Эквадордың барлық тұрғындарының және Ассанждың жеке мәліметтері тарап кетті

Эквадордың барлық тұрғындарының және Ассанждың жеке мәліметтері тарап кетті

Эквадордың барлық халқының жеке деректері желіде тарап кетті. Дерекқорда Джулиан Ассанжға да қатысты ақпарат бар. Деректердің жаппай таралу оқиғасын ZDNet хабарлайды.

Деректер базасын Vpnmentor компаниясының зерттеушілері Ноам Ротем және Ран Локар анықтады. Бұл деректердің таралуының ең ауқымды оқиғасы болуы мүмкін. Эквадорда 16,6 миллион адам тұрады, ал базада 20,8 миллион жазба табылған.

Зерттеушілер базадағы деректердің бөлімдерінің атауына сүйене отырып, мәліметтердің бір бөлігі үкіметтік дереккөзден алынуы мүмкін деген болжам жасады. Базада азаматтардың толық аты-жөні, туған күні мен жері, тұрғылықты мекен-жайы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер, ұлттық сәйкестендіру нөмірі, білімі, лауазымы мен жұмыс орны туралы ақпарат, телефон нөмірі сақталған.

ZDNet дерекқордағы кейбір деректердің түпнұсқалығын тексерді. Тексеріс барысында ақпараттың жаңа екені, базада 2019 жылғы деректер сақталғаны анықталды.

Басылым президент Ленин Мореноның, тіпті Джулиан Ассанждың жеке дерегін тапты. Бұған дейін WikiLeaks-тың негізін қалаушы Эквадорда саяси баспана мен ұлттық сәйкестендіру нөмірін алған еді.

Сондай-ақ, базада кейбір азаматтардың банктік шоттың жағдайы, рәсімделген кредиттер туралы қаржылық ақпарат бар. Дерекқорда автомобильдердің модельдері мен нөмірлік белгілерін қоса алғанда, автокөлік иелері туралы ақпаратты табуға болады.

Британ полициясы Ассанжды сәуірдің 11-і тұтқындаған еді. Ол аса құпия құжаттарды, билік өкілдерінің хаттарын, сыбайлас жемқорлық туралы деректерді жұртқа жариялағаннан бастап атақты болды. Ол 2010 жылы жыныстық зорлық көрсетті деген күдікпен қамалып, кейіннен кепілмен босатылды.

Ассанж 2012 жылы маусымның 19-ы Эквадор елшілігіне саяси баспана беру өтінішімен келді және бүгінгі күнге дейін ол жерден шықпаған.

Бірнеше сот отырыстарынан кейін Ұлыбритания WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды өлім жазасы заңмен бекітілген елге жібермейтінін хабарлады.

Factcheck.kz