Фактчек | Жөтел жүрек талмасынан құтқара ма?

«Өтініш, 2 минутқа үзіліс жасап, оқыңыз!!! Елестетіп көріңізші, сағат кешкі 19.15, сіз үйге (әрине, жалғыз) өте ауыр жұмыс күнінен кейін қайтып келесіз. Сіз шаршағансыз және ренжулісіз…», – жүрек ұстамасы туралы әңгіме сонау 1999 жылы Интернетте пайда болып, содан әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Дұрыс жөтел» туралы мамандар да, басқалары да кеңінен талқылады, бұл оқиға айналасында көптеген аңыздар пайда болды. Біз фактілер мен мифтерді зерттеп көреміз.

Өз-өзіңе көмектесуге бола ма?

Жүрек ұстамасы кезінде өз-өзіңе алғашқы көмекті жылдам көрсету туралы хабарламаларды көптеген адамдар айқын шындық ретінде қабылдайды. Бір қарағанда, сипаттамасы, расымен, өте шынайы естіледі:

«Сіздің кенеттен кеудеңіз қатты ауыра бастайды, кейін оның әсерінен ауру қолыңызға және жағыңызға көтеріледі. Сіздің үйіңізге ең жақын аурухана 5 шақырым жерде орналасқан.

Өкінішке қарай, сіз оған жете аласыз ба, жоқ па білмейсіз. Сіз алғашқы көмек көрсету және жүрекке тікелей емес массаж жасау курстарынан өткенсіз, бірақ курсты өткізген мұғалім оны өзіңе қалай жасау керектігін үйретпеді.

Алайда мұндай жағдайға тап болған адам өз-өзіне көмектесе алады. Ол үшін көп әрі бар күшіңмен жөтелу қажет. Әрбір жөтелер алдында терең тыныс алу да маңызды. Жөтел өкпеден қақырық шығарғандай терең және ұзақ болуы керек. Осы айтылғанды алғашқы көмек немесе жүрек соғысы қайта қалпына келгенге дейін үзіліссіз, әрбір 2 секунд сайын қайталап тұру қажет.

Терең дем алу өкпеге оттегіні жеткізеді, ал жөтел қимылдары жүректі қысып, қан айналымына әсер етеді. Жүрекке түскен қысым әдеттегі ырғақты қалпына келтіруге көмектеседі. Осылайша, жүрек ұстамасына шалдыққандар ауруханаға жете алады».

Фактчек | Жөтел жүрек талмасынан құтқара ма?

Бір нұсқада қайталанатын осы мәтінге сілтемелерді түрлі ақпарат көздерінен кездестіруге болады. Мысалы, «Комсомольская правда» газеті спам хабардың мәліметтерін негізге ала отырып, «Жүрек ұстамасы кезінде өмірді дәрі-дәрмексіз құтқарудың үш ережесі» деген инфографикасы бар мақала жариялады.

Сондай-ақ Мәскеу халықаралық колледжінің сайтында «Алғашқы көмек көрсету дағдылары» бөлімінде де осы спамның мәтінін табуға болады.

Бірақ бұл мәлімдеме қаншалықты ғылыми?

Түпнұсқа: барлығы әлдеқайда жеңіл

«Жүрек ұстамасы кезінде алғашқы көмек көрсетудің жылдам тәсілін іздеу барысында дәрігерлер оның әлдеқайда оңай шешімін тапқан. Кеуде тұсы қатты ауырған адам жедел жәрдем дәрігерлері келгенге дейін бірнеше рет «дұрыс жөтелуі» керек», – деп жазады профессор Тадеуш Петеленцтің (1925 жылы туған) 2003 жылдың қыркүйегіндегі зерттеуі туралы Вести.ru.

Еуропалық кардиологиялық ұйымның жыл сайынғы жиналысында Польша профессоры жүрек тоқтау қаупі жоғары 115 науқасты «дұрыс жөтелу әдісі» бойынша сынап көргенін айтты. Ол адамдарды ұстаманың алғашқы белгілері пайда болған кезде белсенді жөтелуге үйреткен. Осылайша 365 жағдайдың 292-інде барлық симптомдар жоғалған, тек 73 жағдайда науқасқа медициналық көмек қажет болған.

Алайда, профессор Петеленцтің әріптестері оның зерттеуіне күмәнмен қарайды. Басқа кардиологтардың пікірінше, бұл тұжырымдама өте батыл және дәлелденбеген. Мамандар «дұрыс жөтел әдісінің» практикалық құндылығына күмән келтірді.

Стокгольмдегі Каролина институтының кардиология профессоры және жүрек соғу аномалиялары бойынша сарапшы, доктор Мартен Розенквисттің сөзінше, Петеленц емделушілерінде ұстама болған кезде, расымен, аритмия болғаны туралы ешқандай дәлелдер ұсынбаған.

Фактчек | Жөтел жүрек талмасынан құтқара ма?

Жүрек ұстамасынан жалғыз қалған кезде қалай аман қалуға болады

Содан бері ЖӨР (жүрек-өкпе реанимациясы) жөтелі туралы баспасөз беттерінде қандай да бір ғылыми зерттеулер шықпады, алайда көптеген теріске шығару мәлімдемелері пайда болды. «Жүрек ұстамасынан жалғыз қалған кезде қалай аман қалуға болады» деген спамның авторлары ретінде Рочестер ауруханасы айтылады, алайда олар бұл тараған хабарға еш қатысы жоқ екенін айтқан (теріске шығарған мәтінмен мына, мына, мына және мына жерден танысуға болады).

Тіпті АҚШ-тың кардиологиялық қауымдастығы бұл әдісті медициналық бақылау болмаған жағдайда қолдануға кеңес бермейді.

«Мұндай әдістерді біз тәжірибеде қолданбаймыз. Жүрек ұстамасынан аман қалудың кілті — тиісті медициналық көмек алу», – дейді Алматы қалалық кардиологиялық орталығының III кардиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Шынар Тінәлиева. – Жүрек ұстамасы жағдайында тез арада «жедел жәрдем» шақырған жөн, тілдің астына қан тамырларын кеңейтетін нитроглицерин салып, қанды сұйылтатын кәдімгі аспиринді шайнау керек. Бұл препараттарды тез қабылдауға байланысты аман қалу мүмкіндігі көбейеді. Спрей түріндегі нитроглицеринді қолдануға болады — бұл Нитроминт аэрозолі немесе Изокет Спрейі. Жөтел кезінде жүрек белсенді жұмыс істей бастайды, сондықтан жүрек ұстамасы кезінде қатты жөтелуге болмайды».

Басқаша айтқанда, жағдайды дұрыс бағалай алатын дәрігерсіз ритмикалық жөтел – кеуде тұсы қатты ауырып тұрған адам үшін өте қауіпті.

Factcheck.kz