Министр геологиялық барлау инвестициясы туралы қаншалықты рас сөйледі?

4 мамырда өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев геологиялық барлау туралы айтып, салаға қатысты дерек келтірген. Factcheck.kz министр сөзі қаншалықта рас екенін тексерді.

Министр мәлімдемесі (тайм-код: 29:50)

Мәлімдеме: Сонымен қатар Қазақстан геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялардың 1 шаршы километрге төмен көрсеткішімен сипатталады. Бізде ол 11 АҚШ долларын құрайды. Мәселен, салыстыру үшін Аустралияда – 167, Канадада – 203 доллар.

Серікқали Брекешев

Жалпы Ұлттық статистика бюросының Талдау ақпараттық-талдамалық жүйесінің ақпаратына сай (ең кейінгі дерек 2017 жылғы), пайдалы қазбалар қорларын барлауға және бағалауға республикалық бюджеттен 685 044 000 теңге кеткен. Бұл 2017 жылғы айырбас бағамымен 2 101 361 доллар. Яғни, Қазақстан аумағымен есептесек, әрбір шаршы километрге 0,75 АҚШ доллары жұмсалған. Нақты республикалық бюджет инвестициясының жаңарған деректері болмағандықтан (сол уақыттан бері салаға мемлекеттен инвестиция құйылмаған болуы да мүмкін), министр мәлімдемесін үкімсіз қалдырылды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көрсеткіші бойынша, 2021 жылы пайдалы қазбалар қорларын барлау және бағалауға салынған шығын жалпы мәнде (2021 жылғы айырбас бағамы бойынша) 576 975 000 АҚШ долларын құраған. Тиісінше, 1 шаршы километрге 206 доллардан инвестиция салынған.

Аустралия. Аустралияның 2020-2024 жылдарға арналған “Exploring for the Future” (Болашақты зерттеу) жобасына арнап, ел билігі пайдалы қазбалардың, энергияның және жер асты сулары ресурстарының әлеуетін жақсы түсіну үшін 225 млн АҚШ долларын бөлген. Яғни осы ақшамен санасақ, әрбір шаршы километрге 29 доллардан келеді. Оның үстіне бұл бір жылдық емес, төрт жылдық ақшаның құны екенін де ескеру қажет.

Бұдан бөлек, пайдалы қазбаларды барлауға 2021 жылы жеке компаниялар құйған ақша көлемі 3 588,4 млн АҚШ долларын құраған, яғни әрбір шаршы километрге 466 АҚШ доллары.

Канада. Канаданың статистикалық ақпаратына сай, 2020 жылы тау-кен және барлау компаниялары пайдалы қазбалар барлауына 2,1 млрд доллары жұмсаған. Канаданың аумағын ескерсек, 1 шаршы километрге 210 доллардан жұмсалған. Бұл министр келтірген дерекке сәйкес келеді.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz