Фактчек | Күрішбаев жастар жайында

Желтоқсанның 2-і өткен сенаттың жалпы отырысында «‎жастардың тәрбиесіне қатысты мәселелер қазіргі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр»‎,- деген депутат Ақылбек Күрішбаев осыған қатысты бірнеше дерек те келтірген. Factcheck.kz оның сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:08:57)

Мәлімдеме: ҚР Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша, елімізде жыл сайын университеттер мен колледждердің 1,5 мыңға жуық студенттері қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сай, 2020 жылы кәсіптік техникалық училищелер, колледждер (721 – студент) мен ЖОО (154 – студент) студенттері барлығы 875 қылмыс істеген. Бірақ бұл дерекке 2020 жылғы карантин шаралары ықпал еткен болуы мүмкін, сондықтан кейінгі жылдардағы көрсеткішке қарайық:

Мәлімдеме: 2020 жылы 18 жастан 30 жасқа дейінгі 4 207 адам есірткі заттарын пайдаланғаны үшін есепке алынған, олардың арасында білім алушылар да аз емес.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Жалған

Денсаулық сақтау министрлігінің бізге ұсынған ақпаратына сай, 2020 жылы 18-29 жас аралығында 2 409 адам есірткі пайдалануына байланысты есепке алынған. Оның ішінде қаншасы студент екені туралы статистика жүргізілмейді. Депутат тек жасқа қарап “оқыса керек” деп шамалауы мүмкін.

Ал Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылы 18-28 жас аралығындағы 1 182 адам есірткі айналымына қатысты қылмыс жасаған.

Мәлімдеме: Оқу орындарында психологтар жетіспейді. Егер жастарға дер кезінде қажетті психологиялық қолдау көрсетілсе, жоғарыда аталғандай өзіне қол жұмсау фактілері аз болар ма еді.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық

Бұл мәселені 2018 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те көтерген. Ол мектептерде 7 мыңнан астам педагог-психолог бар екенін айтқан. Қазіргі уақытта экс-министр айтқан көрсеткіш айтарлықтай өзгермегенін көреміз, сол министрліктің бізге ұсынған ақпаратына сай, мектептерде 7652 педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог жұмыс істейді.

«‎Республика бойынша орта есеппен бір психологқа 300-ден астам оқушы келеді. Бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ үлкен қалалар Астана, Алматы және Шымкентте бір психолог мың және одан да көп баламен жұмыс істеуге мәжбүр»,-‎ деген Ерлан Сағадиев сол кезде. Қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те 2019 жылы «‎Өкінішке қарай, бізде психологтармен қамтамасыз ету жеткілікті деңгейде емес, психологтар жетіспейді. Ал бар психологтар әдістемелік қолдауға мұқтаж»‎ деп айтқан.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz