Пәкістан танысуға арналған қосымшаларды бұғаттады

Пәкістанда сейсенбі күні (1 қыркүйек) Tinder, Grindr және бұдан өзге танысуға арналған үш қосымшаны жергілікті заңдарды бұзғаны үшін бұғаттады. Пәкістан қосымшаларды моральдық нормадан алшақтап, азғындалған контентті таратуға себеп болып отыр деп айыптайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Пәкістанның телекоммуникация басқармасы бес қосымшаның басшылығына “азғындататын / әдепсіз контенттің теріс салдарын ескертіп” хабарлама жібергенін айтты. Мекеме “танысу қызметін” алып тастауды және жергілікті заңнамаға сәйкес контентті модерациялауды талап еткенін де айтты. Компаниялар ескертуге белгіленген мерзімде жауап бермеген соң қосымшалар бұғатталған.

Sensor Tower аналитикалық компанияның дерегінше, соңғы 12 айда Tinder Пәкістанда 440 000-нан астам жүктелген. Grindr, Tagged және SayHi шамамен 300 000, Skout қосымшасы 100 000 рет орнатылған.

Контекст

  • Пәкістан Индонезиядан кейінгі мұсылман саны бойынша әлемдегі екінші ел. Некесіз араласу және біржынысты қатынас заңға қайшы әрекет болып саналады.
  • Сарапшылардың пікірінше, Пәкістан билігі интернеттегі сөз бостандығын шектеп, әдепсіз деп танылған контентті, сонымен қатар үкімет пен әскерилерді сынаған жаңалықтарды бұғаттап немесе алып тастауға тырысады.
  • Журналистер құқығын қорғайтын халықаралық “Шекарасыз репортер” ұйымының мәліметінше, Пәкістан сөз бостандығы бойынша 179 елдің ішінде 145-орында. 2019 жылмен салыстырғанда үш сатыға төмендеген. Ал 2018 жылы 139-орында болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz