Фактчек | Ғани Хамзин ПТР-тест туралы

16 ақпанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Ақжол» фракциясының депутаты Ғани Хамзин Қазақстандағы Covid-19 ПТР-тестінің бағасын шетелдікімен салыстырды. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:53:09

Айта кету керек, азаматтардың өз еліне кіруіне кедергі келтіретін мұндай ережелер біздің көршіміз Ресей мен Украинада жоқ. Бұл елдердің азаматы еш қиындықсыз елге оралып, өз елінде ПТР-тест тапсырады.

Ғани Хамзин

Үкім: Шындық (ҚР ҮАК шешімі бойынша енгізілген өзгерістерге байланысты мәлімдеме маңыздылығын жойды)

17 ақпаннан бастап Қазақстанның коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы ҚР азаматы COVID-19-ға қарсы вакцинаның толық курсын алса немесе вакцинаның екінші компонентін алғаннан 6 айдан аспаса, елге кірерде ПТР-тест көрсетуге міндеттелуі тоқтатылды.

Заң Ғани Хамзин бас санитарлық дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы қаулысындағы қазақстандықты елге кірерде теріс ПТР-тест анықтамасына міндеттеу елдің Конституциясына қайшы келетінін айтқан мәлімдемесінен кейін жаңартылды.

Басқа елдерде қалай?

Ресей азаматы шетелден оралған кезден бастап 3 күн ішінде COVID-19 ПТР-тестін тапсыруы керек. Бір жыл ішінде вакцина алған немесе келгеннен кейін соңғы 6 ай ішінде коронавируспен ауырған Ресей азаматы ПТР-тест тапсырудан босатылған.

Украина азаматына ПТР-тест тапсырмаc үшін вакцинаның бірінші дозасын алғанын растайтын «063-О» құжатын немесе ДДСҰ мақұлдаған вакцинаның толық курсын алғанын растайтын сертификат көрсетсе жеткілікті.

Қырғызстандықтар вакцинация мәртебесіне қарамастан, елге келмес бұрын міндетті түрде коронавирусқа ПТР-тест тапсыруы қажет.

Өзбекстанға “сары” және “қызыл” аймақтардан келетін Өзбекстан азаматтары рейске тіркелерде 72 сағат ішінде тапсырған ПТР-тестінің теріс нәтижесі көрсетілген анықтаманы ұсынуы тиіс.

Түркіменстан азаматтары елге ораларда рейске тіркелу кезінде 72 сағат ішінде тапсырған ПТР-тестінің теріс нәтижелі құжатын көрсетуі керек.

Осы ережеге байланысты қазақстандықтарға қаржы жағынан ауыртпалық түседі. Мысалы, Қазақстанда ПТР-тесті 7000 теңге тұрады, ал шетелде оның бағасы 20 доллардан 150 долларға дейін барады. Демек, 5 адамнан тұратын отбасы ПТР-тест үшін 750 доллар (курс 429,1) немесе 321 825 теңге төлесе, Қазақстанда 35 000 теңге төлер еді.

Ғани Хамзин

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегіне сай, ПТР-тест бағасы 4935-7400 теңге аралығында. Тест қорытындысын тездетуге қосымша ақы алынатындықтан, бағасы 7400 теңгеден асуы мүмкін. Қазақстанның ең ірі әуе компаниясы Air Astana-ның сайтында шетелдік қалалардың бірнеше клиникасының ПТР бағасы жинақталған, мұнда ол кем дегенде 18 доллардан (Өзбекстан) 350 долларға (Ұлыбритания) дейін жетеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz