Зомби-фейк | Циклон әсерінен аптап ыстық болады

Кейінгі күндері әлеуметтік желіде халыққа арналған “ескерту-хабарлама” тарап жатыр. Мәтінде “циклон ыстық өтеді” және “Марстың кішкентай жұлдыздары түнде Жерге жақын орналасқандықтан, радиация үлкен болады” деп жазылған. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

  • Зомби-фейк | Циклон әсерінен аптап ыстық болады
  • Зомби-фейк | Циклон әсерінен аптап ыстық болады

Үкім: Зомби-фейк

Бұл — зомби-фейк. Себебі мұндай ақпарат бұрын да халық арасында тараған және бірнеше рет терістелген. Араға біраз уақыт салып қайта өңделіп, желіде қайта пайда болды. Төменде хабарламадағы маңызды тезистерді тексердік.

Біріншіден, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің сайтында жақын арада Қазақстанда циклон әсерінен қатты ыстық болатыны туралы хабарлама табылмады. Керісінше, Қазгидрометтің 15 шілдедегі хабарынша, “еліміздің көптеген өңірінің ауа-райына оңтүстік циклон әсер етіп, жаңбыр жауады”.

Екіншіден, автор “циклон әсерінен болған ыстықтан күйік алуыңыз мүмкін” екенін жазады. Мұндай ақпаратқа ресми органдар 112 нөмірінен хабарлама жіберу арқылы ескертеді. Өзге де ресми дереккөздерде мұндай дерек жоқ.

Үшіншіден, автордың жазуынша, ақпарат қытайлық CCTV-13 телеарнасында жарияланған. Дегенмен арна сайтында мұндай хабарлама табылмады. Басқа да шетелдік сенімді сайттарда мұндай мәлімет жоқ.

Төртіншіден, екінші скриншоттағы Марстың “жұлдыздарына” келсек. Автор мұнда спутниктер туралы айтқан болуы ықтимал. Марстың “Деймос” және “Фобос” деп аталатын екі серігі бар. Олар Марсты айналатындықтан, Жерге жақындауы мүмкін емес.

NASA дерегінше, Фобос әр жүз жыл сайын Марсқа 1,8 метрге жақындайды. Зерттеушілер болжауынша, Фобос 50 миллион жылдан кейін Марсқа соқтығысады.

Бесіншіден, жер “магнитосфера” деп аталатын магнит өрісімен қорғалған. Автордың “радиациясы жоғары ғарыштық сәулелерден денеңізге зақым келеді” деп жазуы — шындыққа жанаспайды. Магнитосфера планетамызды ғарыштық сәулелер мен Күннің қатты жарқырауынан қорғап, зиян сәулелерді бөгейді.

Иә, ғарыштық радиация кейде бізге жетуі мүмкін, бірақ оның айтарлықтай зияны жоқ. Орташа алғанда, адамдар жылына шамамен 3,5 миллизиверт сәулелену дозасын алады. Бұл сәулеленудің шамамен жартысы рентген, маммография және КТ сияқты жасанды көздерден, ал қалған жартысы табиғи көздерден, оның шамамен 10%-і ғарыштық сәулелерден келеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz