Гамбияда балалар жөтел шәрбатынан қайтыс болғаны рас па?

Желіде «Гамбияда 70-ке жуық бала жөтелге қарсы шәрбаттан қайтыс болды» деген хабар тарады. Ақпаратты бірнеше қазақстандық сайт та жариялады (мында, мында және мында).

Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz деректің рас-өтірігін тексерді.

Дереккөз: kazpress

Гамбияда 70-ке жуық бала жөтел шәрбатынан қайтыс болды. Үндістан билігі Гамбиядағы 69 баланың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатқан фармацевтикалық фабрика өндірісін тоқтатты. ДДСҰ бұған дейін олардың жедел бүйрек жетіспеушілігінен қайтыс болуын Maiden Pharma шығарған жөтел сироптарымен байланыстырды. Оған улы заттардың, диэтиленгликоль мен этиленгликольдің жоғарылауы себеп болған.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Шындық

5 қазанда ДДСҰ бас директоры бүйрек жетіспеушілігі себеп болған 66 баланың өлімі үнділік фармация фабрикасы өндірген дженерик шәрбаттармен байланысты болуы мүмкін екенін хабарлады. Ұйым «Африка аймағында анықталған сапасыз өнімге» қатысты ескерту жариялады. 12 қазанда Гамбия үкіметі тағы 4 баланың қайтыс болғанын жазып, барлығы 70 бала дженериктен көз жұмғанын мәлімдеді.

ДДСҰ дерегінше, Maiden Pharmaceuticals Limited (Харьяна, Үндістан) өндірген дженерик — «Kofexmalin», «Makoff Baby», «Magrip N Cold», «Promethazine Oral Solution» жөтелге қарсы шәрбаттарынан аса көп мөлшерде диэтиленгликоль мен этиленгликоль қосындылары табылған. Олардан улану симптомына іштің ауыруы, құсу, диарея, зәр шығару қабілетсіздігі, бас ауруы, психикадағы өзгеріс және өлімге әкелетін жедел бүйректің жетіспеушілігі жатады.

Ұйымның жазуынша, бұл өндіруші ДДСҰ-ға аталған дженерик өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты кепілдік бермеген.

«Әлем дәріханасы» ретінде танымал Үндістан Африкаға дженерик дәрінің 45%-ін жеткізеді.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Шындыққа жақын

Үндістан Сауда және Индустрия министрлігінің 2020-2021 жылғы ел экономикасына қатысты баяндамасына сай, Үндістан Африка құрлығына дженерик препараттардың 50%-ін жеткізеді. Елдің СІМ дерегінше, пандемия кезінде 150 елге, соның ішінде Африканың 35 еліне дәрі-дәрмек жеткізген. Министр сөз барысында Үндістанды «әлем дәріханасы» деп атай бастағаны туралы айтқан.

Контекст

Дженерик дәрілер — патенттелген препараттың баламасы. Оның құрамында түпнұсқа брендті өнімдердегі белсенді ингредиенттер бар, ал күші мен дозасы түпнұсқамен бірдей мөлшерде болады.

Гүлнұр Бітіс