Жамбыл облысындағы жарылыс туралы жалған ақпарат таратқан адам ұсталды

Полиция әлеуметтік желіде Жамбыл облысында болған жарылыс туралы жалған ақпарат таратқан азаматты ұстады. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Полицейлер 27 тамызда Instagram желісіне мониторинг жасау барысында ер азаматтың жалған ақпарат таратқанын анықтаған. Видеодағы адам Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында орын алған жарылысты қуатына байланысты тоқтату мүмкін емес екенін айтқан. Сонымен қатар, көп адамның зардап шеккенін және дене мүшелері үзілген адамдар жайлы мәлімдеген.

Бұл хабарлама шындыққа жанаспайды. Жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Тараз қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 274 – бабы 2-бөлігі 3-тармағы “бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желісін пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат тарату” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция хабарламасы.

Полиция мұндай қылмысты жасаған адамдарға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын еске салды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz