Апталық шолу: Перуашев, Жамалов һәм Қасымбек, күндізгі ұйқы зиян ба?

Осы аптада Factcheck.kz депутаттар мен әкім мәлімдемесіне және коронавирусқа байланысты ақпараттың рас-өтірігін тексерді. Редакция жарияланған материалдар бойынша шолуды ұсынады.

Перуашев қатесі

«Ақжол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Деловая неделя» газетіне берген сұхбатында әрбір қазақстандықтың шетелдік несие берушіге шамамен 9 мың доллар қарыз екенін мәлімдеді. Депутат қазірдің өзінде республика сыртқы кредиторларға шамамен 158 млрд АҚШ долларына қарыз және бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 90% құрайтынын айтты.

Тілшіміз Медет Есімханов бұл ақпараттың манипуляция екенін анықтады. Депутат жалпы сыртқы қарыз бен мемлекеттік және сыртқы қарыздың тек бір бөлігі болып саналатын мемлекет кепілдік берген қарыз ұғымдарын шатастырып отыр. Есеп комитетінің деректеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз 45,3 млрд долларды құрады — бұл ЖІӨ-нің 26,5 пайызы. Ал 2020 жылдың басындағы мәліметтерге сәйкес, елдің сыртқы қарызы 158 млрд доллар емес, 156,8 млрд доллар болған.

Әкім мәлімдемесіне фактчек

24 тамызда Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек «Азаттық рухы» сайтына сұхбат берді. Әкім сұхбат барысында қаладағы медициналық жағдай, экономика, жұмыссыздық туралы сөз қозғады.

Әкім “мемлекет бойынша Қарағанды облысының жұмыссыздық деңгейі ең төменгі көрсеткіш және жұмыссыз жүрген адам саны 4,5 пайыз, ол 10 000 адам” деп айтқан болатын. ҚР Статистика комитетінің дерегінше Қарағанды облысы мемлекет бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен өңір екені рас. Пайыздық есеппен – 4,5%.

Алайда, 2020 жылдың ІІ тоқсанында облыстағы жұмыссыз халық саны 30 127 болған. Әкім айтқандай 10 000 адам емес екенін тілшіміз Наргиза Ерес анықтады.

Жамаловтың сауалы

2 қыркүйекте ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Аманжан Жамалов ҚР Премьер-Министрі А.Маминге депутаттық сауал жолдады. Ол шілде айында инфляцияның 7,1 % құрағанын айтты.

Редакция депутаттың мәлімдесіне үкім қоймады. Себебі, Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар және шілде айлары арасында Қазақстанда инфляция 4,4% болса, ал ҚР Ұлттық банктің мәліметінше, расымен 7,1%-ды құрады. Екі өкілетті органның деректері қабыспағандықтан, бұл мәлімдемені үкімсіз қалдыруды жөн көрдік.

Депутат сонымен бірге азық-түліктің бағасы 11,4 % өскенін айтты. Статистика комитетінің мәліметінше, азық-түліктің бағасы биылғы жылдың алғашқы жеті айында 11,4% емес, 7,6%-ға қымбаттаған. Толық материалды мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Күндізгі ұйқы өлімге әкеп соға ма?

Қазақстан мен Ресейдегі бірқатар БАҚ Қытай ғалымдарының күндізгі ұйқының өлім қаупін тудыратыны туралы зерттеуін жариялады. Ресурстардың хабарлауынша, күндіз бір сағаттан астам уақыт ұйықтайтын адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына 34%-ға жиі ұшырайды. Одан бөлек, жалпы өлім қаупі 30%-ға артады. Бұған қоса, күндізгі ұйқы күніне 6 сағаттан артық ұйықтайтындарға да қауіп төндіреді. Сонымен бірге, күндізгі ұйқы ұзақтығына қарамастан өлім қаупін 19%-ға арттырады. Тілшіміз Медет Есімханов бұл ақпараттың манипуляция екенін анықтады.

Расында да ғалымдар күндізгі ұйқы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупі арасында және барлық себептен қайтыс болу арасында өзара байланыс барын анықтады. Алайда өз мақаласында олар бұл байланысты себеп-салдар деп келтірмейді. Күндізгі ұйқы жоғары қауіп-қатер себебі бола ма немесе мәселе басқа факторларда жатыр ма, бұл пікірталас тақырыбы болып қала береді. Одан бөлек, БАҚ-тың зерттеу авторларының тұжырымдарын едәуір ықшамдағанын атап өткен жөн, бұл да белгілі бір дәрежеде берілген ақпараттың дәлдігіне және оқырмандардың оны қабылдауына әсерін тигізеді. Жалпы алғанда бұл – күндізгі ұйқының ықтимал залалын анықтаған алғашқы зерттеу емес.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz