Жеке тұлға мобилді аударым үшін салық төлеу керек пе?

Cоңғы аптада қазақстандық интернет кеңістікте «мобилді төлемдерге немесе кез келген банк арқылы аударым (перевод) жасаған жағдайда салық салынады, яғни жаңа бір салық түрі пайда болады» деген сарында алып-қашпа әңгіме тарап жүр. Factcheck.kz редакциясы осыған байланысты халық арасында жүрген мифтерді тауып, ара-жігін анықтап көрді.

Жеке тұлғаның кез-келген мобилді аударымдарына салық салынады.

Халық арасында тараған мифтер

Үкім: Жалған

ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке тұлғаларлың арасындағы ақша аударымдарға салық салынбайды. Осы уақытқа дейін қалай болса солай жалғаса береді. Халық арасында жүрген «кез келген банк арқылы жасалған ақша аударымдарға салық салынады» деген қаңқу сөз шындыққа жанаспайды.

Жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы мәліметтер салық органдарына беріледі.

Халық арасында тараған мифтер

Үкім: Манипуляция

Банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес қазіргі уақытта жеке тұлғалардың арасындағы аударым туралы деректер салық органдарына берілмейді. Алайда: «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №121-VI ҚРЗ Заңының 45-1-бабы негізінде Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде енгізіледі. Осы декларация сәйкес, кез келген жеке тұлғаның автивтері мен кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметі 2025 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр.

Inform.kz

Жаңа салық түрі пайда болады.

Халық арасында тараған мифтер

Үкім: Жалған

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше салықтың жаңа түрі пайда болмайды, тек қазіргі Салық кодексіне өзгертулер енгізіледі.

ҚР Салық кодексінің 24-бабы 20 тармақшадан тұрады, енді түзетулер бойынша 21-23 тармақшаларды қосу арқылы «мобилді төлемдер» түсінігін енгізбек.

Ал сенатор Ғұмар Дүйсенбаев салық кодексіне енгізілген жаңа түзетулерді былай түсіндірді:

Пандемия кезінде шағын және орта бизнес субъектілері тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды кеңінен қолдана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу үшін «Мобильдік төлемдер» ұғымын айқындау, мобильдік төлемдер арқылы есеп айырысу кезінде онлайн-бақылау – кассалық машиналарды пайдалануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізу үшін жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу ұсынылады.

Ғұмар Дүйсенбаев, сенат депутаты

Қазір дүкендерде тек қолма қол ақшамен төлеу керек, әйтпесе айыппұл салады.

Халық арасында тараған мифтер

Үкім: Жалған

Ақпарат шындыққа жанаспайды, жоғарыда атап өткеніміздей жеке тұлға төлемнің кез келген түрін пайдаланса да болады, тек дүкендегі сатушы фискалды чек берсе болғаны.

Салық кодексінде қазіргі уақытта төлемнің екі түрі қарастырылған: қолма қол ақша және POS-терминалдар арқылы картамен төлеу. Егер де жоғарыдағы заң толығымен қабылданса 2022 жылдың бастап үшінші төлем, яғни «мобилді төлем» түсінігі пайда болады. Олар онлайн бақылау касса машинасы (БКМ) арқылы өтіп, осы арқылы төлем жасаған адамдарға фискалды чек беріледі.

Халық арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен әлі күнге дейін шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарауда. ҚР Қаржы министрлігі осы орайды толыққанды түсініктеме берген болатын.

Заң қашан қабылданады?

ҚР Сенат депутаттары 24 қарашада Салық Кодексіне байланысты енгізілген түзетулерді талқылап, 25 қарашада Әшімбаев бастаған сенаторлар құжатты мақұлдады. Осыдан кейін заң жобасын Президент қол қойып, соңғы шешімін шығарады. Президент қол қояған жағдайда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор