Ресей "жағымсыз" контентке байланысты Shutterstock фотобанкінің доменін бұғаттады

Роскомнадзор американдық фото және бейнематериалдар банкі Shutterstock сайтының доменін бұғаттады. Shutterstock өкілінің айтуынша, Ресей билігі сайттағы контентті “жағымсыз” деп таныған. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Роскомнадзор өз сайтында Бас прокурорының шешімімен Ресейде Shutterstock домені қарашаның 13-інен бастап бұғатталғанын хабарлады. Алайда хабарламада бұғаттау себептері көрсетілмеген.

Дүйсенбі күні Shutterstock компаниясы image.shutterstock.com доменінің бұғатталғанын хабарлады. Компания бұл мәселені ресей билігімен шешуге тырысуда. “Бізге Ресей билігі қай контентті жағымсыз деп танығаны белгілі”- деп хабарлады компания.

Суреттер өшірілді, енді Shutterstock Роскомнадзормен бірігіп сайтта кішірейтілген суреттерді өшіру бойынша жұмыс істеуді жалғастыруда. Компания мәселе нақты қай суреттерге байланысты туындағанын ашып айтпады .

Роскомнадзор өкілі журналистерге Shutterstock-тың кейбір парақшалары прокуратураның (мемлекеттік рәміздерді қорлау) және Роспотребнадзордың (өзін-өзі өлтіру тәсілдері) талабы бойынша реестрге енгізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл парақшаларға кіру шектеледі, себебі тыйым салынған ақпарат әлі жойылған жоқ.

Shutterstock- фотосуреттер, бейнематериалдар және музыка ұсынатын американдық компания. Қазіргі уақытта оның қорында 260 миллион сурет бар.