Twitter дипфейкпен күресу саясатының алғашқы нұсқасын көрсетті

Twitter “манипуляциямен айналысатын медиамен” күресуге бағытталған жаңа саясатының алғашқы нұсқасын көрсетті. Енді платформа жалған фото, видео және аудио жазбаларды өшірмейді. Оның орнына “манипуляция” белгісін қояды. Бұл туралы Twitter өз блогында хабарлады.

Жаңа саясатқа сәйкес платформа адамдарды адастыруға немесе шатастыруға тырысатын дипфейктерге ғана жауап береді. Twitter мұндай твиттерді анықтаған жағдайда “синтетикалық немесе манипуляциялық жазбалар”деген белгі қояды.

Твиттер дипфейктерді қалай қадағалайтынын ашып айтпады. Жаңа өзгерістерге сай енді қосымша:

  • дипфейк жарияланған жазбаларға арнайы белгі орнатады;
  • дипфейк жариялағысы келетін пайдаланушыға ескерту жібереді;
  • бұл жазбаның неліктен дипфейк екенін түсіндіретін мақалаларға немесе Twitter Moments сарапшыларына сілтеме орнатады;

Егер дипфейк адамдардың денсаулығына қауіп төндірсе, компания оны өшіріп тастайды.

Пайдаланушылар онлайн-сауалнамада немесе TwitterPolicyFeedback хештегі арқылы жаңа саясат туралы пікір білдіре алады. Сауалнаманы ағылшын, жапон, португал, араб, хинди және испан тілдерінде өтуге болады. Жауаптар 27 қарашаға дейін қабылданады.

Сауалнаманың нәтижесін ескере отырып, компания жаңа саясатына өзгерістер еңгізеді.

Twitter дипфейктермен күресті қолға алған төртінші ірі компания. 2019 жылдың қыркүйегінде Facebook және Microsoft дипфейктерді анықтау құралын жасау бойынша бастама ұсынды. Google дипфейкпен күресу үшін 3 мың жалған видео сақталған ашық деректер базасын шығарды.

Factcheck.kz