Фактчек | Қазақстандағы қант диабеті туралы

30 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Вакиль Набиев еліміздегі қант диабетіне шалдыққандар мен эндокринологтар саны туралы дерек келтірді. Біз депутат мәлімдемесін тексеріп, Қазақстандағы және әлемдегі қант диабетінің жағдайын зерттеп көрдік.

Тайм-код: 1:51:24

Жалпы, елімізде қант диабеті диагнозымен ресми тіркелген 400 мыңға жуық адамға 700 эндокринолог дәрігері бар. Бұл ретте халықаралық, сараптамалық ұйымдардың деректері олардың саны кем дегенде екі есе көп екенін айтады.

Вакиль Набиев

Үкім: Шындыққа жақын

Диабетпен ауыратын науқастар саны әр дереккөзде әртүрлі көрсетілген; ал эндокринологтар саны туралы мәлімдемесінде депутат қателескен; әйтсе де, тұтастай алғанда ол жағдайды дұрыс сипаттап отыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың былтыр қарашадағы мәлімдемесіне сәйкес, 2021 жылдың басында диспансерлік есепте 382 мың адам «қант диабеті» бойынша тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің біздің сауалымызға берген жауабына сәйкес, 2022 жылдың 1 тоқсанындағы жағдай бойынша қант диабетімен ауыратын науқастардың саны — 431 871 адам. Ал халықаралық ұйымдар қант диабетімен ауыратындар шынымен екі есе көп деп болжайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 915 эндокринолог бар. Эндокринологтармен қамтамасыз ету 10 мың адамға шаққанда 0,5-ті құрайды, бұл минимал нормативке сәйкес келеді (минимал норматив — 0,2). Дегенмен эндокринологтар қант диабетімен ғана емес, жалпы эндокриндік жүйемен айналысатынын атап өткен жөн. Депутаттың диабетпен ауыратын науқастарды мамандармен қамтамасыз ету мәселесін көтеруі орынды. Сонымен бірге, ауру асқынса, науқастар басқа да мамандарға (офтальмолог, невропатолог және т.б.) жіберілетінін ескеру қажет. ДДСҰ-ның 2016 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстанда қант диабетінің асқынуларын (ретинопатия, табан зақымдануы, нефропатия) емдейтін эндокринологтар мен басқа да мамандардың саны әр өңірде әртүрлі. Ұйым мұны медицина қызметкерлерінің жалақысының төмендігімен байланыстырады.

ДДСҰ-ның 2020 жылғы мәліметінше, жалпы Қазақстанда 10 000 адамға 40,71 дәрігерден келеді, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (10 000 адамға 15,6 дәрігерден) айтарлықтай жоғары; дегенмен, еліміздің кейбір салаларында әлі де дәрігерлер тапшылығы байқалады.

Қазақстандағы қант диабеті жағдайы

ДДСҰ дерегінше, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастардың ұлттық регистрі 2002 жылдан бері жүргізіліп келеді, дегенмен ондағы ақпарат толық емес болуы мүмкін, өйткені, ұйымның жазуынша, “барлық қажетті деректі тізімге енгізуге эндокринологтардың уақыты бола бермейді”.

2021 жылдың басында тіркелген 382 мың науқастың ішінде: 30 мыңы — І типті, 352 мыңы — ІІ типті қант диабеті бар пациенттер (жоғарыда жазғанымыздай, 2022 жылғы науқастар саны көбірек, алайда 2021 жылғы ақпаратқа нақты деректер көрсетілген).

Бұдан бөлек, ДСМ мәліметіне сай, 2021 жылы «қант диабеті» диагонозымен 52 735 науқас тіркелген, оның ішінде 51 673 ересек, 204 жасөспірім, 344 бала бар.

2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда диабет диагнозы қойылған пациенттердің жалпы саны — 272 629 адам (ерлер 34,7%, әйелдер 65,3%); бұл сан Халықаралық Диабет Федерациясы (IDF) мәліметіндегі көрсеткіштің үштен бірін құрайды (IDF, 717 500; белгісіздік диапазоны — 486 200-1 362 300, жас тобы 20-дан 79 жасқа дейін, 2015 ж.). Жаңа ресми статистика бұл ақпарды растайды.

Ал Халықаралық диабет федерациясының (IDF) есебі бойынша 2021 жылы Қазақстанда 20-дан 79 жасқа дейінгі 800 мыңнан астам адам қант диабетіне шалдыққан; диабеттің салыстырмалы тарауы 6,6%-ті құрайды (2019 жылы 20-79 жас аралығындағы халықтың 6%-і І типті немесе ІІ типті қант диабетімен ауырады, Дүниежүзілік Банк); ал диагноз қойылмаған, бірақ қант диабетімен ауыратын адамдардың саны 300 мыңнан асуы мүмкін. Федерация мәліметінше, қант диабетіне байланысты мемлекеттік шығынның жалпы құны — 617,2 миллион доллар.

2020 жылы “Диабетті зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам” қоғамдық қорымен бірлесіп іске асырылған “Қазақстан Республикасы үшін диабеттің ауыртпалығы” жобасының алдын ала деректері бойынша ҚР қант диабеті ұлттық регистріндегі мәліметке жасалған талдау Алматыда қант диабетінің тарауының жыл сайынғы өсуі 2015-2019 жылдар аралығында 1,74-тен 2,31%-ке дейін, орташа жылдық ұлғаю үрдісі — 7% екенін көрсетті.

ДДСҰ-ның 2016 жылғы зерттеуінде мерзімінен бұрын, яғни 70 жасқа дейін, Қазақстан халқының төрт негізгі инфекциялы емес аурулардың бірінен (жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, созылмалы респираторлық аурулар және онкологиялық аурулар) қайтыс болу ықтималдығы 27% екендігі анықталған, бұл ретте ерлер көрсеткіші әйелдерге қарағанда (37%) айтарлықтай жоғары (19%).

2014 жылғы зерттеуге сай, Қазақстанда ересек азаматтардың 12%-і диабетке шалдыққан (WHO, 2017). Республикада 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан холестерин деңгейін бағалаудың соңғы деректері 25 және одан жоғары жастағы азаматтардың 46%-інде жалпы холестериннің жоғары деңгейі бар екенін көрсеткен (WHO, 2017).

2016 жылы Алматы қаласындағы бірқатар МСАК орталықтарында жүргізілген іріктелген сауалнама қорытындысына сәйкес, қант диабетімен ауыратын науқастардың 83,6%-інде декомпенсация (белгілі бір мүшенің дұрыс жұмыс істемеуі) байқалған, ал 92,3%-інде гликогемоглобиннің тиісті деңгейі тіркелмеген. Астана қаласы мен оған жақын орналасқан Ақмола кентіндегі 50-75 жас аралығындағы ересектер арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қант диабетімен ауыратын науқастардың 72,3%-і өз диагнозы туралы біледі, 65,6%-і ем алады, әйтсе де, аш қарынға тапсырған талдауда науқастардың 27,7%-інде ғана плазмадағы глюкозаның қалыпты деңгейі тіркелген. Ауылдық жерлерде және ерлер арасында ем алу тиісті көрсеткіштерге жетпеген.

Қант диабетінің асқыну жағдайлары диабеттік регистрге енгізілген, 2015 жылы қант диабетінің барлық жағдайларының 6,36%-іне ретинопатия, 1,43%-іне катаракта, 2,04%-іне нефропатия, 0,87%-іне диабеттік табан және 0,51%-іне миокард инфарктісі диагнозы қойылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, шын мәнінде бұл көрсеткіштер жоғары болуы мүмкін. Мәселен, қант диабетімен ауыратын науқас жүрек қан тамырлар жүйесінің ауруларынан қайтыс болған жағдайда қант диабеті диагнозы тиісті құжатта көрсетілмейді.

Қазақстандағы қант диабеті орталықтары мен мектептері

ДСМ біздің сауалға жіберген жауабына сәйкес, Қазақстан бойынша бұрын 2 эндокринологиялық диспансер болған, олардың бірі (Талдықорған қ.) 1990 жылы оңтайландырылған, екіншісі (Шымкент қ.) 2018 жылы облыстық көпбейінді ауруханаға қосылған; 2011 жылдан бастап республикада кезең-кезеңімен диабет орталықтары құрылып жатыр; 2011–2013 жылдары Алматы қаласында әрқайсысы 40 төсектен 2 орталық, 2016 жылы Талдықорған қаласында 45 төсектен, 2017 жылы ШҚО–да 25 төсектен, 2018 жылы БҚО–да 15 төсектен диабет орталықтары ашылған.

ДСМ дерегінше, бүгінгі күні Қазақстанда емханалар жанынан 130-ға жуық мемлекеттік диабет мектебі (“диабеттік табан” бойынша мектеп осыған кіреді) және 19 жеке мектеп жұмыс істейді; диабеттік мектептің негізгі міндетіне пациенттерді қант диабеті туралы хабардар ету, пациенттердің өз денсаулығын сақтауға және емдеуші дәрігердің ұсыныстарын орындауға белсенді қатысуына жауапкершілікті арттыруға ынталандыру кіреді. 

ДСМ жазуынша, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарға медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі 2022–2023 жж. арналған “Жол картасы” жобасында жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша 2023 жылы Қарағанды, Атырау қалаларында және Түркістан облысында қант диабеті орталықтарын ашу көзделген.

Министрлік «подолог» мамандығының тар бағытына байланысты арнайы дәрігерлер жоқтығын, “диабеттік табанды” «диабетология» мамандығын меңгерген хирургиялық профильдегі дәрігерлер немесе орта медицина қызметкерлері емдейтінін; бөлек «Диабеттік табан» кабинеттері жоқтығын, алайда Диабет орталықтарында және қант диабеті мектептерінде науқастармен тиісті жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.

Біздің Қант диабеті бойынша өңірлердің заманауи және инновациялық препараттармен жабдықталуы бойынша сұрағымызға ДСМ стационарлық көмек көрсету аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне «Инсулин деглудек, инъекцияға арналған ерітінді 100 ЕД/мл, 3 мл, алдын ала толтырылған шприц – қаламдар» препараты енгізілгенін мәлімдеді.

ДСМ дерегінше, MODY-қант диабетінің диагнозын диабетологтардың әлемдік қауымдастығы зерттейді. MODY-қант диабетін дифференциалды диагностика ретінде диагностикалау 2019 жылы «I типті қант диабеті» емдеудің және диагностикалаудың клиникалық хаттамасына енгізілген. Министрлік қазіргі кезде Қазақстанда эндокринологиялық көмек көрсету стандартының жобасы әзірленгенін, ол осы жылы ДСМ-нің Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссиясының отырысында қаралып, жоба аясында MODY-диабет диагностикасының кейбір аспектілері ескерілетінін хабарлады.

Қант диабеті — Қазақстан халқының мүгедектігі мен өлімінің себебі болатын 25 негізгі созылмалы аурудың бірі. Қант диабеті емделмейді.

Көрші елдерде

Ресейде 2020 жылдың соңғы мәліметтері бойынша ересек науқастарды емдейтін эндокринолог тапшылығы — 2000 маманды, балаларды емдейтін эндокринолог тапшылығы — 620 маманды құраған. Ресми деректерге сәйкес, 2020 жылдың соңында елде қант диабетіне шалдыққан шамамен 4,8 миллион науқас тіркелген, ал болжамды көрсеткіш — 9 миллион адам.

Өзбекстанда эндокринологтар артық жұмыс істеуге мәжбүр; депутаттардың айтуынша, 2020 жылдың үш тоқсанындағы жағдай бойынша республикада эндокринологтарға бөлінген 724,5 штаттық бірліктің 52,75-і бос тұр.

Қырғызстанда 2017 жылғы дерекке сай, эндокринологтармен қамтамасыз ету 10 000 халыққа шаққанда 0,2-ден аспайды; мамандардың көбі Бішкекте және республикалық денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде шоғырланған, ал ауылдық және шалғай аймақтарда эндокринологтар тапшылығы аса байқалады.

Төмендегі инфографикада көрші елдердегі ересектер арасында IDF Europe деректері бойынша 2022 жылдың сәуіріндегі қант диабетінің тарауы көрсетілген.

I немесе II типті қант диабетімен ауыратын 20-79 жас аралығындағы адамдардың пайызына қатысты әлемде қант диабетінің тарауы, 2019 жыл

ДДCҰ дерегінше, 1980-2014 жылдар аралығында әлемде қант диабетімен ауыратындар саны 108 миллионнан 422 миллионға дейін өскен. 2019 жылы қант диабеті дүние жүзінде өлімнің тоғызыншы себебі; 1,5 миллион өлімнің тікелей себебі болды.

Оқи отырыңыз:

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz