Қараша айында inbusiness.kz сайты Қызылорда облысында биылғы жылдың тоғыз айында жол апаты 39,1%-ке, ал жарақат алғандар саны 41,6%-ке өскені туралы ақпарат таратты. Сайт Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ердаулет Жаукеевке сілтейді.
Осы орайда Factcheck.kz редакциясының аймақтағы авторы Нұрбек Дәуренбеков аталған мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.
Үкім: Шындыққа жақын
Мәлімдеме авторы нақты қай уақыт аралығымен салыстырғанда мұндай процент шыққанын нақтыламаған. Дегенмен, логикалық тұрғыдан өткен жылмен салыстырды деп топшалауға болады. Qamqor.gov.kz деректеріне сенсек, 2023 жылдың 9 айы мен 2024 жылдың дәл сол уақыты аралығында жол апаты 37%-ке, ал жарақат алғандар саны 40%-ке өскен.
Нақтырақ айтсақ, 2023 жылдың 9 айында 379 жол апаты тіркеліп, 472 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш биыл 522 және 662-ге өскен. Бірақ жол көлік оқиғаларының (ЖКО) саны мен жарақат алғандар саны көбейгенімен, мұның салдарынан көз жұмғандар саны азайған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың 9 айында 94 болса, 2024 жылы солу уақытта 81-ге түсті.
Жалпы, облыста расымен жол көлік оқиғалары саны артып келе жатқан тенденция байқалады. 2015 жылдан бері аймақтағы ЖКО көп өзгермей (тек 2019 жылы ғана бірден артып кеткен) келе жатқан. Бірақ көлік апаты 2023 жылдан бері өсіп келе жатқаны көрінеді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.