Фактчек | Орамжапырақ коронавирусты жоя ма?

Франциядағы Монпелье университетінің бір топ зерттеушілері коронавирусты “өлтіретін” өнім тапқаны туралы жаңалық БАҚ-та тарап жатыр. Бұл өнім орамжапырақ болып шықты. Ғалымдардың коронавирустан өлгендер көрсеткіші төмен елдерде орамжапырақ түрлері көп тұтынылатынын анықтаған-мыс. Мысал ретінде Германия мен Оңтүстік Корея алынған. Орамжапырақта коронавирустың ауыр ағымын болдырмайтын заттардың бар екені айтылады. Мысалы, ашытылған орамжапырақта ағзаны патогендерден қорғауды күшейтетін антиоксиданттар кездеседі.

Басында жаңалық The Sun британ таблоидына жарияланған, кейін басқа бұқаралық ақпарат құралдары көшірген.

Үкім: Жалған

Мұндай зерттеудің бар екені рас, бірақ бұл зерттеу орамжапырақ коронавирусты “өлтіреді” деген қорытынды жасамайды. Авторлар, бар болғаны, орамжапырақ тұтынуды және коронавирустың өлім-жітімінің төмен мөлшерін қамтитын салауатты тамақтануды байланыстыруға тырысады.

Басқа да көкөністер сияқты орамжапырақ та антиоксиданттарға бай, жалпы, пайдалы өнім, күнделікті рационға қосу ұсынылады. Дегенмен коронавирусты “өлтіретін” қасиеті жоқ. Ал зерттеу ештеңе дәлелдемейді, тек өзара байланысқа назар аударуға және әрі қарай зерттеу жүргізуге шақырады.

Айта кеткен жөн, The Sun түпнұсқада “орамжапырақ коронавирустан қорғауы мүмкін” деуі зерттеу авторларының айтқанына мағыналас, алайда нақты мәнін бермейді.

Зерттеуде не жазылған?

Авторлар Еуропадағы COVID-19 кесірінен өлгендердің айырмашылығына мән берген. Солайша, Германияда өлім-жітім аз, Австриядағы, Чехиядағы, Польшадағы, Словакиядағы, Балтық елдері мен Финляндиядағы көрсеткіш Германиядағыға ұқсас немесе өлім-жітім көрсеткіші азырақ. Ал Бельгияның, Францияның, Италияның, Испания мен Ұлыбританияның көрсеткіштері өте жоғары.

Fig. 1
Еуропадағы миллион адамға шаққандағы COVID-19 кесірінен өлгендер саны (2020 жылдың 17 сәуірі). Франция ауруханада және ауруханадан басқа жақта қайтыс болғандары да қосқан

Ғалымдар COVID-19-ға әсер ететін көптеген маңызды факторға қоса, қоршаған орта немесе диета сияқты аспектілерді де назардан тыс қалдырмау керек екенін айтады. Коронавирус кезінде семіздік пен диабет – қауіпті фактор, демек, бұл тамақтанудың маңызды екенін көрсетеді.

Авторлар шикі немесе ашыған орамжапырақ сияқты антиоксиданты күшті немесе АСЕ ингибирлеуші әсері бар (ACE – ангиотензинді түрлендіретін фермент – Авт.) өнімдерді өлім-жітімі аз Еуропа елдері мен Корея, Тайвань (кимчи) тұтынатынын айтады. Орамжапырақ – Румынияда көп таралған өнім, ал Болгария мен Грекия ACE ингибиторы саналатын қышқыл сүт өнімі көп тұтынады. Бұл үш елде де өлім-жітім көрсеткіші төмен.

Оған қоса, өлім-жітім айырмасын бір елдің ішіндегі жеке аймағынан да байқауға болады. Швейцарияның французша және итальян тілінде сөйлейтіндер тұратын кантондарында өлім-жітім көрсеткіші немісше сөйлейтіндерге қарағанда жоғары. Әдетте дәстүрлі майлы тағаммен тамақтанатын Германияның оңтүстігінде елдің басқа аймақтарына қарағанда өлім-жітім көрсеткіші жоғарырақ.

Fig. 3
Ауру мен өлімнің лабораторияда расталғаны, Швейцариядағы географиялық бөлініс

Авторлар жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, COVID-19 кесірінен қайтыс болу мен диетаның байланысын әрі қарай да зерттеуге шақырады. Авторлар ықтимал байланысты жай ғана болжап отырғанына мән беріңіз. Ғалымдар қандайда бір эксперимент жасамағандықтан бір нәрсені растай да алмайды. Оған қоса, олар медициналық көмек, пандемияға дайындық, халықтың гигиена ережесін сақтау және өзге де факторлардың COVID-19-дың жалғасуы мен оның ауыр кезеңіне, ал қайтыс болғандарды есептеудің әртүрлі әдісі статистикаға әсер ететінін түсінеді. Тамақтану ықтимал факторлардың бірі ғана, ал оның маңызы, ғалымдардың ойынша, зерттелуі керек. Жақсы зерттеу диетаның коронавирусқа әсерін түсіну үшін әлі де бақылау қажет.

Орамжапырақ ше?

Орамжапырақ (оған қоса, кимчи сияқты одан жасалатын өнімдер) табиғи антиоксидант және АСЕ ингибиторы саналады. Бұл қасиеттердің маңызын түсіну үшін антиоксидант не істейтінін, АСЕ-ні не себепті ингибирлеу керек.

Антиоксиданттар

Йел университетінің иммунобиология профессоры Акико Иуасаки BBC-ге берген сұхбатында антиоксиданттар туралы қысқа-нұсқа былай дейді.

Лейкоциттер қабыну реакциясының бір бөлігі ретінде улы оттегі қосылыстарын бөледі. Олардың пішіні екіжүзді семсерге ұқсайды. Бір жағынан, олар бактерия мен вирусты өлтіріп, оларға өзінің көшірмесін жасауға кедергі келтіре алады. Екінші жағынан, олар сау жасушаларды зақымдап, оның салдары қатерлі ісік пен қартаюға апаруы мүмкін және иммун жүйесін әлсіретуі мүмкін.

Мұндай жағдай болмас үшін ағза антиоксиданттарға сүйенеді. Олар осы оттегі қосылыстарын бақылап, біздің жасушалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біз диетадан антиоксиданттар қорын аламыз. Әдетте олар ашық түсті жемістерде, көкөністерде және дәмдеуіштерде кездеседі, өйткені антиоксиданттар көбіне пигменттелген болады.

Акико Иуасаки

Иуасакидің айтуынша, қазір COVID-19-дан емдеуге антиоксидант қоспалары көмектесетін-көмектеспейтінін тексеру үшін клиникалық сынақ жүріп жатыр. «Жалпы, әзірге бірде-бір рецензияланған, плацебо арқылы бақыланатын зерттеу антиоксиданттардың адамдардағы вирус ауруының алдын алатындығын немесе емдей алмайтындығын көрсетпеді», — деді иммунобиолог.

АҚШ-тың Толықтырушы және интегралды медицина жөніндегі ұлттық орталық веб-сайты антиоксиданттар көп, құрамында көкөністері мен жемістері бар диета пайдалы екенін хабарлайды. Зерттеу көкөніс пен жемісті көп жейтін адам жүрек-қантамыр, инсульт, қатерлі ісік пен суқараңғы сияқты кей аурумен аз ауыратынын көрсетті; бірақ бұл нәтижелер көкөністер мен жемістердегі антиоксиданттар санымен, осы өнімдердің өзге де компоненттерімен,  рациондағы өзге де факторлармен немесе өмір сүру салтының басқа түрлерімен қаншалықты байланысаты екені белгісіз. Мысалы, көкөніс пен жемісті көп жейтін адамдар спортпен жиі айналысып, шылымды аз шегуі мүмкін. Мүмкін антиоксиданттар емес, осы факторлар ауруға аз шалдығуды анықтап отырған болар.

Оған қоса, зерттеуде антиоксиданттар аурудың алдын алатыны жөнінде айтылмады. Қоспа түрінде антиоксиданттардың көп мөлшерін тұтыну денсаулыққа пайдасы жөнінде дау көп.

АСЕ ингибирлеушісі

Ангиотензинді түрлендіретін фермент, соның ішінде АСЕ2 рецепторы коронавируспен ауырғанда маңызды роль атқарады. Өйткені SARS-CoV-2 вирусы АСЕ2-ге жабысып, сол арқылы адамның жасушасына өтеді. АСЕ2 өкпенің, жүректің, қан тамырларының, бүйректің, бауырдың және асқазан-ішек жолдарының барлық жасушасы мен тінінде көп. Ол тіндердің қорғаныс кедергісін жасайтын эпителий жасушаларында болады.

Оның қызметі қандай? ACE2 қан қысымы, жараларды емдеу және қабыну сияқты процестерді реттеу үшін өте маңызды. ACE2 қан қысымы мен қабынуды жоғарылататын ангиотензин II (AII) деп аталатын гормонның белсенділігін модулдейді. AII ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі үшін өте маңызды альвеолалардағы қабынуды арттырып, жасуша өлімін көбейтуі мүмкін. ACE2 AII-нің зиян әсеріне қарсы тұратын ангиотензин 1-7-ге айналуын катализдейді. Вирус ACE2-ге ие болған кезде рецептор қалыпты қызметін тиімді атқара алмай, бұл AII өкпеге және басқа мүшелерге зақым келтіруі мүмкін.

ACE2 АII-ні ыдыратпас бұрын ангиотензин I ангиотензин II-ге айналады. Мұнымен ACE2 айналысады. ACE ингибаторлары – АСЕ1 белсенділігін басатын препарат, осылайша AII санын азайтады. ACE ингибаторлары көбінесе гипертониясы, жүрек жеткіліксіздігі бар, бүйрегі ауыратын адамдарға тағайындалады. Ингибаторлармен қатар ұқсас қызмет атқаратын ангиотензин рецепторларының блокаторлары (АРБ) қолданылады.

ACE ингибиторлары коронавирусты емдеуге көмектеседі деп саналады. Дегенмен қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша пікірлер екіұшты, кейде тіпті қарама-қайшы. Мысалы наурызда The Lancet ғылыми журналы ACE ингибаторлары мен АРБ-ның гипертония және қант диабетімен ауыратын адамдарда COVID-19 жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін деген гипотеза жариялады, өйткені ингибиторлар ACE2 айқындығын арттырады. Кейін гипотезаны бірқатар зерттеу теріске шығарды, Еуропа медициналық агенттігі COVID-19 кезінде осы дәрілер тағайындалған адамдардың оны қабылдауын қолдады. Circulation Research журналы жасаған зерттеу бойынша COVID-19 диагнозымен ауруханаға жатқызылған және артериялық гипертензиямен ауыратын пациенттер арасында АСЕ ингибаторы мен АРБ препараттарын стационар түрде қолданбағандармен салыстырғанда бұларды қолданғандарда өлім-жітім аз болды. Антиоксиданттар сияқты АСЕ ингибаторының әсерін тексеру үшін клиникалық сынақ өтіп жатыр.

Жалпы, орамжапырақтың антиоксидант қасиеті бұрыннан белгілі, ал көкөністің АСЕ ингибирлік қасиеті біз қарастырған зерттеуде ғана баяндалған. Орамжапырақтың қабынуға қарсы қасиетінің болуы авторларға көкөніске ACE ингибаторының қасиетін телуге итермелеген болуы мүмкін.

Қалай болғанда да сау тамақтануды ешкім доғарған жоқ. ДДҰ дұрыс тамақтану мен көп су ішудің өмірлік маңызы бар. Теңгерімді диета ұстанатын адамдардың иммун жүйесі күштірек және созылмалы, жұқпалы ауруларға бейімдігі төмен. Ағзаға қажет витаминдерді, минералдарды, ас талшықтарын, ақуыз бен антиоксиданттарды алу үшін әртүрлі жаңа, өңделмеген өнімді күнделікті тұтыну ұсынылады. Артық салмақ, семіздік, жүрек ауруы, инсульт, диабет пен қатерлі ісіктің бірнеше түрі сияқты аурулар қаупін төмендету үшін қанттан, майлы астан, тұздан бас тарту керек.

Бір қызығы, тағы бір зерттеу шілде айының басында medRxiv алдын ала шығарылған мақала серверінде жарияланды, ішінара дәл сол авторлар ферменттелген тағамдарды тұтыну мен Еуропадағы COVID-19 кесірінен болған өлім-жітім арасындағы байланысты қарастырды. Зерттеу кезінде ферменттелген көкөністерді тұтыну мен елдегі COVID-19 диагнозынан болған өлімі арасындағы статистикалық маңызды байланыс анықталды – ферменттелген көкөністерді жеу өлім қаупін азайтады. Бұл – алдын ала басып шығарылған мақала, яғни мақала әлі сараптамадан өтпеген. Оған қоса, зерттеуде көптеген шектеу бар, олар: елдер арасындағы өлім-жітімді есептеу әдістеріндегі айырмашылықтар, ақпараттың болмауына байланысты елдер санының шектелуі, шатастыратын өзгерістері бар негізсіз таңдау. Авторлар байланыстың себеп-салдары болуы міндетті емес екенін мойындайды және ел деңгейінде қосымша зерттеулер қажет деп санайды.

Қорытынды:

  • Көкөністі, оның ішінде орамжапырақты тұтыну денсаулыққа пайдалы. Әйтсе де орамжапырақтың вирустық ауруларының, атап айтқанда коронавирустың алдын алуға немесе емдеуге көмектесетіні туралы нақты дәлел жоқ.
  • The Sun британ таблоидындағы жаңалыққа сау скептицизммен қарау керек. Ресурсқа деген сенім аз, өйткені сенімсіз материалдарды жиі жариялайды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz