Гонконг: Apple “HKmap Live” қосымшасын өшіріп тастады

Гонконг: Apple "HKmap Live" қосымшасын өшіріп тастады
сурет www.bbc.com/russian сайтынан алынды

Apple корпорациясы App Store-дан HKmap Live қосымшасын алып тастады. BBC орыс қызметінің хабарлауынша мобильді қосымшаның көмегімен Гонконгтағы наразылық білдірушілер өз смартфондарынан полицияның қозғалысын бақылап отыратын еді.

Apple компаниясы наразылар қосымшаны полициядан қашу үшін пайдаланды деп мәлімдеді. Компания қосымшаны өшіру өтінішінің кімнен келіп түскені жайлы айтпады. Telegram-дағы чаттар арқылы ақпарат жинайтын HKmap Live бағдарламасын Google қолданбалар дүкенінде және желіде жүктеп алуға болады.

Алайда Гонконг оппозициясы мобильді қосымша митингіге қатысушыларға полицияның шоқпарынан, резеңке оқтарынан қорғануға көмектесті дейді. Кейбір сыншылар Apple-дің бұл шешімін Қытай алдындағы “иілу” деп атады.

HKmap Live қосымшасын әзірлеушілер Apple-дің шешімін бюрократтардың қатесі дейді. “Кез-келген құралды заңсыз пайдалануға болады. Бар мәселе қосымшаны кімнің пайдалануында. Біздің қолданба тек қана ақпарат береді, заңсыз іс-әрекеттерге көмектеспейді” дейді әзірлеушілері.

Сондай-ақ, өткен жұма күні Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лэм митингіге қатысушыларға бетін арнайы маскамен немесе басқа да құралдармен жасыруға заң жүзінде тыйым салды. Аталмыш заң 1922 жылы қабылданған еді.

Гонконгта жаппай митингілер басталғаннан кейін наразылар қолдан жасалған маскалар, респираторлармен көшеге жиі шыға бастады.

Factcheck.kz