Facebook Ресей мен Ирандағы фейк аккаунттар желісін өшірді

Facebook Ресей мен Ирандағы фейк аккаунттар желісін өшірді

Facebook жалған ақпаратқа қарсы күрес аясында Ресей мен Иранда тіркелген фейк аккаунттар желісін өшіріп тастады. Компанияның айтуынша өшірілген аккаунттар желі пайдаланушыларын алдауға тырысқан. Бұл жайлы Vox.сom хабарлайды.

Компания Ресейден бір, ал Ираннан төрт аккаунттар желісін өшірді. Ресейдегі аккаунттар желісі ресейлік 2016 жылы өткен сайлауға араласуға әрекет еткен топпен байланысы анықталды. Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг NBC-ге берген сұхбатында өшірілген аккаунттар 2020 жылы өтетін Америкадағы сайлауға араласуға әрекеттенгенін хабарлады.

Компанияның айтуынша, фейк аккаунттардың мақсаты АҚШ, Солтүстік Африка және Латын Америкасына әсер ету. Цукерберг қазір Ресей, Иран және Қытай сайлауға араласу үшін барынша құйтырғы тактика қолданады деп ойлайды.

Сондай-ақ, компания сайлауға жалған ақпарат пен басқа мемлекеттердің араласуына қарсы күрес шаралары аясында жаңа қадамдарға баратынын хабарлады. Мысалы, мемлекеттің бақылауындағы БАҚ-тардың аккаунттарында арнайы белгі пайда болады. Белгі басылымның барлық жазбасында көрсетіледі және саяси жарнама реестірінде сақталады.

Алдағы жылы компания “ашықтық” саясатын ұстануды көздеп отыр. Сол себепті фейсбуктегі топтың немесе қоғамдастықтың басты бетінде оны басқаратын адам жайлы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар, Facebook сайлаушыларды сайлауға қатыспауға шақыратын ақылы жарнамаларды өшіріп отырады.

Factcheck.kz