Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан 32 адам зардап шекті

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыс пен өрттен кемінде 32 адам зардап шекті. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп, Азаттық радиосы хабарлады.

Қорғаныс министрлігі дерегінше, қоймада инженерлік оқ дәрі сақталады, бірақ олар алыс қашыққа ұша алмайды. Бірақ сонда да жақын маңдағы ауылдардың тұрғынын қауіпсіз жаққа көшіру туралы шешім шыққан.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, 250 тұрғыны бар Қайнар ауылы оқиға орнынан 1 километрге жетпейтін қашықтықта орналасқан. Халықты эвакуациялау басталды.

“Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланып жатыр” делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Оқиға орнына 16 жедел жәрдем бригадасы жіберілген. Тараздың №1 қалалық ауруханасына түрлі жарақат алған 32 адам жеткізілген.

26 тамызда кешкі сағат 19 шамасында Тараз қаласының маңындағы әскери қойма жанында жарылыс болып, соңы өртке айналды. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бөлім Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан 18 километр қашықтықта орналасқан.

“Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында сағат 19:00 шамасында өрт шықты. Өрт кесірінен белгісіз заттар жарылды” делінген қорғаныс министрлігінің сайтында.

Мекеме ақпараты бойынша, әскери бөлімнің өрт сөндіру командасы отты сөндіруге тырысып жатыр, оларға Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері көмектесуде.

“Өрт сөндіріліп жатыр. Оттың тұтану себебі анықталу үстінде. Оқиға орнына министрдің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев басқарған комиссия жіберілді” делінген министрлік хабарламасында.

Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, қоймада кемінде сегіз жарылыс болған, өрт тоқтаған жоқ. Оқиға орнына жедел жәрдем және полиция көліктері өтіп жатыр, журналистер жарылысты алыстан бақылап тұр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz