ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | «Болашақтықтардың» мемлекет алдындағы қарызы 1,9 миллиард теңге

“Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алған жастардың мемлекет алдында міндеттемесі бар. Тағылымдамадан өткен түлектер 3 жыл, ал академиялық білім алғандар 5 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Егер стипендиат шетелде қалып қойса немесе елге келгеннен кейін басқа салада қызмет ететін болса, мемлекеттің оқытуға жұмсаған шынынын өтеуге тиіс. «Хабар» арнасындағы «Білім» ток-шоуында (23 маусым күнгі шығарылым) «болашақтықтардың» осындай мемлекет алдындағы берешегі 1,9 миллиард теңге екені айтылған.

Үкім: Жартылай шындық

«Болашақ» түлектерінің мемлекет алдындағы берешегі бұдан әлдеқайда көбірек. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бізге берген жауабында былай дейді:

Келісім-шарт бойынша міндеттемелерін өтемей, стипендиядан айрылғандар саны – 161. Олардың ішінде шет ел компанияларына жұмыс істеуге шақырту алғандықтан сол жақта қалып қойғандар мен стипендиядан өз еркімен бас тартып, қарызын өтегендер бар. Стипендиядан айырылған «болашақтықтардың» жалпы қарызы 2,198 миллиард теңге, оның 857 миллион теңгесі қайтарылды.

ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | «Болашақтықтардың» мемлекет алдындағы қарызы 1,9 миллиард теңге
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасынан

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында стипендиаттардың 85%-ы Алматы және Астана қалаларында тұрақтап жұмыс істеп жатқаны айтылған болатын. Алайда, министр Е.Сағадиев бізге берген жауабында Алматы мен Астанада жұмыс істейтіндердің үлесі 77% екенін айтады.

Бүгінде түлектердің 23% аймақтарда, 77% Алматы мен Астана қалаларында жұмыс істейді. Бұндай пайыздық дисбаланстың болуы стипендиат пен жұмыс беруші және бағдарлама администраторы арасында жасалатын үшжақты келісім-шарттың болуы деп есептейміз, себебі, келісім-шарт бойынша жұмыс беруші стипендиат орнын сақтап қалуға міндетті, сондықтан бағдарлама түлектерінің көбі орталықта қалып отыр,

– дейді министр.

Factcheck.kz