Ата-анаға арналған нұсқаулық: баланың интернеттегі қауіпсіздігі

Data Reportal мәліметі бойынша, Қазақстанда 2024 жылдың басында интернет қолданушылардың саны 92,3%-ке жеткен. Сондай-ақ елде 26,24 миллион ұялы байланыс абоненті болды, бұл жалпы халықтың 133,1%-не тең. Бұл дегеніміз интернет халықтың басым бөлігі үшін күнделікті байланысқа, жұмыс істеуге, ақпарат алуға, қызмет көрсетуге және т.б. пайдаланатын құрал.

Сонымен қатар, интернет пен құрылғыны пайдаланушылар ересектер ғана емес балалар да бар. Сондықтан балалардың желідегі қауіпсіздігі күнделікті өмірдегі қауіпсіздігі сияқты маңызды. Сонымен қатар, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі көпшілік үшін жаңа тақырып.

Бүгінде ата-ана баласын желіде қорғау үшін не істеуге болатыны туралы көптеген нұсқау бар. Ал оның біріншісі – балаға интернетті қауіпсіз пайдалануды үйрету. ЮНИСЕФ, Internet Matters (ұсынымдар жас топтарына бөлінеді), CloudWards нұсқаулығы бұған көмектесе алады.

«Балалар&Желі» жобасының командасы жоғарыда айтылғандарға және басқа дереккөзге сүйене отырып, ата-ана балалар үшін интернетте қауіпсіз кеңістік құруға көмектесетін ұсыныстарды құрастырды.

Қауіп пен шешім

Балалар желіде қандай қауіпке тап болуы мүмкін екенін және олармен қалай күресуге болатынын қарастырайық.

Кликжекиң (clickjacking)

Кликжекиң – зиянкестер сілтемені немесе түймені жасырып, пайдаланушыларды өздері білмейтін әрекетті орындауға алдап жіберетін әдіс. Мысалы, «Тегін iPhone алғың келсе мына жерді бас!» түймесі жағымсы бетке өтіп, жеке деректердің немесе қаржының жоғалуына әкелуі мүмкін.

Балаларға мұндай ұсыныстар өтірік екенін түсіндіру маңызды.

Екінші жағынан, балалар кездейсоқ лицензияланған онлайн ойында түрлі нәрсені сатып алады, онда ойыншы қосымша ақша үшін бонустар мен жаңартуларды ала алады. Құрылғылардағы есептік жазба параметрлері, мысалы, онлайн төлемді өшіру бұл жағдайдың алдын алуға көмектеседі. Одан бөлек:

  • Құрылғыда қандай қолданбалар орнатылғанын үнемі тексеру.
  • Балаңмен жаңа ойындарды бірге жүктеуге келісім жасу.
  • Қолданбалар дүкеніне кірген кезде ақша шешу әрекетін қалай тану керегін түсіндіріңіз.

Балалар көбінесе алаяқтардың ақша аудару, деректерді ұрлау және басқа да заңсыз әрекеттер үшін оңай олжа. Сондықтан ата-ана баласына құпия ақпаратты қамтитын жеке құрылғыларын (телефон, планшет және т.б.) бермеуі керек. Тіпті қосалқы құрылғы болғаны дұрыс немесе бала ересек болса, оның өзіне жеке құрылғы сатып алған дұрыс.

Зиянды БЖ (malware)

Зиянды БЖ – құрылғыны зақымдайтын, балаға және оның ортасына тыңшылық жасауы немесе жеке деректерді ұрлауы мүмкін бағдарламалық жасақтама. Зиянды бағдарлама құрылғыға сенімсіз жерден файл жүктеп алу, күдікті сілтемеге өту немесе белгісіз адам жіберген файлды ашу арқылы кіруі мүмкін. Бірақ кейде пайдаланушы әрекет жасамаса да (zero-click) құрылғының немесе қолданбаның осалдығына байланысты болуы мүмкін.

Бұған жол бермеу үшін:

  • Балаларға белгісіз сайттардан файлдарды жүктемеуді түсіндіру.
  • Бағдарламалық жасақтама мен қолданбаны үнемі жаңартып, құрылғыңызда антивируспен қорғалғанына көз жеткізіңіз.

Фишиң (phishing)

Фишиң — адамды алдап, құпия сөз немесе несие картасының ақпараты сияқты жеке ақпаратты электронды пошта немесе хабарлама арқылы ресми хатқа ұқсайтын жалған хат я болмаса шынайы парақшаға ұқсайтын жалған уеб-сайт арқылы алу әрекеті.

Фишиң алаяқтардың тұзағына түсіп қалмау үшін балаларды бейтаныс сайттарға жеке мәліметтерді жазбауға немесе күдікті сілтемелерді баспауға үйрету маңызды. Баланың жасына байланысты ата-ана олардың электронды поштасында және мессенжерінде күдікті хаттар мен хабарлама тексеруі міндетті.

Кибербуллиң (cyberbullying)

Кибербуллиң – интернеттегі қорлау мен қудалау. Кибербуллиң әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірді, қорлайтын фотосуреттерді жариялау немесе тарату, хабарламалардағы қорқытулар мен қудалау.

Кибербуллиңді болдырмаудың тиімді әдісінің бірі – әлеуметтік желідегі құпиялықты теңшеу. Бүгінгі күні онлайн платформалар кибербуллиңмен күресуге үлкен мән береді. Сондықтан автоматты алгоритмдер кибербуллиңді қамтитын контентті өздері тауып, блоктай алады. Бұл ретте әлеуметтік желіде шағымдану функциялары, сондай-ақ қауіпсіздік орталықтары бар.

Техникалық аспектілерден басқа, психологиялық жағы да бар – бала кибербуллиң құрбаны болған жағдайда, ол отбасына айту үшін сенімді қарым-қатынаста болуы маңызды.

Балаларыңызға желіде бейтаныс адаммен сөйлескенде абай болу керектігін айтыңыз. Желіде танысу қауіпті болуы мүмкін – зиянкестер дос болып көрінуі және жеке пайда табу үшін балаға манипуляция жасауы мүмкін.

Қанау және зорлық-зомбылық

Балаларға жыныстық зорлық-зомбылық пен оларды пайдалану онлайн жасалуы да мүмкін. Мысалы:

  • Баланың жеке фотосуреттері ашық материалдарды жасау және тарату үшін пайдаланылуы мүмкін.
  • Балаларды сексуалды сипаттағы суреттерді немесе бейнелерді көру немесе бөлісу сияқты мәтіндік немесе бейне байланыстар арқылы әрекеттер жасауға мәжбүрлеу мүмкін.
  • Зиянкестер шынайы өмірде кездесу үшін, грумиң орнатуға интернетті пайдалана алады.

Грумиң – бұл ересек адамның баламен онлайн және офлайн режимде жыныстық қатынас жасау үшін сенімді қарым-қатынас орнату процесі.

Балалармен жеке шекара, жауапкершілік және интернеттегі құпиялық туралы әңгімелесу маңызды. Бала интернеттегі ақпарат өте тез тарайтынын түсінуі керек және оны толығымен жою мүмкін емес. Балаларыңызды басқалардың оларды ыңғайсыз сезінуге мәжбүрлейтін кез келген әрекеті туралы айтып беруін сұраңыз. Желідегі танысқан адаммен ата-ананың рұқсатынсыз шын өмірде кездеспеген дұрыс екенін түсіндіріңіз.

Ұсыныстар

  1. Балаларыңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, ашық болыңыз.

Интернет қауіпсіздігі туралы балаңызбен ашық диалог – ата-ана жасай алатын ең маңызды қадамның бірі. Балаларға кімге сенуге болатынын айтып, оларды мазалаған нәрсенің бәрін айту маңызды. Баланың қауіпсіздігін алаңдайтындықтан, осы әңгімені қозғап отырғаныңызды айтыңыз. Мұндай диалог баланың жасына байланысты өзгеруі мүмкін. Жеке шекаралар туралы ұмытпаңыз.

  1. Балаңызбен интернетте өзін ұстау ережесін жасаңыз.

Балаларыңызбен желіде кіммен және қалай сөйлесетіні және олардың жазбаларын кім көре алатыны туралы сөйлесіңіз. Интернеттегі мінез-құлық ережесі (нетикет): кемсітушілік немесе орынсыз контентке жол бермеу, жеке шекараларды сақтаудың маңызы, физикалық және виртуалды әлемде орынсыз өтініштерге «жоқ» деп айтуға болатынын айтып беріңіз. Интернетте жарияланған барлық нәрсенің – фотосурет, видео, пікір – ізі қалатынын түсіндіріңіз. Балаларға онлайн қауіпті тануға және әрбір жағдайда қалай әрекет ету керектігін талқылауға көмектесіңіз.

  1. Қорғану үшін бағдарламалар мен қолданбаларды пайдаланыңыз.

Құрылғының бағдарламалық құралы мен қолданбаларын жаңартыңыз және құпиялық параметрін реттеңіз. Балаларыңызбен жеке ақпаратты құпия сақтаудың маңызы туралы сөйлескенде, осы ережені өзіңіз ұстаныңыз. Ата-ана бақылауын және Google Family Link, экран уақыты және iOS локаторы бар қауіпсіз іздеу құралдарын пайдаланыңыз. Осы сілтеме арқылы ата-ана бақылауы қалай жұмыс істейтіні және әртүрлі құрылғылар үшін қандай құралдар қолжетімді екендігі туралы нұсқауларды жүктеп алуға болады.

Ата-ана бақылауы – барлық құрылғы мен қолданбада қолжетімді параметрлер. Олар ата-аналарға баласының құрылғысындағы экран уақытын, ойындағы шығындарды, мазмұнды, онлайн байланысын және т.б. басқаруға мүмкіндік береді.

  1. Интернетте бірге уақыт өткізіңіз.

Балаңызбен бірге қолайлы қолданбалар мен ойындарды таңдаңыз. Мұны істеу үшін бастауыш сынып оқушыларына арналған Kids Search немесе Kidtopia іздеу жүйесін немесе жай ғана қауіпсіз іздеуді пайдалануға болады. Ол ересектерге арналған контентті іздеу нәтижесінен жасырады.

Балалар әдетте ересектердің істегенін қайталайды. Үлгі болыңыз және не істеп жатқаныңызды және желіде не бөлісетініңізді есте сақтаңыз. Салауатты онлайн әдеттер үлгісін қалыптастырыңыз.

Ата-ана қайтсе этикаға сай болады?

Балалар көбінесе ата-аналарына қарағанда технологияны жақсы меңгереді. Балаға ата-ана бақылауы оның құқығы мен бақылауын шектеу үшін емес, оның қауіпсіздігі үшін орнатылатынын түсіндіру маңызды. Бастауыш мектеп оқушысына бұл бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін көрсету жеткілікті. Сіз жасөспірімге қолданбаны өзі орнатуын және бірге пайдаланылатын мүмкіндіктерді таңдай аласыз.

Көптеген бала шектеулерді айналып өтуді біледі: жалған аккаунт жасау немесе бұзу қолданбасын пайдаланады. Егер сіздің балаңыз ата-ана бақылауын орнатуға қарсы болса, талап етпеңіз. Әңгімеге кейінірек оралыңыз және мұндай бағдарламаның артықшылығы туралы айтуға тырысыңыз. Сонымен қатар, балаңыздың желідегі қауіптер мен өзін қорғау тәсілдері туралы білетініне көз жеткізіңіз.

Балаларды желіде қорғау үнемі назар аударуды және ашық әрі сенімді қарым-қатынасты қажет етеді. Балалар кез келген жағдайда сіздің қолдауыңызды сезіп, көмегіңізге сене алатынын білуі маңызды.

Материал Еуроодақтың қаржыландыруымен жарық көрді. Оның мазмұнына «Балалар&Желі» жобасының командасы жауапты және Еуроодақтың көзқарасын білдірмейді.

«Балалар&Желі» жобасының командасы:

  • Мөлдір Утегенова
  • Михаил Беляков
  • Катерина Афанасьева
  • Насиба Нуритдинова

проектный менеджер Международного центра журналистики MediaNet, феллоу Международной правозащитной организации Access Now, автор в Factcheck.kz, исследовательница гендерных вопросов, цифровых прав, медиаграмотности и борьбы с дезинформацией.

Factcheck.kz