Мәскеуде коронавируспен күресу үшін Face ID жүйесін пайдаланады

Мәскеу мэрі Сергей Собянин өз блогында “Мәскеуге инфекцияның енуіне жол бермеу үшін алдын алу шаралары” туралы айтып берді. Мәскеу әуежайында дәрігерлер бригадасы кезекшілігін жалғастырады және Қытайдан келген барлық жолаушылар (транзиттік те) медициналық тексеруден өтеді.

Сергей Собяниннің айтуынша тіпті ауру белгілері болмаған жағдайда да әуежайда жолаушыларға тұрғылықты (немесе уақытша) жері бойынша екі апталық оқшаулау туралы қаулы мен аурухана парағын береді. Яғни, Қытайдан келген кез келген адам екі апта үйден немесе қонақ үйден шықпауы тиіс.

Бүгінде екі апталық оқшаулау туралы 2,5 мыңға жуық қаулы берілген. Оқшаулаудың оныншы күні коронавирусқа тағы бір талдау жасалады. Үкімет шекараларда жаппай бақылау жүргізгенге дейін Мәскеуге ұшып келген ҚХР азаматтарын да тексеруді жоспарлап отыр.

Собяниннің айтуынша полиция мен медицина қызметкерлері олардың тұруы мүмкін жерлерге (қонақ үйлер, жатақханалар, жеке пәтерлер) рейд жүргізеді. Сонымен қатар, Қытайдан келгендерге метрополитен қызметкерлері құқық қорғау органдарымен және жедел жәрдем дәрігерлерімен бірлесіп мониторинг жүргізуде.

Вирустың тарауын алдын алу шараларын жүзеге асыру үшін Face ID автоматтандырылған жүйесі пайдаланылады. Осыған байланысты мэр Мәскеуде болған оқиғаны айтып берді.

Бірнеше күн бұрын Мәскеуге ҚХР азаматы келді. Әуежайда ол коронавирусқа талдау жасап, екі апталық оқшаулау туралы қаулы алды. Сараптама нәтижесі "оң" болып шықты. Бірден айтайын, зертханада қате кетіпті. Бірақ ол кезде біз қызметкерлердің қателескені туралы білмедік. Жедел жәрдем бригадасы тез арада оның үйіне барып, жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханаға жатқызды.

Оның көршісі (ол да ҚХР азаматы) үйде қалды. Бейнебақылау камераларын қарау арқылы қыздың оқшаулау режимін бұзғанын анықтадық. Ол аулада серуендеп, өзінің танысымен кездескен. Одан да талдау алдық.

"Пекин – Мәскеу" рейсінің барлық 58 жолаушысының аты мен байланыс деректерін алдық. Видеосараптаманың көмегімен ҚХР азаматын әуежайдан үйіне дейін апарған  такси жүргізушісін анықтай алдық. Ол тұрып жатқан үйдің барлық тұрғындары жайлы(600-ден астам адам) мәлімет жинай бастадық.

Кейіннен алғашқы талдау қате екенін білдік.

Адамның жүзін тану жүйесі Мәскеу аумағында ақпан айында іске қосылды. РосКомСвобода осы саланы реттейтін және бұл технологияны теріс пайдалануға, сондай-ақ биометриялық деректердің тарап кету ықтималдылығын азайтатын заңнама әзірленгенге дейін жүйені пайдалануға бес жылдық мораторий қабылдауды ұсынып отыр.

Factcheck.kz