БЖЗҚ-дан қанша адам ақша алды?

15 желтоқсанда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Жамалов Аманжан БЖЗҚ-дан алынған ақша туралы статистикалық деректер келтіріп, депутаттық сауал жолдады. Factcheck.kz сайты осы орайда депутаттың сөзін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:00:37

Бүгінгі таңда 600 мыңнан астам адам жалпы сомасы 2 трлн теңге зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және денсаулық жағдайын жақсартуға пайдаланды.

Аманжан Жамалов, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы мәлімет (19 желтоқсандағы дерек) бойынша, 781 543 адам жалпы сомасы 2,4 трлн теңге зейнатақы жинақтарын алды. Оның ішінде 658 502 адам тұрғын үйге (2,3 трлн тг) және 123 041 адам денсаулық жағдайына (1,1 млрд тг) байланысты ақшаларын пайдаланды.

Орындалған өтініштердің ішінде ең көп 624 448 өтініш “Отбасы банкінен” түсті, кейін 24 851 өтініш “Қазақстан халық банкінен”, 8 665 өтініш “ЦентртКредит банкінен”, 325 өтініш “Altyn bank”-тен түссе, қалған 173 өтініш “Банк Фридом финанс Қазақстан” АҚ-дан түсті.

Нәтижесінде жаңа жоғары шек бойынша, зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндігі бар салымшылардың саны 600 мыңнан 150 мыңға дейін, яғни 4 есе қысқарады.

Аманжан Жамалов, депутат

Үкім: Дәлелденбеген

БЖЗҚ ресми өкілінің бізге берген мәліметі бойынша, 2022 жылдың 1 сәуірінде күшіне енетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің ең төменгі жеткілікті шегі бойынша алатын сомасы бар қазақстандықтардың саны шамамен 582 мың адам. Бұл әзірге деректерге сүйенген болжам, сондықтан да – дәлелденбеген деген үкім қоямыз.

Контекст

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 60 000 мың теңгеге (қазір 42 500 тг) өсуіне байланысты БЖЗҚ 3 желтоқсанда жаңа шектің методикаға байланысты өскенін сайттарына шығарды. Осыған байланысты халық арасында біраз түсініспеушіліктер туындап, резонанс пайда болды. Кейін Президент бұл өзгерісті 2022 жылдың 1 сәуіріне қалдыруды тапсырған болатын.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz