Фактчек | Юлия Меньшова Батыстағы транс-адамдардың құқығы туралы рас айтты ма?

6 қарашада ресейлік тележүргізуші Юлия Меньшова YouTube арнасында «Секс-стратегия: адам әлде жануар? Жаңа «нормаларды» қалай енгізу керек?» деген видео жариялады. ЛГБТК+ тақырыбына арналған роликте Меньшова Еуропадағы трансгендерлік терапия туралы заңдарға шолу жасаған. Кейін бұл үзінді TikTok пен Instagram желілерінде кең тарап кетті. 

Factcheck.kz редакциясы видео үзіндідегі деректерді тексеріп көрді. 

Мәлімдеме: Бір ғана Швецияда жыл сайын екі мыңнан астам адам жынысын өзгертуге өтінім қалдырады. 

Ю. Меньшова

Үкім: Дәлелденбеген

Редакциямыз бұл деректі растайтын немесе терістейтін статистика таба алған жоқ. Жыныс ауыстыру туралы өтінімдерге қатысты 2014 жылы жарияланған ең кейінгі зерттеу 1960-2010 жылдардағы деректерді қамтиды. Елу жыл ішінде құжатта және медициналық жолмен жынысын өзгертуге 767 адам өтінім берген. Бүгінгі таңда Швеция халқының 3%-іне жуығы өзін трансгендер немесе бинарлы емес адам ретінде сипаттайды. Қазіргі заң хирургиялық операция мен жыныс ауыстыруға тек 18 жасқа толғандарға рұқсат береді.

Мәлімдеме: Испанияда гендерлік өзанықтама туралы заң бойынша, ұзақ күтудің қажеті жоқ. Үш айда 16 жастан асқан кез келген испан 20 мың еуроға қаласа әйел, қаласа еркек бола алады. Я психологтардың, я дәрігерлердің анықтамалары қажет емес. 

Ю. Меньшова

Үкім: Манипуляция

«16 жастан асқан кез келген испан […] мамандардың анықтамасын қажет етпей, қаласа әйел, қаласа ер адам бола алатын гендерлік өзанықтама туралы заң» испан үкіметінде әлі талқыланып жатыр және ол гормонды терапия немесе хирургиялық жолмен жынысын өзгерту емес, ресми құжаттардағы жыныс деректеріне қатысты. Парламенттің қарауына берілген заң жобасы бойынша 14 жастан асқан азаматтар «жынысы» деген жердегі деректерді қалауы бойынша медициналық дәлелсіз және терапиясыз қалауына қарай өзгерте алады. 16 жасқа толмаған өтінім берушілер ата-анасы мен қамқоршысының рұқсатын алуы керек. Ал қазіргі заң бойынша, ресми құжаттардағы жынысын өзгерту үшін кез келген жастағы трансгендер гендерлік дисфория туралы медициналық анықтама көрсетіп, дене бітімін қалаған гендеріне сәйкестендіру үшін екі жылдық терапиядан өтуі керек. 

Трансгендердік процесске қажет 20 мың еуро туралы ақпарат таба алмадық. Бәлкім, кейбір емханаларда сондай баға болуы мүмкін, бірақ жынысын ауыстыру терапиясын алғысы келетін адамдарға Испанияда тегін немесе субсидияланған нұсқалар да бар. Аудан мен жеке бас табысына қарай сақтандыру полистері емдеу ақысының 60-100%-ін өтейді  (17 ауданның 13-інде). Құжаттағы жынысын өзгертуге келсек, мемлекеттік салықтың ондаған еуродан асуы мүмкін екеніне күмәніміз бар. Мысалы, мерзімі өткен жеке куәлікті ауыстыру €10,60 тұрады. 

Мәлімдеме: Норвегияда балалар алты жасқа толған соң ата-анасының рұқсатынсыз жынысын ауыстыра алады. Гормонды терапия тегін беріледі. 

Ю. Меньшова 


Үкім: Манипуляция 

Мәселе тағы да құжаттардағы жынысын өзгерту туралы болып отыр. 2016 жылы маусымда Норвегияда Испанияда қабылданғалы жатқан жобаға ұқсайтын заң күшіне енген: балалар 6 жастан бастап құжаттарында қандай жыныс белгіленетінін шеше алады және олардан медициналық анықтама, консультация немесе терапия талап етілмейді. 6-16 жас аралығында құжаттардағы жынысын өзгерту үшін өтініш берерде ата-анасының рұқсаты болуы керек. Олар рұқсат бермесе де, комиссия мәселені қарастырып, баланың мүддесін ескере отырып шешім қабылдайды. 

Норвегиядағы транс-адамдардың гормонды терапиясы мәселесіне келсек, ол шартты түрде ғана тегін және оны алу оңай емес. Мемлекеттік сақтандыру бойынша пациенттерді қабылдайтын жалғыз клиника – Ослодағы Ұлттық аурухана жанындағы Гендерлік сәйкессіздікдерді емдеу жөніндегі ұлттық қызмет. Онда диагноз қою үшін тексерістен өтіп, консультация алу үшін 6 айдан 2 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Гормонды препараттарға рецепт алу үшін трансгендер адамдарға Helfo —Норвегия денсаулық сақтау экономикасы әкімшілігіне жүгініп, анализ тапсырып, рецепт алу керек. Өтінімді қабылдауға екі айға дейін уақыт кетеді. Шарттың бәрі сәтті орындалғанда, диагноз қойылған және терапия бастаған адамдар «көк рецепт» бойынша гормон ала алады. Олар препарат құнының тек 39%-ін төлейді. Пациент бір күнтізбелік жылда медикаментке 2 921 норвег кронынан көп ақша жұмсаған жағдайда ғана препараттар тегін беріледі. 

Мәлімдеме: Данияда балаларды 10 жастан бастап жынысын ауыстыруға рұқсат беруге шақырып жатыр.

Ю. Меньшова

Үкім: Манипуляция

Бұл жағдайда да құжаттардағы жынысты өзгерту мәселесін ғана айтуға болады. Ал туғаннан бастап гендерлік өзанықтамаға рұқсат беретін заң жобасын Дания билігі әлі қарастырып жатыр. Заң қабылданған жағдайда, 0-15 жастағы балалар ресми құжаттардағы жынысын өзгертуі үшін ата-анасының рұқсатын қоса ұсынуы керек болады. 

Қазір заң бойынша құжаттардағы жынысты тек 18 жастан асқанда өзгертуге болады. Өтінім бергеннен оны растағанға дейін «ойлануға» уақыт беріледі. Күту уақыты — 6 ай

Мәлімдеме: Калифорнияда гормонды терапияға 12 жасқа толғандарға рұқсат етіледі. Аты-аналардың рұқсаты қажет емес. 

Ю. Меньшова 

Үкім: Жалған

Калифорния штатының заңына сәйкес, 18 жасқа толмағандарға жасалатын кез келген медициналық процедураға ата-анасының рұқсаты керек. Бұл жыныс ауыстырудың барлық сатысын, жыныстық өзгерісті тоқтатудан гормонды терапия мен хирургиялық операцияларға дейін қамтиды. 

Мәлімдеме: Канадада баласының гомосексуал және трансгендерлік әрекетіне қарсы шыққан ата-ананы түрме жазасына кескісі келеді. 

Ю. Меньшова

Үкім: Шындық

2022 жылғы 7 қаңтарда Канадада «Репаративті терапияға тыйым салу туралы заң» күшіне енді. Онда адамның сексуал ориентациясын немесе гендерлік даралығын өзгерту әрекетіне қылмыстық жаза қарастырылған. 

Заңда мына әрекеттерге бағытталған тәжірибе, терапия немесе қызметтерге тыйым салынған: 

  • Адамның сексуал ориентациясын гетеронормативтіге өзгерту; 
  • Гендерлік даралықты цисгендерліге ауыстыру;
  • Адамның сырт келбеті мен әрекетін туған кездегі жынысына сай қылып өзгерту;
  • Дүниеге келген кездегі жынысына сай емес әрекетін, гетеросексуал емес жағдайларды басуға тырысу. 

Бұл талаптарды бұзған жағдайда, мысалы, репаративті терапияны немесе одан материалды пайда табуды насихаттағаны үшін екі жылға дейін, репаративті терапияны қолданған жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 5 000 канада доллары көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 

Мұндай заңдар АҚШ-тың жиырма штатында, Франция, Германия, Албания, Үндістан, Эквадорда және Мальтада бар. 

Мәлімдеме: Ұлыбританияда [трансгендерлік өзгерістерге берілген] жас шектеуін бұрынғыдай 10 жас емес, одан да көтергісі келеді.  

Ю. Меньшова

Үкім: Жартылай шындық

Ұлыбританиядағы заңдарда трансгендерлік өзгерістерді неше жастан жасауға болатыны көрсетілмеген. Денсаулық сақтау ұлттық қызметі гормонды терапияны жыныстық жетілуді тоқтату көмегімен пубертат басталған соң және «гендерлік дисфория» диагнозы қойылған соң жасауды ұсынады. Жыныс гормондарымен терапия жүргізу он алты жастан асқан соң және жыныстық жетілу блокаторын ішкеннен кейін он екі айдан соң тағайындалуы керек. Он алты жасқа дейінгі балаларға кез келген медициналық процедураны (сирек жағдайларда болмаса)жасау үшін ата-анасының рұқсаты қажет. 

Трансгендерлік өзгеріс жасағалы жатқан балалар үшін терапия жасын арттыру емес, оларды емдеу және препараттар тағайындау амалдарын өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Ұлыбританиядағы гендерлік терапия жөніндегі танымал мекемелердің бірі — Tavistock [12] клиникаларына бірнеше шағым түсіп, сот процесі өткен соң елдің медициналық қауымдастығы трансгендер балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету тәсілдерін өзгерту керек деген шешім қабылдады. 2022 жылғы 20 қазанда Денсаулық сақтау ұлттық қызметі гендерлік дисфориясы бар кәмелет жасына толмаған пациенттермен жұмыс істеу нұсқаулығын шығарды. Құжат гормондар тағайындаудан қашқақтауды, оның орнына психологиялық терапияға және психикалық денсаулық туралы ақпараттандыруға назар аударуды ұсынады. Егер гормонды терапия қажет болса, ол хаттамаларға сәйкес және мамандардың қатаң бақылауымен жүргізілуі керек, ол ересек кезде де жалғаса береді. Сонымен қатар нұсқаулық әлеуметтік гендерлік өзгеріске (есімін, киімі мен шаш үлгісін гендерлік кімдігі бойынша өзгерту) кеңес бермейді. Әлеуметтік өзгеріс басталғанда, жасөспірімдерден келісім алу ұсынылады. 

Мәлімет: Дамыған елдерде мемлекеттік сақтандыру бойынша балаларға сот үкімімен химиялық кастрация кезінде қолданылатын гормонды препараттарды зорлап ішкізеді.

Ю. Меньшова


Үкім: Манипуляция

Жыныстық жетілуді тоқтату үшін және химиялық кастрация үшін расымен де бір препараттар қолданылады. Бұл — гонадотропин рилизинг-гормон аналогтары. Алайда бұл препараттар балалардың ерте жыныстық жетілуінің алдын алу үшін, қуық асты безінің қатерлі ісігі, сүт безі обыры, эндометриозды, жатыр миомасын емдеу үшін және ЭКО хаттамаларын орындау кезінде де қолданылады. Көптеген препарат тікелей жазалау кастрациясы үшін жасалмағандықтан, «сот үкімімен химиялық кастрация үшін» жыныстық жетілу блокаторлары қолданылады деу дұрысырақ болар еді.  

«Зорлап ішкізеді» деген сөз де балалар мен жасөспірімдерге жыныстық жетілу блокаторларын тағайындауды сипаттауға сай келмейді, себебі дәрігерлер гормонды күштеп береді дегенді меңзейді. Еуропа, АҚШ, Канадада кез келген медициналық манипуляция пациенттің және/немесе оның ата-анасының рұқсатымен жасалады. 

Мәлімдеме: Ана жерде де, мына жерде де педофилияны гетеросексуалдық секілді табиғи сексуал ориентация деген идея айтылып жатыр. Германияда жыл сайынғы TED конференциясында Вюрцбург университетінің өкілі Мирьям Гейне педофилдерді сыйлауға шақырды. 

Ю. Меньшова

Үкім: Манипуляция 

Вюрцбург университетінің студенті Мирьям Гейне расымен 2018 жылғы 5 мамырда сөз сөйлеген. Ісшара TED аясында өткен, бірақ қордың жыл сайынғы конференциясы емес, Вюрцбург университеті ұйымдастырған тәуелсіз форум болған. Мирьям Гейненің баяндамасы «Педофил туралы ойымызды неге өзгерту керек» деп аталады және оның мазмұны педофилдік бұзылысы бар адамдарды стигмалау және оларды азғындарға теңестіру терапияға қолжетімділікті қиындатады және, нәтижесінде, балаларға қатысты сексуалды қылмыстардың қаупін арттырады деген идеяға саяды. «Педофилдерді сыйлауға» шақыра отырып Гейне балаларға жасалатын зорлықты қолдауды насихаттамаған немесе мұны қалыпты нәрсе демеген. Ауруды стигмадан арылту — әрекетті қылмыс емес деп ақтап алу емес. 

Өз сөзінде Мирьям Гейне балаларға жасалған зорлыққа жол бермеу керек деп есептейтінін ашып айтқан, бірақ сонда да баспасөз құралдары спикер педофилияны сексуал ориентацияға жатқызды деп хабар таратқан

Бір айтарым: балаларға жасалған зорлыққа жол бермеу керек екеніне күмән жоқ. Бірақ балаларға зорлық жасамаған педофил жаман нәрсе істеп жатқан жоқ. […] Зерттеулерге сәйкес, педофилия — өзгертуге келмейтін сексуал ориентация, мысалы, гетеросексуалдылық секілді. Адамдар өз таңдауымен педофил болмайды, бірақ олар сондай болуын доғара да алмайды. Педофилия мен басқа сексуал ориентацияның жалғыз айырмашылығы бұл әуесқойлықты еркіне қоя берудің соңы трагедияға алып келеді. 

Психиатр Миранда Гилбреттің педофилдік бұзылыстарды стигмадан арылту туралы видеосына фактчек жасағанда осыған ұқсас жағдайды қарастырғанбыз.

Мәлімдеме: […] психологиялық көмектің орнына пациент […] ұрпақсыз қалу мүмкіндігін алады […]  

Ю. Меньшова 

Үкім: Жартылай шындық

Жоғарыда айтқанымыздай, психологиялық қолдау мен терапия — трансгендерлік өзгерістің бұлжымас шарты. Ұрпақ сүю мүмкіндігіне келетін болсақ, дәрігерлер репродуктивті мәселені пациенттердің бәрімен толық талқылауға міндетті, әсіресе, аналық без бен аталық ұрық безін алып тастау операциясы жоспарланса бұл маңызды. Қалған жағдайлардың бәрінде процесс белсіздікке алып келмейді. Бұл жерде Қазақстанды қоса алғанда біршама елде трансгендерлік өзгерістің міндетті шарты болатын міндетті стерилдеу ғана бұл тізімге енбеуі мүмкін. 

Кез келген жағдайда трансгендер адамға жыныс ауыстырмас бұрын аналық жасушасын немесе спермасын тоңазыту ұсынылады. Репродуктивті органдарын сақтап қалған транс-ерлер жүктілік кезінде немесе оған дейін тестостерон ішуді доғарса, жүкті болуы мүмкін. Гормонды жағдайды өзгерту үшін бірнеше айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Зерттеулер тестостеронды қабылдау ұрықтың, болашақ баланың денсаулығына әсер етпейтінін көрсетті. Жыныстық жетілу блокаторлары да фертильділікке әсер етпейді, бірақ жүкті болу үшін немесе ұрықтандыру үшін трансгендер адамдар блокаторларды ішуін доғарып, жыныс жүйесіне толық дамуға мүмкіндік беруі керек.

Мәлімдеме: […] Көбіне пациентте басқа гендерге өтуге байланысты күйзеліс қалады, тіпті, тереңдей түседі […] 

Ю. Меньшова

Үкім: Жартылай шындық

Гендердік даралық пен биологиялық жыныс арасындағы сәйкессіздіктен болған күйзеліс —гендерлік дисфорияның негізгі симптомдарының бірі. Көптеген зерттеу [1, 2, 34] гендерлік конформды емес жеткіншектердің цисгендерлі қатарластарына қарағанда күйзеліске жиі ұшырайтынын, суицид туралы ойы болатынын, суицидке бейім келетінін дәлелдеді. Басқа ғылыми еңбектер әлеуметтік немесе физикалық жағынан гендерді өзгерту кезінде балалар мен жасөспірімдерді қолдау күйзеліс деңгейін орта статистикалық көрсеткішке дейін төмендететінін көрсетті. Гендерлі конформды емес балалар мен жасөспірімдерге көмектесу үшін негізгі ұсыныс күйзелісті гендерлік дисфория туғызғанына, оның басқа факторлардан пайда болмағанына көз жеткізу үшін психологиялық тексеріс және психотерапия өту. 

Терапияның транс адамдардың психологиялық жағдайына әсері туралы зерттеулер әртүрлі нәтиже көрсетеді. Швецияда 1973-2003 жылдар аралығындағы транс адамдардың өмір сапасының анализі суицид пен суицидке бейімділік орта статистикадан жоғары болғанын, өмір деңгейі төмен болғанын көрсетті. Дегенмен, зерттеушілер мұны 90-жылдары жүргізілген операциялар сапасының төмен болуымен, сонымен қатар алалау, стигмалау және операциядан кейін психологиялық қолдаудың болмауымен түсіндіреді. Корнелл университетінің кең ауқымды мета анализі дұрыс әрі кәсіби терапия кезінде гендерлік өзгерістің кез келген формасы трансгендерлердің өмір сапасын айтарлықтай жақсартатынын көрсетті. Трансгендерлік өзгерістен өткен адамдардың тек 3%-тен 3,8%-і өзінің шешіміне өкінеді, бұл да туыстары мен жақындарының қолдауының болмағанымен, сонымен қатар хирургиялық операцияға көңілі толмағанымен түсіндіріледі. 

Factcheck.kz