Facebook Сингапур үкіметінің өтініші бойынша STR басылымының парақшасын бұғаттады

Facebook Сингапур үкіметінің өтініші бойынша State Times Review басылымының парақшасын бұғаттады. Биліктің пікірінше, сайтта фейк ақпарат жиі пайда болады. Бұл жайлы The Drum хабарлайды.

Сингапур билігі STR сайтын жалған жаңалықтар мен жалған ақпарат таратты деп бірнеше рет айыптаған. Осыған дейін үкімет сайтқа екі рет ескерту жасаған.

Соңғы ескерту сайт коронавирус (Covid-19) туралы мақала жариялағаннан кейін жасалды. Үкіметтің пікірінше мақаладағы ақпарат «толығымен қате». Нәтижесінде State Times Review-дің фейсбуктегі парақшасы @THEREALSINGAPORE болып өзгертілді.

Бұдан кейін байланыс және ақпарат министрі С. Ишваран POFMA кеңсесіне фейсбук Сингапурдағы пайдаланушыларға сайтқа кіруге тыйым салсын деп тапсырды.

Facebook тапсырысты орындауға “заңды түрде мәжбүр” екенін мәлімдеді. Дегенмен, әлеуметтік желі “мұндай тапсырыстар шексіз” және “Сингапур үкіметінің POFMA цензура құралы ретінде пайдаланылмайды деген пайымдауына қайшы келеді” деп санайды.

«Біз бұл Заңның қамту әлеуетін бірнеше рет атап өттік, Сингапурда пікір білдіру еркіндігін шектейтін жағдайларға алаңдаушылық танытамыз» дейді компания өкілі.

Factcheck.kz