Фактчек | “Pfizer нарыққа шықпай тұрып тексерістен өтпеген”

12 қазаннан бері орыс тілінде ақпарат тарататын көптеген сайт (мында, мында және мында) “Pfizer нарыққа шығар алдында вакцинаны сынақтан өткізбеген” деген мәндегі жаңалық таратты.

Орыс тіліндегі сайттар көбіне ағылшын тіліндегі порталдарға сілтейді. Ал олар тарататын ақпарат мәтініне сәйкес, “Еуроодақтың Парламент тыңдауында, Нидерланды парламентінің мүшесі Роб Роос сұрағына жауап берген Pfizer-дің халықаралық даму нарықтары жөніндегі президенті Жанин Смолл Еуропарламенттің COVID-19 консультативтік кеңесінің алдында таңқаларлық мәлімдеме жасаған“.

Factcheck.kz ақпарат қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Pfizer компаниясының халықаралық дамыған нарықтар жөніндегі басшысы Жанин Смолл фармацевтикалық компания препаратты бүкіл әлемге тарата бастаған кезде оның коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинасы вирустың тарауына жол беретінін білмегенін айтты. Ол вакцина тиісті сынақтардан өтпегені туралы Еуроодақ Парламентінің алдында куәлік ету барысында мәлімдеді.

Lenta.ru сайтындағы жаңалықтан үзінді

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, көптеген медиадағы материал тақырыбы (мысалы, Lenta.ru) — кликбейт. Pfizer вакцинасы нарыққа шығар алдында клиникалық сынақтан өтіп, қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең кейін жаңарған дерегіне сай, екпе 6 айлық нәресте және одан жоғары жастағы адамдарды иммунизациялауға қолданса болады. Ұйым тіпті жүкті әйелдерге бұл вакцинаны салдыруға кеңес береді. Екіншіден, компания вакцинаны нарыққа шығармас бұрын оның вирус тарауының алдын алатыны туралы ештеңе айтпаған. Жалпы, “шок контент” таратқан сайттардың претензиясы түсініксіз.

Бәрін біртіндеп түсіндірейік

10 қазанда Еуропарламенттің COVID-19 пандемиясы жөніндегі арнайы комитетімен Pfizer және Curevac өкілдерінің арасында дебат өтті. Pfizer компаниясы атынан Жанин Смолл келген. Кездесу барысында Нидерланды атынан Еуропарламент мүшесі Роб Роос Pfizer компаниясы Covid-19’‎ға қарсы вакцинасын нарыққа шыққанға дейін вирустың тарауының алдын-алатынын тексерді ме деп сұраған. Оған Смолл “Жоқ. Нарықта не болып жатқанын түсіну үшін бізге ғылымның жылдамдығымен қозғалуға тура келді”,-деп жауап берген.

Мұны Роос пен оның жақтастары “мойындау” деп түсінсе керек, бірақ біз тапқан дерекке сәйкес, Pfizer оған дейін вакцинаның клиникалық сынақтар нәтижесінде инфекцияның тарауына әсері туралы айтпаған. Жаңа Англия медицина журналында 2020 жылдың 10 желтоқсанында жарияланған Pfizer зерттеуі вакцинаның вирустың тарауын төмендетудегі тиімділігі туралы деректер болмады.

Ал АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы 2020 жылдың 11 желтоқсанында “қазір вакцинаның қорғанысты қанша уақыт қамтамасыз ететіні белгісіз” деп жазған. Яғни вирустың тарауын тоқтатады деген мәлімдеме болмаған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz