Twitter жарнама берушілерге қолданушылардың дербес дерегін берді

Twitter қолданушылардың телефон нөмірі мен электронды поштасын жарнама берушілерге “абайсызда” берді. Телефон нөмірлері мен поштаны қауіпсіздік баптаулары арқылы, оның ішінде екі факторлы аутентификация қызметі арқылы алынды. Бұл жайлы компания өз блогында хабарлады. .

Пайдаланушылардың құпия ақпаратын беру әдісі қарапайым болып шықты. Твиттерге жарнама берушілер компанияның қорында сақталған телефон нөмірлері мен электронды поштасының негізінде өз қалауынша жарнама бере алады. Алайда жарнама жүктелген кезде, Twitter оларды қолданушылардың телефон нөмірлері және электронды пошта мекенжайларымен салыстырып отырды.

Твиттер өз кінәсін мойындап, қолданушылардан кешірім сұрады.

Компания өз қолданушыларының “жеке мәліметтерін” жарнама серіктестеріне немесе басқа тұлғаларға ешқашан бермегенін айтты.

Мәселе 2019 жылы қыркүйектің 17-сі түзетілді. Сонымен қатар, компания мұндай олқылықтың екінші рет қайталанбайтынына уәде берді. Дегенмен қанша қолданушының дерегі жарнама берушілердің қолына түскені әлі күнге дейін белгісіз.

Қыркүйек айында Twitter SMS-хабарлама арқылы твит жариялау функциясын алып тастады. Мұндай өзгерістер алаяқтар компанияның бас директоры Джек Дорсидің твиттер аккаунтын бұзып кіргеннен кейін орын алды. 

Factcheck.kz