Коронавирус қауіпі 8 есе артты ма?

19 ақпанда Stan.kz сайты “Ғалымдар коронавирустың қауіпі сегіз есе артқанын мәлімдеді” деген материал жариялады. Мақалада ғалымдар “коронавирустың британиялық, оңтүстік-африкалық және бразиялық штаммдары патогеннің қауіпін 8 есе арттырғанын растады” дейді. Сайт eLife журналына сілтеген. Оқырманның өтініші бойынша, Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шын екенін тексерді.

Үкім: Шындық және манипуляция

11 ақпанда eLife ғылыми журналында “Spike D614G мутациясы SARS-CoV-2 инфекциясы адамның кей жасушаларына тез жұғады” деген зерттеу нәтижесі шыққаны рас. eLife журналының хирша индексі бойынша көрсеткіші орта деңгейде (20 журналдың ішінде 10-тұр).

Бірақ мақалада вирустың тура мағынадағы қауіпі емес, тез жұғатындығы туралы жазылған. Оның үстіне, әңгіме коронавирустың былтырғы мутациясы турасында. Зерттеудің өзі алғаш рет тұрақты оқырманымызға жақсы таныс bioRxiv препринт зерттеулерге арналған журналында 2020 жылы 7 шілдеде жарияланған. Stan.kz-тің материалы манипуляция болуының тағы бір себебі, eLife журналына гиперсілтеме қойылмаған.

Зерттеуде не айтылған еді?

Бұл зерттеуде ғалымдар адамның өкпесі, бауыры мен тоқ ішегінің жасушаларына D614G мутациясы бар вирусты енгізген. Одан бөлек, коронавирустың мутацияға дейінгі нұсқасын да салыстырмалы түрде дәл осы жасуша түрлеріне салған.

Олар D614G нұсқасы вирустың трансдукциясын немесе трансмиссиясын алғашқы вирусқа қарағанда сегіз есеге дейін арттырғанын анықтаған. Зерттеушілер сонымен қатар мутация вирустың басқа ақуыздарының бөлінуіне төзімді болатынын түсінген.

Авторлардың айтуынша, G614 вирустың тез таралуына әсер ететіні туралы ортақ келісімге қарамастан, бұл COVID-19 ауруының клиникалық өршуіне әсер ете ме, жоқ па, әлі белгісіз.

Біз алғаш рет осы зерттеуді жүргізгеннен кейінгі бірнеше ай ішінде D614G мутациясы маңыздылығы арта түсті: мутация барлық дерлік жерге тарады… Мутацияның тез таралатынын дәлелдеу вирустың өткен жылы неге жылдам жайлағанын ішінара түсіндіруге көмектеседі.

Невилл Санжана, зерттеу авторларының бірі

Мутация мен вакцина туралы бірер сөз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жазуынша, SARS-CoV-2-нің генінде D614G-ге алмасуы 2020 жылдың қаңтарының соңы мен ақпанның басында пайда болды. Бірнеше айдың ішінде D614G мутациясы коронавирустың алғашқы штаммын алмастырды да, 2020 жылдың шілдесінде әлемге тараған вирустың доминант формасына айналды.

D614G тез жұғатынына қарамастан, коронавирустың ауыр түріне душар етпейді және қазір қолда бар лабораториялы-диагностикалық, терапиялық вакцина немесе профлактикалық іс-әрекеттің тиімділігіне ықпалы жоқ.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz