ДДСҰ сайтында суицидті насихаттайтын ақпарат бар ма?

Қазанның соңында Factcheck.kz редакциясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына VPN-сіз кіру мүмкін емес екенін аңғарды. Бір айдан кейін, 23 қарашада Интернет пен веб-контенттің бұғатталуын бақылайтын Internet Freedom Kazakhstan ДДСҰ сайты Қазақстан аумағында бұғатталғанын хабарлады. Сөйтсек, оған Алматы облысы Талғар ауданы прокурорының талабы себеп болыпты. Оның пікірінше, бірнеше интернет-ресурста (оның ішінде ДДСҰ сайты да бар) суицид жасаудың әдіс-тәсілдері мен ұсыныстар жарияланған. ДДСҰ сайтына келер болсақ, әңгіме суицид туралы ақпарат бюллетендері жайлы болып отыр. Прокурор «мемлекет мүддесі үшін» шетелдік БАҚ пен интернет-ресурстарда жарияланған өнімді заңсыз деп танып, ел аумағында таралуына тыйым салуды талап етті. Талғар қалалық соты аталған интернет-ресурстарда «адамды өлімге әкелетін тәсілдер мен суицидтік көңіл-күйді насихаттайтын ақпарат бар» екенін растап, бір Telegram-бот пен төрт веб-парақшаны дереу бұғаттау туралы шешім қабылдады. Шешім 14 қазанда күшіне енді, ал оны орындау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тапсырылды.

Factcheck.kz редакциясы ДДСҰ бюллетенінде шынында суицид тәсілдері туралы және суицидтік көңіл-күйді насихаттайтын ақпарат жазылған ба деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Манипуляция және жалған

Манипуляция мынада: Бюллетеньдегі мәтінде расында «Өз-өзіне қол жұмсау тәсілдері» деген бөлім бар. Оның ішінде суицид жасағысы келген адамдар жиі қолданатын тәсілдер тізілген. Дегенмен осы бөлімде «өзіне қол жұмсау тәсілдерінің жиі кездесетін түрлерін білу алдын алу стратегияларын дайындау, оның ішінде өзіне қол жұмсау құралдарын шектеу үшін қажет» деп атап өтілген.

Жалған мынада: Бюллетеньде мәселенің ауқымы (суицид 15-29 жас аралығындағы адамдардың өлім-жітімі бойынша әлемде төртінші орында тұр), өзіне қол жұмсаудың алдын алу тәсілдері мен оның маңыздылығы, сондай-ақ суицидтің алдын алуда кездесетін қиындықтар туралы айтылған. Мәтін оқырманды мәселемен таныстырады, бірақ «суицидтік көңіл-күйді» мүлдем насихаттамайды және өмірмен қоштасуға шақырмайды.

Айта кету керек, басқа бұғатталған ресурстардағы ақпарат та талапқа сай келмейді. Мәселен, Талғар қаласы сотының тізіміндегі Pobedish.ru сайты толығымен суицидтің алдын алуға және қауіп-қатер алдында тұрған топтарға көмектесуге арналған. «Суицид тәсілдері» деген бөлімде шынында өзіне қол жұмсау тәсілдері сипатталған, бірақ оның мақсаты сотта айтылған арыздан басқаша. Бөлімдегі түсініктемеде былай жазылған: «[…] суицидтің түрлі тәсілдерін кәсіби мамандар оның салдарына қарап зерттейді. Бұл әңгіменің мәні – суицидтің физиологиялық жағы туралы қияли ойды шындықпен алмастыру. Көбінесе шындық қорқынышты әрі жағымсыз болады». Сарапшы комментаторлар ретінде суицидтің салдарын тәжірибе жүзінде өте жақсы білетін реаниматолог-дәрігерлер, психологтар, сот-медициналық сарапшылар мен басқа да мамандар көрсетілген.

Фанфиктердің жойылған сайты* Ficbook.net-те авторларға кейіпкердің өзіне қол жұмсағанын қалай шынайы сипаттау керегі туралы нұсқаулық болған. Парақша авторы процестің тәсілін ғана емес, механикасын, сондай-ақ егер кейіпкерді «құтқаратын болса» алғашқы көмек амалдарын сипаттаған. Жазбаның дисклеймерінде «автордың мақсаты – суицидті көбейту емес. Бірақ автор бәрі сапалы жасалған әрі соңына дейін жеткізілгенін жақсы көреді» делінген.

* Жойылған парақшаның мазмұнын редакция веб-архив арқылы тапты. Біз оған тікелей сілтеме жасай алмаймыз, бірақ оны көрсете аламыз, сондай-ақ сұраныс бойынша скриншоттарды бере аламыз.

Тағы бір парақша – Telegram-арна – жойылған және архив арқылы да қолжетімсіз.

Telegram-ботқа келер болсақ онда шынында суицидтің түрлі тәсілдері сипатталған, бірақ жартылай әзіл түрінде. Мақала жарияланған сәтте ботты іздеу құралы арқылы табу оңай және мұндағы мәселе Барбара Стрейзанд эффекті және Талғар ауданы прокурорының талабы арқасында ол туралы көп адам хабардар болды.

Бір қызығы, сот шешімі шыққан басқа ресурстарда суицид туралы жазылған арнайы бір парақшалар бұғатталса, ДДСҰ сайтын толығымен бұғаттап тастаған. Оған қоса Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов прокурор суицид тәсілдеріне арналған белгілі бір парақшаларды бұғаттауды сұрағанын атап өтті. Ресурстардың толық бұғатталуына қатысты жауапкершілікті Жұмақсанов АҚДМ-ге жүктеді. «Фармацевтическое обозрение Казахстана» арнайы медициналық басылымының директоры Ольга Баимбетова TengriNews-ке пікір білдіргенде ДДСҰ сайтын бұғаттау жайсыз уақытта жүзеге асқанын айтты:

Қазір, мәселен, микробқа қарсы дәрілерді дұрыс пайдалану апталығы жүріп жатыр, бұл ковидтен кейін өте өзекті тақырыпқа айналды, ақпаратты түпнұсқадан алғың келеді, ал ол жабық. ДДСҰ сайтында ауру мен өлім-жітім статистикасынан бастап аурулардың халықаралық жіктемесі, ДДСҰ біліктілігінен өткен өндірушілер мен дәрі-дәрмек тізімі туралы ақпарат бар, фармацевтика мен медицина саласына арналған нұсқаулар мен ұсыныстар қаншама?! Мәселенің басын ашу керек, жеке бір парақшаны бұғаттауға болатын еді, сайтты толығымен бұғаттаудың қажеті қанша?

Internet Freedom жобасы заңнамада контентті бұғаттауға арналған себептердің екіұшты екенін, сондай-ақ бұғатталған сайттарға хабарламаның келмеуі мәселесін бірнеше рет көтерді: «Шектелген сайттардың көбі (қарапайым, сарыжағал емес) Қазақстанда бұғатталғанынан хабарсыз». Жоба командасының пікірінше, ДДСҰ сайтының бұғатталуы желідегі контентке қол жеткізуді шектеуде мемлекетте жүйелі мәселе бар екенін ашып берді.

Сонымен қатар, ДДСҰ Қазақстандағы кеңсесі қарашаның басында ұйымның сайты ел аумағында уақытша қолжетімсіз екенін және мәселені тезірек шешу үшін барлық мүмкіндік қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.

Материал жарияланған сәтте ДДСҰ сайты редакция қызметкерлерінің жартысына қолжетімді болды. Бұғаттау туралы ақпарат БАҚ-та кең тарап кеткеннен кейін кейбір интернет-провайдерлер ресурсты ашу туралы шешім қабылдаған тәрізді.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz