғандықтан улы екенін дәлелдеу үшін 12 жылдан бері аттамаған табалдырығы қалмаған адам ретінде бейнеленеді.

Анықтама: Мертиолят (немесе тимеросал, немесе тиомерсал) — тазалықты сақтау үшін кейбір вакциналарда консервант ретінде қолданылатын сынапты органикалық антисептик (этилртуть). Кейінгі 15 жыл ішінде жиналған ғылыми деректер вакциналардағы бұл консерванттың ешқандай зияны жоқ екенін көрсетті. Түрлі бағалаулар бойынша, антисептиктің ағзадан толық шығарылу кезеңі – 4-18 күн аралығы.

  • 90-жылдары Червонская белсенді түрде баспасөз бетіне шығып тұрды – оның мақалалары «Назависимая газета», «Медицинская газета», бірнеше рет «Аргументы и факты» беттерінде жарық көрді. Ресейлік ғалымдар мен дәрігерлердің бір бөлігі 90-жылдардың алғашқы жартысында дифтериямен ауырғандар саны артып, өлім жағдайы көбейгеніне осы мақалалар әсер етті деп есептейді. Червонскаяның өзі эпидемияны вакцина жақтастары ойлап тауып, Кеңес Одағы аумағында аурудың маусымдық өсуін маған «жапқысы» келді дейді [Сол кезеңдерде Қазақстанда да дифтериямен ауырғандар көбейді, бірақ иммунолог Борис Каральник Vласти-ге берген сұхбатында оны Ресейден вакцина жеткізу тоқтатылғандықтан деп түсіндірді].
Құжаттама: Галина Червонская — ТМД-дағы антиваксер қозғалыс апостолы
Дереккөз
  • Червонская ресейлік үш заңның жасалуына қатысты: «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы заң негіздері» (1993), «Дәрілік заттар туралы» (1998), «Инфекциялық аурулардың иммунопрофилактикасы туралы» (1998). Кейінгісі вакцинаны міндеттейтін кеңес тәжірибесін жойды – жаңа федералды заң бойынша азаматтар профилактикалық екпелерден бас тартуға құқылы болды.
  • Червонскаяның ғылыми қызметі аудиториясымен вакцинация туралы әңгімелескенде өзінің православтық сенімін алға тартуға кедергі емес. Оның айтуынша, Жаратушыға шынайы сенген кезде ата-анада балаға «шексіз көмек көрсете беруге» деген қажеттілік болмайды. Орыс православ шіркеуі мұндай риториканы құптамайды: 2009 жылы Орыс православ шіркеуінің ресми басылымы Червонская айналысып жүрген екпеге қарсы үгіт-насихатты сынға алды (оның 2006 жылғы Марфо-Мариинск шіркеуіндегі тақырыптық семинарын атап өтті).
  • 2002 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Червонскаяның «екпеге қарсы» 5 кітабы жарық көрді, оның біреуі («Екпе күнтізбесі – ХХ ғасырдағы медицина қателігі: вакцинология негіздері» («Календарь прививок — ошибка медицины века: основы вакцинологии») екі рет қайта басылды. 2016 жылы қайта басып шығарумен айналысқан «Волшебный ребенок» басылымы Червонскаяның авторлығымен жаңа кітаптар сериясын таныстырды – «Вакцинадан кейінгі асқынулар анықтамасы» («Справочник поствакцинальных осложнений»). Бірінші жинақ туберкулезге қарсы вакцинадан кейінгі асқынуларға  арналған [«Волшебный ребенок» — босануға дайындық, жүктілерге арналған фитнес, сәбилерге арналған жүзу сынды қызметтер ұсынатын Мәскеудегі отбасы орталығы].
  • БАҚ-тағы көптеген деректерге сүйенсек, Червонская жас ата-аналарға «бүкіл ел ішінде» балаларды вакцинациялау туралы семинарлар өткізген, оның ішінде ақылы түрлері де бар. Мәселен, «Волшебный ребенок» Червонскаяның екі интернет-семинарын 1400 рубльге сатқан. Медицина ғылымдарының кандидаты, эпидемиолог-дәрігер Дмитрий Лопушов та вирусологтың бір «сеансы» дәл сондай бағада екенін атап өткен. Оның айтуынша, ол «осы лекциялар арқылы күнкөріс қамын жасайды». 2016 жылы «Такие дела» Червонскаяның телефон арқылы кеңес беретінін жазды.
  • 2020 жылдың қарашасында Червонская «Құрметті академик ӨТІРІК АЙТТЫ» анти-премиясын алды. Ол жалған ғылым мен оны таныту жолындағы жетістікке беріледі. «Ғылыми терминологияны жақсы біле отырып, жас ата-аналарды вакцинация жасатпауға көндіреді», – деп сипаттады жыл жеңімпазын премия ұйымдастырушылары (ресейлік ғылыми-танымдық АНТРОПОГЕНЕЗ.РУ жобасы).
Құжаттама: Галина Червонская — ТМД-дағы антиваксер қозғалыс апостолы
  • Червонскаяның көпшілікке танылған образының маңызды бөлігі – оны «екпеге қарсы шығушы» деп атағандарға келіспеуі. Оның ұстанымын төрт тезиспен сипаттауға болады: жаңа туған нәрестелер мен әлжуаз балаларға вакцина болмайды; баланың денсаулығын сақтау тәжірибесінде тірі вакциналарға орын жоқ; диагностикасыз екпе жасау – профанация; табиғаттың бәріне араласып екпе жасауға болмайды;

Червонскаяның негізгі мәлімдемелерін талдау

Мәлімдеме: Балаларды эпидемия келген сәтте ғана вакциналау қажет

Үкім: Жалған

Эпидемия болмай тұрып тарап кеткен вакцинаға деген кертартпа пікірлердің төтенше жағдай кезінде маңызы өте зор. Оған, әсіресе, COVID-19 пандемиясы уағында куә болдық. Ол жоспарлы иммундау қызметіне кері әсер етіп, вакцинамен қамту дәрежесінің төмен болуына әкеп соқты. Қазақстан пандемия кезінде жоспарлы иммундаумен қамту дәрежесінің айтарлықтай төмендегенін (≥ 5%) ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросына хабарлаған мемлекеттердің бірі. Кейінгі 60 жылдағы тәжірибе дәл осы жоспарлы вакцинацияның тиімді екенін дәлелдеді.

«Балаларды вакцинамен жоғары дәрежеде қамтымаған елдердің бірден бірнеше ауру түріне шалдығу қаупі жоғары», – делінген бюро хабарламасында. «Балалар қызылша, полиомиелит және менингит сынды өте ауыр, бірақ алдын алуға болатын аурулардың алдында қорғансыз», – деп атап өтті 2021 жылдың жазында ДДСҰ Бас директоры, дәрігер Тедрос Адханом Гебрейесус.

Бұл инфекцияларға сезімтал адамдар тұрғындар арасында жетерлік, ал оның  санын одан сайын арттыра отырып мемлекет бүкіл қоғамды қорғап отырған ұжымдық иммунитетті жоғалтып, аурудың таралып кету мүмкіндігін жоғарылатады. Қызылша, әдетте, балаларды вакцинациямен қамту төмендеген кезде қайта айналып келетін алғашқы ауру. Қызылша мен оның статистикасы туралы толығырақ мына мақаладан оқи аласыз.

Мәлімдеме: Перзентханадағы вакцинацияның арқасында біз туберкулезді таратамыз

Үкім: Жалған

Құрамында тірі әлсіз вакцина штамы болғанына қарамастан туберкулезді БЦЖ екпесі арқылы жұқтыру мүмкін емес. Сондай-ақ, инъекциялық тірі вакциналар (БЦЖ осыған жатады) кез келген иммундық дәрежесі бар адамдар үшін де қауіпті емес. Екпе алған адамдарда туберкулезге тән,  туберкулезге қарсы препараттармен емделетін жағдай өте сирек кездеседі. Осындай статистика Червонскаяның мәлімдемелерін толығымен жоққа шығарады.

«Кейде ағза әлсіреген кезде немесе иммундық жүйе дұрыс жұмыс істемесе бактериялар бақылаудан шығып, дәрігердің көмегін қажет ететін жанама әсер тудыруы мүмкін», – деп жазады «Биомолекула». Сонымен қатар, БЦЖ-дан кейін жағымсыз салдар туындауына көбіне вакцинаны енгізу тәсілінің бұзылуы себеп болады.

Ресми мәліметтер бойынша, 2020 жылы Қазақстанда перзентханада вакцинациядан кейін асқыну пайда болған нәрестелер үлесі 0,027%-дан асқан жоқ. Вакцинаға қарсы шығушылардың көбі БЦЖ-дан кейін «сүйектердің туберкулезі» (БЦЖ-остит) туындауы мүмкін екеніне назар аударады. Әлемдік бағалаулар бойынша, остит жиілігі – миллион екпе алған балаға 1,7-72,9 шамасында.

Жалпы Қазақстанда кейінгі 20 жылда (осы жылдары нәрестелердің бәрі перзентханада БЦЖ алды) туберкулезбен ауырғандар саны 4 есеге азайды: 10 мың тұрғынға шаққанда 155,7-ден 35,7 адамға дейін.

Құжаттама: Галина Червонская — ТМД-дағы антиваксер қозғалыс апостолы
Дереккөз

Мәлімдеме: Көкжөтел, дифтерия және сіреспеден қорғау үшін салынатын АКДС вакцинасының 16 қарсы көрсетілімі бар. Қандай да бір дәрілік препараттың 16 қарсы көрсетілімі бар болса оны жалпыға қолдануға бола ма?

Үкім: Жалған

АКбДС вакцинасының жалпы қарсы көрсетілімдері одан үш есе аз (аспиринді айтпаған күннің өзінде ибупрофенмен салыстырғанда аз):

  1. Вакцинаның компоненттеріне аса сезімталдық немесе бұған дейін дифтерия, көкжөтел немесе сіреспе вакциналарын алғаннан кейін аса сезімталдық белгілері болған болса;
  2. Бұрын көкжөтел вакцинасын енгізгеннен кейін жеті күн ішінде анамнезде этиологиясы белгісіз энцефалопатия белгілері байқалса;
  3. Дифтерия-сіреспе вакцинасын бұған дейін алған кезде белгілі өтпелі тромбоцитопения немесе неврологиялық бұзылулар (конвульсиялар, гипотония ұстамалары және реактивтіліктің төмендеуі) байқалса;
  4. Жедел жұқпалы аурулар;
  5. Дене қызуының 37 ºС жоғары көтерілуі.

Маңызды: Екпеге қарсы көрсетілімнің болуы денсаулыққа қауіпті деген сөз емес (!). Профилактикалық вакцинацияны медициналық  кейінге шегеруге негіз болатын жағдайлар екпенің қауіпсіздігіне де, тиімділігіне де еш әсер етпейді. Олардың қарсы көрсетілімдер тізімінде болу себебі – оның белгілері мен салдары вакцинаның салдары деп қате қабылдануы мүмкін.

Мәлімдеме: Бірдей бала жоқ, сол себепті вакцинаның бір дозасы бәріне бірдей әсер ете алмайды.

Үкім: Манипуляция

Вакциналар шынында бәріне бірдей әсер етпейді (екпе алғандарда 100% ұзақмерзімді иммунитет қалыптастыру мүмкін емес. Кейбір балалардың иммундық жүйесі әлі жетілмегендіктен иммунитет түзіліп үлгермейді немесе қысқамерзімді иммунитет түзілуі мүмкін. Дегенмен көп жағдайда екпенің тиімділігі жоғары екені байқалады:

  • Құрамында АКДС бар екпенің 3 дозалық алғашқы сериясын алғаннан кейін балалардың 94-100%-да дифтерияға қарсы қорғаныс түзіледі;
  • 12 айдан асқан балаға салынған қызылшаға қарсы вакцинаның бір дозасының тиімділігі – 92,5%;
  • Дамушы елдерде полиомиелитке қарсы ішуге арналған үшвалентті вакцинаның үш дозасын алған балаларда 73%, 90% және 70% сәйкесінше 1, 2 және 3 типті полиовирусқа қарсы антидене пайда болған;
  • 9 айдан асқан балаларға вакцинаның бір дозасын енгізгеннен кейін-ақ қызамыққа қарсы 95-100% антидене түзіледі;
  • Туа сала вакцина жасалатын болса өкпе туберкулезінен қорғаныс БЦЖ алғандардың 59%-ында (кейбір бағалаулар бойынша 82%-ында) түзіледі.

Бұл жағдайда балаларға екпе жасаудың мағынасы жоқ деген пікір жоққа шығып тұр. Керісінше, осы топтарды қорғау үшін вакцинация ауқымын кеңейту керек екенін дәлелдейді.

Мәлімдеме: Жастардың көбі бала туа алмай жүр! Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келіп, жинақталған екпенің

Үкім: Жалған

Вакцинацияның бедеулікке қатысы бар екенін әзірге ешқандай зерттеу дәлелдеген жоқ.

Бұл тақырыпқа қатысты мифтерді ғалымдар мен журналистер бірнеше рет талдаған: вакцина құрамындағы сынап адамның репродуктивті жүйесіне әсер етуге қабілетсіз; вакцинада қолданылатын тұмауға қарсы Полисорбат 80 мен Октоксинол 10 бедеулікке әкеп соқтырмайды; АПВ (адам папиломма вирусы) бедеулікті туындатпайды; COVID-19 қарсы вакцинация бедеулікке әсер етпейді.

Сондай-ақ шошқа тұмауына қарсы екпе жігіттерде (аурудың өзіне қарағанда) бедеулікті туындатпайды, вакцина құрамындағы адъюванттар репродуктивті қабілетке қауіп төндірмейді.

Кейде кездесетін сәтсіз жүктіліктің көпшілігі (60% жуығы, ал 7-9 аптаға дейінгі жүктіліктің алғашқы кезеңдерін де алатын болсақ пайыз одан да жоғары болады) генетикалық бұзылыс салдарынан болады. Акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Ольга Белоконь «Я – женщина» кітабында атап өткендей, ол әйел немесе ер адамда ауру-сырқау немесе жайсыз жағдайдың болумен байланысты емес, әдетте, ол кездейсоқ болады.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz