АҚШ-та студенттер ақша табу үшін COVID-19-ды әдейі жұқтырып жатқаны рас па?

Өткен аптада Eadaily порталында «АҚШ-та студенттер ақша табу үшін Covid-19-бен әдейі ауырып жатыр» деген тақырыппен жаңалық шықты. Бұл туралы басқа БАҚ-та жарыса жаза бастады, олардың арасында НТВ телеарнасы да бар. Тіпті «Центральное телевидение» (04.20) бағдарламасында Айдахо студенттері «антиденелері бар қан тапсыру үшін коронавирусты арнайы жұқтырды» деп айтылды. Осының бәрі жалған екенін талдап көрсетейік.

Eadaily-де жарияланған материалда былай делінген: «Айдахо штатындағы Бригам Янг атындағы жеке діни университетінің студенттері антиденелері бар қан плазмасын тапсырып, қосымша ақша табу үшін коронавирусты әдейі жұқтыруға әрекеттенген кезде ұсталды» деп хабарлайды CBS телеарнасы…

Телеарна таратқан хабар бойынша, университет кампусының жанында қан плазмасын қабылдайтын орталық бар, ол жерде қан тапсырған әр еріктіге 100 АҚШ доллары беріледі. Сондай-ақ қанды бірнеше рет, яғни антиденелер ағзадан кетпегенше тапсыра беруге болады. Сол ауданда орналасқан тағы бір осындай орталық бір адамға 200 АҚШ долларын ұсынады екен». Бұл ретте ресурс ТАСС агенттігінің «АҚШ-тағы студенттер ақша табу үшін коронавирусты әдейі жұқтырып жатыр деп күдіктелуде» деген ақпаратына сілтеме жасайды. ТАСС болса CВS-ке сілтеме жасайды да, америкалық телеарна таратқан ақпараттан ауытқымайды.

Үкім: Жалған

CBS арнасының ақпаратында Eadaily-ге шыққан материалмен және әсіресе НТВ таратқан жаңалықпен ұқсас ештеңе жоқ. Тек телеарнаның сайтына жарияланған материалдың тақырыбы мынандай: «Университтің хабарлауынша, студенттер плазманы сату үшін коронавирусты әдейі жұқтыруы мүмкін». Тақырыпта асыра сілтеу бар, авторлар оны мұнша «айқайлатып» қою арқылы адамдар назарын аударғысы келгендей. Дегенмен онда осы мақаланы жазуға негіз болған Бригам Янг атындағы университетінің сайтында жарияланған ресми хабарламаға сілтеме бар. Ал онда әдейі жұқтырып жатқан адамдар немесе расталған фактілер туралы ешқандай ақпарат жоқ, ол хабарламаның негізгі мақсаты – ескерту (warning).

12 қазанда жарияланған «Ескерту: COVID-19 вирусын әдейі жұқтыру» деген хабарламада былай деп айтылған:

BYU-Idaho мекемесін COVID-19 антиденелері бар плазмаға берілетін ақшаны алу үшін өздеріне немесе басқаларға коронавирусты әдейі жұқтырған адамдар туралы хабарламалар қатты алаңдатып отыр. Университет мұндай әрекетке қарсы және біздің студенттер арасында осындайға барған не бармағанын анықтайтын дәлел іздейді. Өзіне немесе өзгелерге вирусты әдейі жұқтыртқан студенттер дереу оқудан шеттетіліп, тіпті университеттен шығарылады…

Осыған қоса хабарламада егер Айдахо мен Мэдисон округінде жағдай (коронавирустың таралуына байланысты – Авт) ары қарай ушыға беретін болса, онда университет толығымен қашықтан оқу жүйесіне көшетіні айтылған.

Сондай-ақ қажет болған жағдайда («қаржылық, академиялық, медициналық және басқа да көмек туралы білу үшін») студенттердің әлеуметтік қолдау орталығына байланысуға шақырады.

Шынында да CBS арнасының хабарлауынша, донорлық плазма жинайтын компанияның бір орталығы университеттің жанында орналасқан. Оған қоса компанияның веб-сайтында 100 доллар тек «ерекше алғыс ретінде» төленетіні айтылған. CBS-тегі мақаланың авторы «Шығыс Айдахо жаңалықтары» интернет-ресурсына сілтеме жасай отырып, донорлық плазманы жинайтын тағы бір орталық донорларға алғашқы екі келгені үшін 200 доллардан ұсынатынан хабарлайды.

«Шығыс Айдахо жаңалықтары» болса сонау 7 қазанда «Аймақтарда плазмаға деген сұраныс артып барады, себебі COVID-19 вакцинасын жасау үшін жарыс жалғасып жатыр» деген тақырыппен матариал шығарған. Мақалада мынандай ақпарат та бар: «Егер сіз COVID-19 пандемиясы кезінде қосымша ақша тапқыңыз келсе, онда плазмаңызды тапсырыңыз… Biolife Plasma Services компаниясының баспасөз хатшысы Алисия Хайлендер… коронавирус эпидемиясы кезінде адам плазмасына қажеттілік бар екенін айтады».

Осыдан кейін плазманы Айдахоның қай жерінде, қалай және қаншаға тапсыруға болатыны туралы ақпарат беріледі: «Біз бәрін донор болуға шақырамыз. Бұл басқаларға көмектесе отырып, демалудың тамаша тәсілі».

Қорытынды

  • АҚШ-тың шалғайдағы орналасқан Рексбург қаласындағы университеттің сайтында жарияланған студенттерге арналған хабарлама (алдын алу шарасы ретінде қарастырған жөн) түрлі өзгеріске ұшырап, дұрыс аударылмай орыс тілді медиа ортада, көрермен мен оқырман алдында толығымен бұрмаланып шыға келді. Алғашқы дереккөзде әдейі жұқтырған адамдар туралы нақты дәлелденген не анықталған жайттар туралы мүлдем айтылмайды.
  • Eadaily-ге шыққан мақаланың тақырыбында «АҚШ-та студенттер әдейі жұқтыруға тырысуда…» деп айтылады, яғни бұл мәлімдеме бүкіл елге қарата айтылып тұр. Сондықтан бұл жалған ақпарат қана емес, сонымен қатар манипуляция.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz