Желіде McDonald’s жайлы бұрмаланған ақпарат тарады

Қытай әлеуметтік желілерінде McDonald’s мейрамханасының жанында кезекке тұрған адамдардың суреті жиі тарады. Желі қолданушыларының айтуынша, фото “McDonald’s жабылар алдында және кезек көбейген тұста түсірілген”. AFP (Францияның ақпарат агенттігі) фактчекерлері ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Биыл 10 наурызда Twitter желісінде McDonald’s жайлы бұрмаланған сурет жарияланды. Қытай тіліндегі жазбада былай делінген: “8 наурыз. Мәскеудегі көрініс. McDonald’s фастфуд мейрамханалар желісі Ресейден кететінін жариялағаннан кейін жергілікті уақыт бойынша кешке түсірілген. Кезекке қарамастан жүрек жалғау. Көлік кезегі 500-метрге дейін созылған”.

Дәл осындай мазмұнмен Twitter, Facebook, Gettr желісінде 100-ден астам жазба жарияланған. Бұдан бөлек Тайваньдағы Bella журналының репортажында да айтылды.

Ресей көршілес елге соғыс ашқан соң компания өкілдері елде жұмысын тоқтататынын хабарлады. Кейін ресейлік медиа жергілікті тұрғындардың McDonald’s мейрамханаларына жаппай барғанын жазды. Ал желі қолданушылары суретті жалған мазмұнмен көрсеткен.

Желіде McDonald’s жайлы бұрмаланған ақпарат тарады
Желіде тараған сурет.

Егер суретті мұқият қарасаңыз көпқабатты ғимараттың қабырғасына ілінген Кеңес Одағының жалауын байқауға болады.

Сонымен қатар, AFP фактчекерлері Google-дың көмегімен фотоның ең алғаш рет 1990 жылы 31 қаңтарда жарияланғанын анықтады. Сурет авторы — AFP фотографы Виталий Арманд (VITALY ARMAND).

Желіде McDonald’s жайлы бұрмаланған ақпарат тарады
Түпнұсқа. McDonald’s мәліметінше, сол күні мейрамханаға 30 мың адам келген.

Бұған қоса, суреттің түпнұсқасында басқа сипаттама жазылған.

Мәскеудегі Пушкин көшесі. 1990 жылдың 31-ші қаңтары. Кеңес одағында бірінші рет ашылған McDonald’s мейрамханасының алдында кезекте тұрған сатып алушылар.

Сурет сипаттамасы.

Осылайша, суреттің түпнұсқасы басқа уақытта түсірілгенін және желідегі хабарламаның бұрмаланғанын нақты айтуға болады.

Контекст

  • Биыл наурызда Ресей Украинаға соғыс ашқан тұста McDonald’s Ресейдегі 850 мейрамханасын уақытша жабу туралы шешім қабылдаған. Кейін 16 мамырда компания өкілдері Ресейдегі бизнесін толық сататынын хабарлады. Компания ел ішінде шамамен 62 мың адамды жұмыспен қамтыған.

Материалды дайындаған: Амина Сәбитова

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz