Жасанды интеллекттің туындысы АҚШ-тағы өнер байқауында жеңіске жетті

АҚШ-тың Колорадо штатында өткен бейнелеу өнері байқауында жасанды интеллект арқылы сурет салған адам бірінші орын алды. Бұл туралы Vice сайты хабарлады.

Сурет авторы – Incarnate Games компаниясының басшысы Джейсон Аллен. Колорадо штатының жәрмеңкесінің ресми сайтындағы дерекке сәйкес, суретшінің “Кеңістіктегі опера театры” картинасы “Сандық өнер” номинациясы бойынша жеңіске жетті. Суретте барокко залындағы үлкен, дөңгелек терезеден нұрлы күн пейзажына қарап тұрған адамдардың кескіні бейнелеген.

Дегенмен байқау нәтижесіне келіспей, сынағандар да болды.

Біреу жасанды интеллект арқылы жасалған туындысымен өнер байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл өте жаман.

суретші Генел Джумалон

Олар жеңімпаздың туындыны өз қолымен емес, мәтінді кескінге айналдыратын Midjourney жасанды интеллект бағдарламасы көмегімен салғанына ызаланған.

Ал жеңімпаз Джейсон Аллен басқалардың мұндай реакциясына дайын болғанын жеткізді. Десе де ол туындыны жасауда адам күшінің маңызды екенін де айта кеткен. Суретші бағдарламаны баптауға, жалпы жұмыс процесіне бірнеше апта жұмсаған. Нәтижесінде Аллен ең үздік үш суретін Gigapixel Al бағдарламасы арқылы үлкейтіп, кенепке басып шығарған. 

Оған қоса Джейсон Аллен байқауға қатысушы ретінде өтініш жіберген кезде өзін “Джейсон Аллен Midjourney арқылы” деп жазғанын баса айтты.  

Factcheck.kz