ЖАЛҒАН I ЖК ретінде тіркелмей пәтерді жалға беру салдарынан мүлік тәркіленуі мүмкін

Жуырда informburo.kz сайтында Мемлекеттік кірістер департаментінің Алматы қаласының Медеу ауданындағы жекеменшік жалға берушілерді тексеретіні туралы ақпарат тарады, тексеру 25 қыркүйекте басталады делінді. Егер тексеруші органдар, яғни Мемлекеттік кірістер департаменті мен полиция жылжымайтын мүліктің жалға ЖК ретінде тіркелместен беріліп отырғанын анықтаса, қожайындарына айыппұл салынып қана қоймай, мүлкі тәркіленетіні айтылды.

Сдача квартир в аренду в Алматы, регистрация ИП

Үкім: Жалған

Пәтерді жалға беру үшін ЖК ретінде тіркелу міндетті емес.

Салық органдары үшін жалға берушінің табысынан салық төлеу фактісі маңызды. ЖК ретінде тіркелмесе, салық сомасы сәл жоғары.

Материал жариялана салысымен Фейсбук желісін пайдаланушы, кәсіби журналист Светлана Мищенко informburo.kz қызметкерлерінің назарын ақпаратта айтылған жайттардың заңсыз екеніне аударған еді. Журналист ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына сүйенген, онда мүлікті жалға беру тәртібі көрсетілген. Ол түсініктемені кез келген азамат egov.kz сайтынан таба алады.

Жалға беру тәртібі қандай?

Заңгер Мұрат Маметов жағдайды былайша түсіндірді:

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 2-тармағына сәйкес, міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс жеке кәсіпкерлер келесі шарттардың біріне жауап беруі тиіс:

  • тұрақты түрде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын болса;
  • Жеке кәсіпкерліктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшін белгіленген жылдық жиынтық кірістің салық салынбайтын мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық кірісі бар жеке кәсіпкерлер.

Жоғарыда айтылған жеке кәсіпкерлер мемлекеттік тіркеусіз қызмет ете алмайды, тек Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалар мен Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көрсетілген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Ал жоғарыда айтылған баптың 3-тармағында жеке тұлға тұрақты түрде жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы екені айтылған. Нақтырақ айтқанда:

  • салық салынатын төлем көзінен;
  • мүліктік кіріс;
  • өзге де кірістер алатын болса, тіркелмеуге құқылы.

Салық кодексінің 180-бабы 1-тармағының 3-бөлімінде мүлік кірісіне жеке кәсіпкерлікпен айналыспайтын жеке тұлғаның мүлкін салық агенті болып табылмайтын адамдарға жалға беру арқылы алған кірісі есептелетіні жазылған.

Яғни, бұл мәселеде салық органдары үшін жалға беріп қойған мүлік есебінен алатын табыстан салықтың төленуі маңызды. Тек жеке кәсіпкер ретінде тіркеуіңіз жоқ болса, салық төлемі жоғары болатынын ескеру керек.

Сондықтан, мүлкін жалға беретін жеке тұлға табыс салығын төлеуге қатысты өз міндеттемесін толыққанды түсінуі керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жөнінен ешқандай міндеттеме жоқ екенін де ескергені жөн.

Factcheck.kz