Лондонда полиция Face ID камераларын орнатады

Лондон полиция қызметі бет-әлпетті тану технологиясы бар камераларды сынақтан өткізіп, оларды пайдалана бастайтынын хабарлады.

Әрбір камера күніне бес-алты сағат бойы жұмыс істейді. Жүйе тізім бойынша зорлық және басқа да ауыр қылмыс жасады деп танылған күдіктілерді іздестіреді. Полиция камералар күдіктілердің 70%-ын дұрыс танығанын хабарлады, бірақ тәуелсіз сарапшылар шын мәнінде камера күдіктілерді дұрыс анықтай алмайды дейді. Құқық қорғаушылар бұл азаматтық еркіндікке қауіп екенін алға тартады.

Полиция камераларды бір айдың ішінде іске қосатынын, алдымен жергілікті қоғамдастықтармен кеңесетінін хабарлады. Сондай-ақ камераларды белгілі бір аумақта қоспастан бұрын адамдарға ескерту жібереді.

Полиция өкілі Ник Эфгрейвтың айтуынша олар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды қолдануға міндетті. Оның ойынша мұқият және барынша ойластырылған жүйе адам құқығын бұзбайды.

Соңғы төрт жылда Liberty және Big Brother Watch сияқты Британдық қоғамдық ұйымдар бұл технологияға қарсылығын білдірді. Қарсылықтарға қарамастан полиция жүйені сынақтан өткізуді жалғастыра берді. Борис Джонсон сайланғаннан кейін Скотленд-Ярд полициясы жүйені іске қосты.

Factcheck.kz