Telegram блокчейнды сынауды бастады

Telegram блокчейнды сынауды бастады

Telegram компаниясы Telegram Open Network (TON) блокчейннің тестілік нұсқасын баршаға қолжетімді етті. «Ведомости» басылымының хабарлауынша блокчейн коды бар мұрағатқа сілтеме және жаңартылып отыратын коды бар Github репозиториі test.ton.org сайтында пайда болды.

Бұл әзірлеушілерге блокчейнның тестілік нұсқасын, толық ноданы (блоктық желі торабы) және валидаторды (блоктық транзакцияларды растайтын желіге қатысушы) орнатуға мүмкіндік беретін ақпарат. Кодтан басқа бетте ноданы орнату және оны валидаторға айналдыру жөніндегі нұсқаулықтар жарияланған. Сондай-ақ тест бетінде TON құжаттамасы берілген: блокчейн анықтамасы және элементтері, сондай-ақ TON блогчейнінде смарт-келісім-шарттар жасау үшін Fift бағдарламалау тілі. Барлық құжаттарға Павел Дуровтың ағасы және Telegram негізін қалаушылардың бірі Николай Дуров қол қойды.

TON блокчейнін жасырын сынақтан өткізу 2019 жылдың сәуір айында басталды. TON Павел Дуровтың блокчейн-платформасы. Telegram компаниясы платформаны әзірлеу үшін 1,7 миллиард доллар қаржы жұмсады. TON экожүйесінде контент, әр түрлі қызметтер мен тауарлар болады. Ал, платформа ішінде Gram криптовалютасы қолданылады.

Осыған дейін Telegram инвесторлар алдында 2019 жылдың 31 қазанына дейін блокчейн желісінің толық нұсқасын іске қосатынын мәлімдеді. Жоспар орындалмаған жағдайда бөлінген қаржы қайтарылады.

Factcheck.kz