Апталық шолу: Коронафейк, “InternetCA-2020 және Атыраудағы ажырасқандар саны

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен басқа да елде тараған әлеуметтік маңызы бар ақпараттарды тексерді. Сонымен бірге, технологиялық жаңалықтар туралы жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Атырауда ажырасқан отбасы артып келе ме?

BAQ.KZ сайты және қазақстандық бірнеше медиа Атыраудағы отбасылардың ажырасуы туралы ақпарат таратты. Материалда әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия деректеріне сүйенгені жазылған және жыл өткен сайын ажырасушылар саны артып келе жатқаны айтылған. Оқырманның өтінішімен журналисіміз Думан Терлікбаев жаңалықтың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Материал үзіндісінде биылғы жылдың 9 ай ішінде облыста 4638 неке және 1192 ажырасу тіркелгені және бұл жалпы неке санының 25%-ы екені жазылған.

Статистика комитетінің дерегіне сай, биыл 9 айдың ішінде Атырау облысында 3 240 неке тіркелген. Осы уақыт аралығында тіркелген ажырасулар саны – 305. Бұл – өңірде тіркелген некенің 9 проценті. Комиссия келтірген деректі қайдан алғаны бізге беймәлім. Сондықтан BAQ.kz материалында келтірілген деректер —  жалған.

Тек еркектер қайтыс болатын ауру пайда болды ма?

1 қарашада Newsroom.kz сайты “тек қана ерлер қайтыс болатын” VEXAS ауруы туралы ақпарат таратты. Материалда синдромның аса қауіпті екені, ауырғандардың 40%-ті көз жұматыны жазылған. Оқырманның өтініші бойынша мұның қаншалықты рас-өтірігін тексердік.

Ұлттық денсаулық сақтау институтының ғалымдары (NIH) The new England journal of medicine журналында VEXAS деп аталатын қабыну ауруы туралы материал жариялағаны рас.

Алайда отандық сайттың мақаласында кликбейт (материалдың оқылымын көбейту үшін эмоцияға берілу және ақпаратты бұрмалау) байқалады. Біріншіден, Newsroom.kz сайтында дереккөзге гиперсілтеме қойылмаған. Екіншіден, VEXAS-пен ауырғандардың 40%-ті емес, зерттеуге қатысқандардың 40%-ті дүние салған. Үшіншіден, материал эмоцияға толы, бұл оқырманды шатастыруы мүмкін. Сондықтан да редакция шындық және манипуляция үкімін берді.

COVID-19 vs лимон шырыны

Radio VERA TV YouTube каналында израильдік дәрігер Йозеф Воск (кейбір дереккөздерде — Йосеф) лимон шырынын ішіп, коронавируспен қалай күресуге болатынын айтты. Бұл видео WhatsApp мессенджерінде жиі таралып, voxukraine.org сайтындағы әріптесіміз бұл тұжырымды жоққа шығарды. Factcheck.kz Қазақстан желісінде кеңінен тараған фейк ақпаратты оқырмандардың өтініші бойынша тағы бір мәрте тексерді.

Мен жас адам емеспін. Бұл тұмау антибиотикпен жиі аяқталатын… Мен қорқынышты күйікті басу үшін, лимон алып, оны ездім. Содан кейін екі қасық лимон іштім… Екінші күні менде ешқандай ауру жоқ екені байқалды. Бұл күтпеген жағдай еді. Өйткені тұмау басталып, кенеттен жоқ болып кетпейді… Мен әдебиетті зерттеп, тұмау вирусы және осы секілді барлық вирус қышқылға өте сезімтал екені белгілі болды. Мен мұны растайтын маңызды медициналық әдебиеттерді таптым. Менің жағдайым жақсарды.

Йозеф Воск

NAM (АҚШ Ұлттық медицина академиясы) дерегінше, лимон шырыны және басқа да қышқыл сусындар коронавирус инфекциясына әсер етпейді. Вирус сіздің жасушаларыңызға еніп, оның көшірмесін жасайды. Бұл көшірме жаңа жасушаларға түсіп, процесті қайталайды. Лимон шырыны сіздің ағзаңыздағы вирустарды жоймайды және көшіру процесін тоқтатпайды. Сондықтан үкімі жалған.

“InternetCA-2020 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы” атты интернет форумы аяқталды

Алматыда 11-13 қараша күндері “InternetCA-2020 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы” атты XI аймақтық интернет-форумы алғаш рет онлайн форматта өтіп аяқталды.

Форум дәстүрлі түрде MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл форумда Қазақстан, Беларусь, Украина, АҚШ, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сарапшылары тәжірибесімен бөлісті. Онлайн форумда құқықтарды құрметтеу, сот төрелігіне қол жетімділік, пандемия кезінде ақпаратқа қол жеткізу, цифрлық құқықтар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дезинформация мен фейктерге қарсы тұру туралы сөз қозғалды.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • Еуроодақ АҚШ-тан коронавирус вакцинасының 300 миллион дозасын сатып алады. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
  • Apple компаниясы жаңа м1 чипті Mac компьютерлерін таныстырды.
  • Байден баласын емдеу үшін Обамадан қарыз алды ма?
  • АҚШ-тағы сайлауда 2 млн-ға жуық өлі адам «дауыс бергені» рас па?
  • Facebook пен Google АҚШ-тағы сайлауға байланысты саяси жарнамаға тыйым салуды жалғастырып жатыр.
  • Гонконг оппозициялық депутаттары әріптестерін қызметінен босатқаннан кейін толықтай отставкаға кетті.
  • Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынап, оны “билікті заңсыз иемденіп, жемқорлық жасады” деп айыптаған саясаткер Заманбек Нұрқаділовті өлтіріп кеткеніне 15 жыл толды.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz