Журналист Эзра Абдель Фаттахты полиция ұрлап, азаптады

Журналист Эзра Абдель Фаттахты полиция ұрлап, азаптады
сурет www.alaraby.co.uk сайтынан алынды

Қазанның 12-сі Мысырдың құқық қорғаушысы, журналист, белсенді Эзра Абдель Фаттахты өз автокөлігінен полиция ұрлап, белгісіз бағытта алып кеткен. Журналистің айтуынша полиция оны азаптаған. Бұл жайлы rsf.org хабарлайды.

Кеше Фаттахқа “террористік топқа қатысы бар”, “жалған ақпарат таратты” және “бұқаралық ақпарат құралдарын теріс пайдаланды” деген айып тағылды. Жергілікті сот журналистті 15 күнге бас бостандығынан айырды.

Белсенді тұтқындаудан кейін ұшыраған қатыгездік пен азаптауларға қарсы наразылық ретінде аштық жариялады. Қорғаушысының айтуынша полицейлер смартфонының құпиясөзін айтудан бас тартқан журналистті соққыға жыққан.

“Эзра Абдель Фаттахқа қатысты зорлық-зомбылық та, тағылған айып та миға қонымсыз”, – дейді RSF-тың Таяу Шығыс бөлімшесінің басшысы Сабрина Беннуи. Оның айтуынша Фаттахтың аштық жариялауы Мысырдағы журналистердің жаппай қуғынға ұшырап жатқанының айқын дәлелі.

RSF мәліметтеріне сәйкес, қыркүйектің 20-сы күні басталған Президент Абдель Фаттах эль-Сисиге қарсы наразылық шаралырының барысында кем дегенде 16 журналист тұтқындалды. Олардың төртеуі босатылды.

Мысыр 2019 жылы RSF баспасөз бостандығының әлемдік индексінде 180 елдің ішінде 163-ші орынды иеленді.

Factcheck.kz