Арандату | Коронавирус ауруы тоқтады

Соңғы күндері Қазақстандық интернет кеңістікте коронавирустың тоқтағандығы туралы “сүйіншілеген” видео-жаңалық тарап жатыр. Әсіресе WhatsApp желісінде әртүрлі монтаждалған видеолар чаттарда қыдырып жүр. Видеодағы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады, бірге тексеріп көрейік.

Сүйінші! Қуанышты жаңалық, коронавирус ауруы тоқтады

Әлеуметтік желілердегі хабарлама

Үкім: Арандату

Видео 2020 жылдың 10 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі (ОКҚ) брифингте түсірілген, сондықтан мәлімдеменің қазіргі жағдайға ешқандай қатысы жоқ. Тараған видеоға сеніп, арандап қалмаңыз.

Видеода сөз сөйлеген Бағдат Қожахмет қазір ҚР ДСМ-ның ресми өкілі емес, ол 29 қазанда екі тараптың келісімімен қызметінен кеткен болатын.

Видео 2:29 минутынан бастап 34 секунд кесілген, кейін әлеуметтік желілерге “Қазақстанда коронавирус тоқтатылды” деген жазумен лезде тараған. Видеода Бағдат Қожахмет коронавирус емес, вирусты жаппай жұқтыру тоқтағанын айтады.

Ал, ақпараттың жылдам таралуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың 24 ақпандағы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) отырысындағы мәлімдемелер себепші болғанға ұқсайды. Мәлімдеме бойынша 7 күн бойы “жасыл аймақта” тұрған өңірлерде 1 наурыздан бастап карантин шараларын жеңілдету қарастырылған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz