Қазақстандағы өлім-жітімнің артуы – 5 жылдық деректерді талдау

Коронавирус пандемиясына және қайтыс болғандарды тіркеу нюанстарына байланысты 2020 жылы әлемнің көптеген елінде Статистикалық бюроға сұрақтар артты . Пандемияның елге әсерін анығырақ көруге көмектесетін параметрлердің бірі – артық өлім-жітім. Біз сіздер үшін 2020 жылы Қазақстандағы артық өлімді көрсететін инфографика дайындадық.

2020 жылы Қазақстанда өлім-жітім артуы

1) өлім-жітім деңгейі   2) 2016-2019 жылдардағы өлім-жітімнің орташа деңгейі және 2020 жылғы нақты өлім-жітім деңгейі

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы • Аслан Сейіт

Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, Қазақстанда өлім деңгейі 2016 жылдан бастап 20%-ке өсті. Биылғы көрсеткіштерді алдыңғы 4 жылдағы статистикамен салыстырғанда 26 948 адам өлімін артық деп санауға болады.

Мәліметтер бойынша, 2020 жылдың 10 айында қайтыс болғандар саны 137 142 адам болды, оны 2019 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 25 417 адам көп. 100 000 адамға шаққандағы өлім коэффициенті – 728 адам. 2016 жылдан 2019 жылға дейінгі өлім 100 000 азаматқа шаққанда орта есеппен 600 болған еді. 2020 жылғы өлім деңгейі 2019 жылғы мәліметтермен салыстырғанда 18,5%-ке және 5 жылда рекордтық 20%-ке өсті.

Қазан айының соңында коронавирус инфекциясы мен пневмония 111 100 адамнан анықталды, ресми мәлімет бойынша, осы кезеңде коронавирустан 1 844 адам, пневмониядан 399 адам қайтыс болды (пневмония туралы мәліметтер тек 1 тамыздан бастап есепке алынды). Биылғы жылдың 10 айындағы мәлімет бойынша, тек коронавирус пен пневмониядан болған өлім-жітім коэффициенті 100 000 азаматқа шаққанда 11,9 өлімге тең болды, бұл мәліметтерге басқа вирус және жұқпалы респиратор ауруларынан болатын өлім статистикасы кірмейді. Коронавирус пен пневмониядан өлгендердің барлығы елдегі өлімнің жалпы санының 1,6%-іне тең.

Салыстыру үшін айтайық, 2016 жылы тұмау, өткір респираторлық вирус инфекциясы мен пневмониядан өлгендер 100 000 тұрғынға шаққанда 21,4 адамға, 2017 жылы 20,5 адамға, 2018 жылы 19,8, 2019 жылы 22,6 адамға тең болды.

Аймақ бойынша өлім саны барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада өсті. Барлық 14 облыста, Алматыда, Шымкентте және елордада өлім-жітім көрсеткіші кейінгі 5 жылда ең жоғары болғанын айтып өткен жөн. Биыл қайтыс болғандардың үштен бірінен көбі Алматы, Қарағанды ​​және Шығыс Қазақстан облыстарында тұрды.

Қазақстандағы жалпы өлім деңгейі 2013 жылы төмендей бастады (жылына 140 000 адамнан аз). 2010-2013 жылдар аралығында өлімнің жылдық коэффициенті 143 000-нан асқан.

Әдістеме:

ДДСҰ мәліметі бойынша өлім-жітімнің уақытша өсуі (артық өлім), әдетте, ауа райының күрт өзгеруі, аурулардың өршуі (пандемия) немесе соғыс қимылдары сияқты сыртқы факторлардан туындайды. 2020 жылы артық өлімді есептеу үшін Factcheck.kz авторлары кейінгі 5 жылдағы өлімнің орташа коэффициентін алып, оны 2020 жылғы өлім-жітіммен салыстырды. Анықталған айырмашылық артық өлім ретінде анықталды. Материалды дайындау үшін 2016, 2017, 2018, 2019 және 2020 жылдардағы статистика мәліметтері қолданылды.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz