Ватиканда хакерлер “ақылды тәспілерді” бұзып, дербес дерекке қол жеткізді

Ватиканда хакерлер "ақылды тәспілерді" бұзып, дербес дерекке қол жеткізді
сурет Vatican.news сайтынан алынды

Үш күн бұрын Ватиканда “ақылды” тәспілердің тұсауы кесілді. Алайда, CNET басылымының хабарлауынша жаңа гаджетте олқылықтар пайда болды.

“Ақылды тәспі” он шақты қара моншақ және кірестен тұратын құны $110 құрылғы. Тәспі мобильді қосымшамен синхрондалған. Құрылғы жастарға құлшылық етуге көмектесу үшін арнайы жасалған.

Киберқауіпсіздік жөніндегі зерттеуші Батист Робердің айтуынша хакерлер Click to Play мобильді қосымшасы арқылы тәспі иесінің аккаунтын бұзып кірген. Тіркеу кезінде пайдаланушы поштасын көрсетеді, ал жүйе құпиясөзді орнату үшін сол поштаға төрттаңбалы PIN-код жібереді.

Тәспіні іске қосу үшін мобильді қосымша серверден код сұратады. Сервер кодты шифрланбаған күйде жібереді. Яғни, кез-келген адам кодты желіде “қағып” алуына болады. Зерттеушінің айтуынша мәселені анықтауға бар-жоғы 15 минут кетті.

Эксперимент үшін CNET редакторы қосымшада аккаунт ашты. Ал Робер редактордың аккаунтына бірнеше рет бұзып кірді. Робер пайдаланушының жынысы, бойы, салмағы және туған күні сияқты деректерге қол жеткізді. Сонымен қатар, редактордың аккаунтын өшіруге мүмкіндік алды.

Хакерлер аккаунтын бұзып кірген қолданушыларғы “басқа құрылғыдан кірдіңіз” деген хабарлама келген.

Ватикан бұл мәселе бойынша ешқандай пікір білдірмеді.

Factcheck.kz