Аустралиядағы зертханадан қауіпті 323 флакон вирус жоғалды — талдайық

Әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда Аустралиядағы зертханадан қауіпті 323 флакон вирус жоғалып кеткені туралы ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Оған сәйкес, Куинсләндтың денсаулық сақтау министрлігі жергілікті зертханадан 323 құты вирус үлгісі жоғалып кеткеннен кейін тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға 2021 жылы болған, бірақ бұл туралы 2023 жылдың тамызына дейін белмеген, ал тергеу туралы енді хабарланып отыр.

Вирустардың жоғалғаны туралы ақпараттың рас екеніне қарамастан, кейбір желі қолданушылары мен ақпараттық сайт деректі бұрмалап, демонизациялап үлгерді. Мысалы, Комсомольская правда басылымы әлеуметтік желідегі парақшасында ақпаратқа “ғалымдар оның қару болуы мүмкін екенін ескерттідеген сөйлем қосса, басқа желі қолданушылары жергілікті билік “вирус үлгілерін қару ретінде пайдалану мүмкіндігінен қорқып отыр” деген деректі қосқан (1, 2). Тағы бір желі пайдаланушысы вирустар “террористерге сатылған болуы мүмкін” деп топшалайды (жазбалардың архивтелген нұсқасы: 1, 2, 3, 4).

Осыған байланысты Factcheck.kz редакциясы тараған ақпаратты талдап көргенді жөн деп тапты.

Не болды?

2024 жылдың 9 желтоқсанынында Куинсләндтың денсаулық сақтау министрлігі вирусология зертханасындағы талаптардың сақталмауына қатысты 9-бөлімді тергеуді басталатынын хабарлады. Ондағы ақпаратқа сай, қоғамдық денсаулық сақтау вирусология зертханасында биоқауіпсіздік хаттамаларының сақталмауының салдарынан жұқпалы вирустардың флакондары жоғалған. Жоғалған флакондардың ішінде әдетте қауіпті саналатын хендра, лиссавирус және хантавирус та болған.

Зертхана мамандандырылған диагностикалық қызметтерді, медициналық маңызы бар вирустар мен масалар және кенелер арқылы тарайтын қоздырғыштарды мемлекеттік деңгейде қадағалаумен, зерттеумен айналысады.

Сол күні аймақтың денсаулық сақтау министрі Тим Николс биоқауіпсіздік хаттамасы вирусологиялық зертханада 2021 жылы «өрескел бұзуылу» салдарынан 323 вирус үлгісі жоғалып кеткен деді. Оның сөзінше, 323 вирус үлгіснің 100-ге жуығында хендра вирусы, екі құтыда хантавирус, ал 223 құтыда лиссавирус үлгілері болған.

Үлгілер қоғамдық денсаулық сақтау зертханасында сақталған мұздатқыш бұзылғаннан кейін жоғалып кетуі мүмкін. Министрдің сөзінше, вирустарды жұмыс істеп тұрған мұздатқышқа ауыстырған кезде тиісті құжаттар толтырылмаған. Материалдар сол жерден жойылған немесе жоғалған болуы мүмкін.

Вирустар қайда жоғалуы мүмкін?

Зертхана материалдардың қауіпсіз қоймадан шығарылғанын немесе жойылғанын анықтай алмаған, дегенмен оның тарап кетіп, халыққа қауіп төндіргеніне қатысты ешқандай дәлел жоқ.

Аймақтың бас санитар дәрігері Джон Джеррард талаптардың бұлай өрескел бұзылуының салдарынан қоғамға қауіп төнетініне ешқандай дәлел жоқ дейді. Оның сөзінше, үлгілер қалыпты зертханалық тәжірибе саналатын автоклавтау арқылы жойылған, бірақ бұл дұрыс тіркелмеген болуы мүмкін. Үлгілердің басқа қалдықтармен бірге лақтырылуы екіталай, өйткені бұл қалыпты зертханалық тәжірибесіне мүлде сай келмейді деді.

Біз бұған қатысты Страсбург университетінің молекулалық биология және вирусология саласындағы PhD докторы Әсел Мұсабекованың пікірін білдік. Ол да Джон Джеррардың айтқанымен келісдеі. Оның сөзінше, егер үлгілер қателесіп лақтырылған болса, олар қарапайым қалдықтармен бірге шығарылмайды, оларды лақтыратын арнайы тәртіп бар.

Егер оларды [үлгілерді] қателесіп лақтырса, онда ол кәдімгі қоқысқа емес, автоклавтауға болатын биологиялық қоқысқа тасталады. Автоклав — залалсыздандыру процесі. Яғни, ол [құрылғы] өте қатты қызады және кез келген қауіптерді болдырмау үшін бәрін залалсыздандырады. Бұл барлық биологиялық қалдықтарға, әсіресе инфекциялық қалдықтарға жасалады.

Әсел Мұсабекова

Оның үстіне, вирус үлгілері мұздатқыштан тыс жерде өте тез бұзылып, жұқпалы қаситетінен тез айырылатынын ескерген жөн. Әсел Мұсабекова вирустар автоклавтан өтпей, қарапайым қоқысқа тасталған жағдайда, тез өледі дейді.

Вирустық үлгілер -70, -80 градус мұздатқыштарда сақталады және олар өте нәзік, тірі жасушаларсыз көп өмір сүрме алмайды. Егер вирустар жай ғана лақтырылып тасталса, бірнеше сағат ішінде немесе көп дегенде бірнеше күн ішінде ешқандай қауіп жоқ.

Әсел Мұсабекова

Әсел Мұсабекова биоқаруға қатысты нұсқа мүмкін болғанымен, мұның өте қиын жұмыс екенін айтады.

Оларды [вирустарды] суық күйінде мұзға салып алып шығу керек, дұрыс еріту қажет, басқа зертахан тауып торда еріту керек.

Әсел Мұсабекова

Джон Джеррард, бұдан бөлек, кейінгі бес жылда Куинсләнд штатында хендра вирусын немесе лиссавирусты жұқтырған адам, ал Аустралияда хантавирусты жұқтырған адам тіркелмегенін айтты.

Бұл вирустар туралы не білеміз?

Тараған үш вирус түрі де адамға жануарлардан жұғады. Оның ішінде, Дүниежүзілік денсауық сақтау ұйымының жазуынша, хендра вирусының инфекциясы – сирек кездесетін зооноз (адамға жануарлардан жұғуы мүмкін), жұқтырған жылқыларға да, адамдарға да қауіпті. Вирус 1994 жылы Аустралияның Хендра қаласының Брисбен маңындағы індет кезінде анықталған. 2016 жылға дейін 70-тен астам жылқыға қатысты 53 оқиға тіркелді.

Аустралиядағы зертханадан қауіпті 323 флакон вирус жоғалды — талдайық
Хендра вирусының өршіген кездері. Дереккөз: ДДСҰ

Хендра вирусының адамға берілуі оны жұқтырған жылқылардың дене сұйықтықтарымен, тіндерімен немесе секрецияларымен әрекеттескеннен кейін жұғуы мүмкін. Жылқыларға ауру жарқанаттың зәріннен жұғады.

Ал лиссавирус – құтыруға себеп болуы мүмкін әртүрлі вирус тобы, ол адамдарда да, жануарларда да қауіпті энцефалитикалық ауруға әкеледі. Лиссавирус тұқымдасының 12 түрі бар, оның 11-і жарқанаттардан бөлінген.

Хантавирустар болса, бүкіл әлемге тараған қауіпті вирус. Адамдар хантавирусты егеуқұйрықтар мен тышқандар сияқты кеміргіштермен, әсіресе олардың зәрімен, нәжісімен не сілекейімен байланысқанда жұқтырады. Ол сондай-ақ кеміргіштер шаққанда немесе тырнағанда жұғуы мүмкін, бірақ, CDC-дің жазуынша, бұл сирек кездеседі.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz