Twitter SMS арқылы твит жариялау қызметін алып тастады

Twitter SMS-хабарлама арқылы твит жариялау функциясын алып тастады. Бұл туралы әлеуметтік желінің техникалық қызметі хабарлайды. Хабарламада:

“Біз қолданушылардың есептік жазбаларын қорғау үшін SMS арқылы твит жариялау мүмкіндігін уақытша тоқтатамыз. Бұл шешімді ұялы байланыс операторларының шешуі тиіс мәселелеріне байланысты қабылдадық. Жақын арада біз сенімді SMS байланысқа тәуелді қызметті қайта қосамыз. Әзірге бұл қызмет түрі үшін ұзақ мерзімді стратегия әзірлейміз”, – деп мәселенің мән-жайы түсіндірілген.

Verge мәліметтері бойынша, SMS арқылы твит жариялау мүмкіндігі Twitter желісінің қалыптасуының алғашқы жылдарында маңызды болды. Алайда бұл функция қазір де бар.

Тамыздың 31-і Twitter компаниясының бас директоры Джек Дорсидің твиттер аккаунтын алаяқтар бұзып кірді. Tjournal-дың хабарлауынша бұзақылар Дорсидің атынан ар-намысқа тиетін жазбаларды, сондай-ақ ұлтшылдықты қолдайтын жазбаларды ретвиттеді. Келесі күні Дорсидің твиттер аккаунты SIM-картаны ауыстыру арқылы бұзылғаны белгілі болды. Осыдан кейін бұзақылар компания директоры атынан SMS-хабарлама жіберу арқылы твит жариялай бастады.

Factcheck.kz