БҮГІН | Колесникованың шағымы, Навальныйға қойылған күзет, Помпеоның болжамы

Беларусь оппозиция мүшесі Мария Колесникова Беларусь қауіпсіздік комитеті және Ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бас басқарманың қызметкерлеріне Тергеу комитетінен қылмыстық іс қозғауды талап етті. Марияның айтуынша, оны күшпен ұстаған уақытта “өміріне қауіп төндіріп, өлтіреміз” деп қорқытқан. Колесникова адвокатымен бірге Тергеу комитетінің төрағасы Иван Носкевичтің атына шағым жазды. Бұл туралы Tut.by басылымы хабарлады.

БҮГІН | Колесникованың шағымы, Навальныйға қойылған күзет, Помпеоның болжамы
Мария Колесникова. Сурет: The Associated Press

Мария Колесникова 7-8 қыркүйектегі оқиғалардың хронологиясына қатысты барлық жағдайды толық баяндаған: белгісіз адамдардың ұрлауы, психологиялық қысым, өміріне төнген қауіп және Беларусьтен күшпен шығару туралы.

Мария Колесникова Беларусь қауіпсіздік комитеті мен Ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бас басқарманың қызметкерлерінің нақты есімі мен лауазымын да жазған. Оппозиционер Беларусь Қылмыстық кодексінің 182, 183, 186-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Навальныйдың айығуы

Insider басылымы (Bellingcat және Der Spiegel-мен бірге) өз дереккөздеріне сілтеме жасап, ресейлік оппозициянер Алексей Навальный 8 қыркүйекте комадан шыққан соң толық айыққанын хабарлады. Басылымның жазуынша, Навальныйдың денсаулығы жақсарып, ұшақта есін жоғалтқанға дейінгі оқиғаны толықтай есіне түсірген.

Басылымның мәліметінше, аурухананың қауіпсіздік қызметі күшейтілген. Навальныймен кездесу үшін үш деңгейге бөлінген күзетшілерден өту керек. Оппозиционердің бәрін есіне түсірген сәттен бастап, қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі («Қызыл қауіп») орнатылды.

БҮГІН | Колесникованың шағымы, Навальныйға қойылған күзет, Помпеоның болжамы
“Шарите” емханасының алдындағы полиция қызметкерлері. Сурет: REUTERS / Fabrizio Bensch

Дәрігерлер Навальныйға келген адамдарға кіруге рұқсат берді. Бұған дейін дәрігерлерден басқа оны әйелі ғана көре алатын еді.

Дәрігерлердің айтуынша, физикалық тұрғыда Навальный кем дегенде 90% қалпына келе алады, ал психикалық тұрғыда қазірдің өзінде толықтай айықты. Олардың сөзінше, ұшқыштардың ұшақты Омбыға қондыруға шешімінің арқасында Навальный аман қалған.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамыз күні Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты. Кейін Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды.

“Бұл жағдай Ресей үшін жақсы аяқталмауы мүмкін”

9 қыркүйекте АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “Алексей Навальныйдың улануына Ресейдің жоғары басшылығы тапсырыс беруі мүмкін” деді. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері бастамашы әрі шешуші рөл атқаруы ықтимал. Бұл туралы журналист Бен Шапироға берген сұхбатында айтты.

Вашингтон бұл жағдайға байланысты түрлі реакция қарастырып отыр.

БҮГІН | Колесникованың шағымы, Навальныйға қойылған күзет, Помпеоның болжамы
Майк Помпео

“Біз бұл жағдай қайталанбауы үшін қолымыздан келгенін жасаймыз. Менің ойымша, әлем дамып жатыр. Қалыпты елдер бұндай әрекеттер жұмыс істемейтінін түсінді. Бұл ресейліктер үшін жақсы аяқталмауы мүмкін”, – деді Помпео.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz