Жаңаөзенде газ бағасының қымбаттағанына наразы жұрт митиңге шықты

2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасының қымбаттағанына наразы жүздеген адам әкімдік алдына жиналып, қала орталығындағы жолды жауып, биліктен газ бағасын түсіруді талап еткен. Бұл туралы Азаттық радиосына Жаңаөзеннен хабарласқан азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы айтты.

Оның сөзінше, қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілген.

– Былтыр пандемия кезінде 38 теңге болған газ кейін 50 теңге, содан соң 79-80 теңгеге көтерілді. Қаладағы газ сататын стансаларда көліктер тәуліктеп кезекте тұрғанымен газ жоқ. Ал міне 120 теңгеге көтерілгенде барлық стансада газ пайда болды, кезек те жойылды. Бірақ оны сатып алу мүмкін емес, елдің қалтасы көтермейді, – дейді жаңаөзендік белсенді.

Серік Бақтыбайұлының айтуынша, газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Арасында такси жүргізушілері мен көлігі жоқ адамдар да бар.

Серік Бақтыбайұлы Жаңаөзендегі наразылықты Facebook’тегі парақшасында видеоға түсіріп тұрды. Жиналғандар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.

Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, әкімдік орналасқан орталық көшені жапты. Видеода тұрғындардың ешқайда тарамайтыны, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан энергетика министрлігінен адам келуін талап еткені көрсетілген. Олар “Алға, Қазақстан!” деп айқайлап, биліктен газ бағасын төмендетіп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады.

Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келді. Оның сөзінше, қала әкімі Мақсат Ибағаров қазір кезекті еңбек демалысында.

– Талапты қағазға түсіріп беріңдер, оны жоғары жаққа жеткіземін, – деді Ғалым Байжанов наразы халыққа.

Жиналғандар бұған дейін де ондай қағазды бірнеше жыл бойы жазып, жолдап келе жатқанын, сондықтан ешнәрсе жазбайтынын және талабы орындалмайынша тарамайтнын айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz