Фейк | Халықаралық ұйымдар президенттерді сатып алып, адамдарды улап жатыр

UPD 26.07.2020: оқырмандардың көмегімен Александр Лукашенко Италия сценарийі жайында айтқан видео табылды және оны талдау материалға қосылды.

Әлеуметтік желілерде 23.00-ден кейін улы заттарды шашатыны және үш қазақстандықты сойған кезде өкпелерінде вирустың орнында қышқыл зат болды, бұл химиялық улану мен өкпенің күйгенін дәлелдейді деген хабарлама тарап жатыр. Оған қоса, тараған хабарламада халықаралық ұйымдар Беларусь мемлекеті мен Мадагаскар президенттерін сатып алуға тырысып, орнына «итальялық сценарий» немесе халықты улауды ұсынды делінген.

Фейк | Халықаралық ұйымдар президенттерді сатып алып, адамдарды улап жатыр
Хабарламаның толық мәтіні

Үкім: Фейк

Түнде тұрғындарға хабар бермей ешқандай улы зат шашылмайды. Қоғамдық орындарды қалай дезинфекциялайтыны туралы барлық мәлімет ашық әрі қолжетімді. Лукашенко өзіне «итальялық сценарийді» ұсынып, сатып алмақ болғанын айтып жатқан ешқандай видео да жоқ. Ал Мадагаскар президенті туралы фейктің пайда болғанына екі айдан асты.

Соған қарамастан, қауіпсіздік талаптарын сақтамаса натрий гипохлориті (подъездерге шашылатын зат) шынында тыныс алуда қиындық тудырып, тіпті адам уланып қалуы мүмкін. Бірақ дала мен желдетіліп тұратын ғимаратта улану мүмкін емес. Натрий гипохлориті туралы толығырақ төменнен оқыңыз.

Толығырақ…

Хабарламадағы барлық мәлімет ойға қонымсыз. Автор Қазақстанның қай қаласын айтып тұрғаны түсініксіз. Қазақстанда Атырау облысынан басқа өңірлерде 23.00-ден кейін жүріп-тұруға тыйым салынбаған. Жақында желіде Астанадағы тыйым салу туралы ақпарат пайда болған еді, бірақ артынша оны Астана әкімдігінің баспасөз қызметі жоққа шығарды. Жалпы осы жерде хабарламаның барлық логикасы бұзылады. Бірақ біз басқа пікірлерді тексермей қоймаймыз.

Өліктерді сойып, олардан қышқыл табылғаны туралы мәліметке ешқандай сілтеме жасалмаған және дәлел жоқ. Ашық дереккөзден осыған ұқсас мәлімет таппадық. Сол себепті бұл ақпаратты не өсек-аяңға немесе автордың қиялына жатқызамыз. Оған қоса автордың қандай улы зат шашатынын айтпақ болғаны да белгісіз. Бір нәрсені түсінуіміз керек, мәйіттерден анықталды деген химиялық улы зат немесе өкпені химиялық күйік шалуы үшін адам «улайтын зат» шашылған жерде немесе химиялық зауыттағы өрт ортасында ұзақ уақыт болуы керек.

Қоғамдық орындарды санитариялық тазалау процесін талдайық, өйткені оған қатысты тұрғындардың сұрағы көп. Карантин кезінде дезинфекцияны түнде жасау міндетті емес. Әдетте бұл күндіз болады. Оған көз жеткізу үшін Астана әкімдігінің Instagram парақшасындағы видеоларды шолып шығу жеткілікті.

Астана қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметі бойынша, дезинфекция жасау үшін танымал дезинфектант – натрий гиппохлориді (NaOCl)  пайдаланылады. Еуропа ауруларды бақылау және алдын алу орталығы дезинфекция мақсатында натрий гиппохлоритінің 0,05 — 0,5% контрацепциясын пайдалануды ұсынған. Мұндай контрацепциядағы химиялық зат адамдар үшін де, жануарлар үшін де қауіпсіз деп есептеледі. Дегенмен, әсіресе, аллергиясы бар адамдардың химиялық зат шашылған ауамен тыныстаудан және оның тері мен шырышты қабатқа түсуінен сақтанғаны жөн.

Натрий гиппохлориті деген не?

Натрий гиппохлориті – жаңа немесе бізге белгісіз зат емес. Бұл зат медицинада антисептик ретінде қолданылады. Сонымен қатар ол «Domestos» және «Белизна» (көбірек мөлшерде – авт.) секілді тұрмыстық заттардың құрамында болады. Оған қоса, ол суқұбырларын залалсыздандыруда, бассейндердегі суды тазартуда, еден жуу мен ауруханаларды тазалауда және т.б. жиі пайдаланылады. Зат бірқатар бактерия, вирус пен саңырауқұлақтарды өлтіріп, тез жойылып кетеді.

Енді қарапайым логикаға сүйенейік: «белгісіз улы затты» түнде шашты делік. Ештеңеден күманданбаған адамдар таңертең далаға шығып, уланады, тіпті улы зат өкпеге жетіп, күйдіріп жібереді. Бұл ауадағы заттың концентрациясы өте жоғары деген сөз. Олай болса, жұмысқа бара жатқан, жүгіруге шыққан, дүкенге немесе басқа шаруаларымен кетіп бара жатқандардың барлығы улануы керек. Солай бола ма? Жауапты біліп отырсыз деп ойлаймыз.

Соған қарамастан, натрий гиппохлориті қоспасының иісі жағымсыз, ал аэрозольді тікелей жұту жағымсыз жайттарға әкеп соғуы және\немесе аллергиясы барлардың тамағын тітіркендіруі мүмкін. Бірақ оның қазір пайдаланылып жүрген концентрациясынан улану мүмкін емес, ол үшін ерітінді концентрациясын 20-200 есеге (!) арттыру керек. Оның өзінде антисептикпен тазалайтындар үшін қауіпті.

Фейк | Халықаралық ұйымдар президенттерді сатып алып, адамдарды улап жатыр
Қызығушылық танытқандарға осы туралы толығырақ жеткізген Хабрдағы Сергей Бесарабтың мақаласын оқуға кеңес береміз. Ерінбеңіз, автор көп жұмыс істеген, біз оны тексердік және ұсына аламыз.

Есте сақтаған жөн – егер техника қауіпсіздік ережелері бұзылған болса, яғни ерітіндінің концентрациясы жоғары немесе подъезге шашатыны туралы ескертілмесе, ал сізде улану белгілері болса – дереу дәрігерге барыңыз, себебі бұл тыныс алуды қиындатуы мүмкін.

Улану белгілері: тамақтың жыбырлауы, көздің жасаурауы – бұл жағдайларда жуынып, бөлмені желдетіп, сүт ішкен дұрыс. Бірақ сізде қалшылдатқан жөтел пайда болса, кеуде тұсыңыз ауырса, тамақ пен жұтқыншағыңыз ашып тұрса – қауіпсіздік ережесі бұзылған болуы мүмкін, дереу дәрігерге жүгіну қажет (сонымен қатар әкімдікке қауіпсіздік техникасы бұзылғанына шағымдансаңыз болады).

Сосын, «қайтыс болғандардың өкпесінде қышқыл табылуы» үшін (тұз қышқылы айтылған болуы керек) адам ағзасы хлормен немесе оның туындыларымен өнеркәсіптік немесе жауынгерлік уланған болуы керек. Яғни дезинфектанттың концентрациясы мен көлемі мүлде сәйкес келмейді.

Президенттерге арналған «қызықты» ұсыныс туралы

Біз Лукашенконың өзіне Дүниежүзілік банк «итальялық сценарий» үшін 94 млн доллар ұсынғаны туралы айтқан видеосын ұзақ іздедік, бірақ таппадық. Дүниежүзілік банк пен Беларусь мемлекетінің өзара байланысы туралы кейінгі жаңалықтарда Дүниежүзілік банктің елге COVID-19-бен күресу үшін 90 млн еуро бөлгені немесе Дүниежүзілік банк Беларусь еліндегі жоғары білім беру жүйесін модернизациялауды қолдау жобасына 100 млн еуро көлемінде қарыз белгілегені туралы айтылған.

Бірақ Александр Лукашенконың Гродненская облысына барған жұмыс сапары кезінде айтқан қызықты мәлімдемесі бар. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Беларусь елінің коронавируспен күрес тәсіліне қызыққаны сонша, 90 млн доллардың орнына 300 млн ұсынып, тәжірибе алмасуды сұраған. Бұған жауап ретінде Дүниежүзілік банк өкілі Алекс Кремер ұйымның Беларуське қаржы бөлетінін, бірақ ел COVID-19-бен күресте қашықтық сақтау туралы ДДСҰ қағидаларын ұстану керек екенін хабарлады.

Айта кетсек, «итальялық сценарий» деген термин пандемия кезінде Италиядағы коронавирус жағдайының бірден нашарлап кеткенін сипаттау үшін пайда болды. Италия Еуропаға пандемияға келген сәттен бастап аз уақыт ішінде науқастанғандар саны мен қайтыс болғандар саны бойынша «көш бастады». Елде бір күнде 800-900 адамға дейін көз жұмып жатты. Термин халықаралық аренада айналымға еніп, COVID-19 жағдайының күрделенуін  сипаттайтын болды.

ДДСҰ Мадагаскар президентіне 20 млн доллар ұсынғаны туралы әңгімеге келер болсақ, бұл пікірді біздің Africacheck ұйымындағы әріптестеріміз тексерген болатын. Олардың мәліметі бойынша, мұндай әңгіме желіде мамырдың ортасында тарай бастаған. Бұл туралы жазған ресурстардың барлығы ел президенті Андри Радзуэлинаның France 24 француздық жаңалықтар агенттігіне берген сұхбатына сілтеме жасаған. Сұхбатты мұқият тексерген әріптестеріміз президенттің мұндай мәліметті айтпағанын анықтаған. Біз оны растаймыз.

26.07.2020 күні ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ: оқырмандарымыздың көмегімен Александр Лукашенконың «италиялық сценарий» туралы айтып жатқан видеосын таптық.

Лукашенконың айтқаны: Беларусь еліне жылдам қаржыландыру бойынша 940 млн доллар ұсыну мүмкіндігі туралы мәлімдеме жасалды. Біз ешкімнің айтқанына көніп, айдағанымен жүрмейміз. Кейін олардың талаптары пайда болады: сіздер, Беларусь мемлекетінде коронавируспен күресу үшін Италиядағыдай тәсілді қолданыңыздар дейді. Мен мұны қаламаймын. Біздің өз мемлекетіміз бар, жағдайымыз басқаша. Ары қарай да коронавируспен күресті қазіргідей аяқтасақ деймін. Қазір Әлемдік банк коронавируспен күрес тәсілімізге он есе көп қаржы ұсынуға дайын. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігінен тәжірибе алмасуды сұраған. Ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) бізге «оқшауланыңдар, карантин, комменданттық сағат енгізіңдер» деген талап қойып жатыр. Бұл не деген ақымақтық?

Александр Лукашенко

Беларусь президентінің «Италиядағыдай жасаңдар» деген сөзінен сол елдегідей коронавируспен күрес тәсілін енгізу туралы айтқанын түсінуге болады. Соңында ол Беларусь еліне қандай талаптар қойылғанын өзі де түсіндірген: оқшаулау, карантин және комменданттық сағат.

Лукашенкоға «италиялық сцеранийді» қайталау үшін ақша ұсынды деген пікір – Беларусь президентінің сөзін қатты бұрмалау. Немесе пікір авторы президент сөзін дұрыс түсінбеген («италиялық сценарий» терминінің анықтамасын жоғарыдан оқи аласыз). Лукашенко тарап кеткен хабарламада айтылғандай 94 млн доллар мен Дүниежүзілік банк туралы емес, 940 млн доллар мен ХВҚ туралы айтып отыр. Оған қоса, ХВҚ мұндай несиені ұсынған жоқ. Беларусь жедел қаржыландыру бағдарламасы аясында өздері жүгінген. Бірақ келісе алмады.

Сонымен қатар, шын мәнінде Дүниежүзілік банк Беларусь еліне тәжірибе алмасу үшін қаржы ұсынбаған. Бұл туралы мақалада жаздық. Сол себепті, басқа да популист-саясаткерлер секілді Лукашенконың сөзіне де мұқият мән беру керек.

Қорытынды:

  • Хабарлама химиялық процестерді дұрыс түсінбеуден және шылғи өтіріктен құралған әдеттегі конспирологиялық фейк.
  • Улайтын заттарды шашу және Беларусь мемлекеті мен Мадагаскар президенттерін сатып алу амалы туралы пікір – жалған.
  • Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі түнде балалар үшін қауіпті зат шашады деген фейк хабарламаны жоққа шығарған болатын.
  • Бұл фейкті, химтрейлдер туралы фейк секілді екпеге қарсы шығушылар мен конспирологтар таратып жатыр.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz