Жалған | 5G коронавирустың тарауына әсер етеді

2020 жылы сәуірде батыс елдерінде тараған «5G желісі және коронавирус» туралы ақпарат бүгінде бізге де жетті.

Алматыдағы «Сана» медициналық орталығының төбесіне орнатылған антенадан «5G желісі арқылы вирус тарап, халыққа эксперимент жүргізіліп жатыр» деген мазмұндағы видео WhatsApp мессенджері арқылы тарады. Ақпараттың рас-өтірігін бірге тексерейік.

https://videopress.com/v/ji6LCwJ2?preloadContent=metadata

Үкім: Жалған

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы 5G мобильді желілері COVID-19 таралуына әсер етпейтінін ресми мәлімдеген.

Вирус радио сигнал немесе ұялы телефон толқындары арқылы берілмейді. COVID-19 эпидемиясы 5G желілері қолданылмайтын көптеген елдерде таралды. COVID-19 ауа тамшыларымен, яғни пациенттің тыныс жолдарынан шыққан тамшылар сау адамның тыныс жолдарына түскенде, мысалы, жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, сіз инфекцияны қолыңызды бетке, көзге, ауызға немесе мұрынға тигізу арқылы жұқтыра аласыз.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы

Сондай-ақ Қазақстанда 5G мобильді желісі әлі іске қосылған жоқ. Осы уақытқа дейін Астана, Шымкент, Алматы қалаларында арнайы экспримент жүргізілді. Видеоны түсірген қолданушы дәл осы тәжірибені дұрыс түсінбесе керек.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2020 жылы 11 маусымда Орталық Коммуникациялар онлайн брифингте:

«Біз 5G пилоттық жобамызды бірнеше қалада жасап көрдік: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент. Бұл құрылғылар интернет жылдамдығын секундына 1 Гб жеткізе алады. Бюджеттен ақша бөлінбеді, себебі телекоммуникация желісін дамытуға байланыс операторларының қаржысымен іске асады» – деген болатын. Сонымен қатар мобильді антенналардың орнатылуы жайындада төмендегідей пікір айтты:

«Мобильді антенаның адам денсаулығына, жағдайына әсері туралы айтар болсам, антенналар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға жауапты мемлекеттік органның рұқсатынсыз орнатылмайды. Үйге мобильді антенна орнатылса, санитарлық аймаққа сәйкес талаптарға сай орнатылады. Сондықтан тұрғындарды алаңдататын ешнәрсе жоқ».

Қосымша. «Сана» медициналық орталығында 29-маусымға дейін дезинфекция жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті орталықпен ешқандай байланыс орната алмадық. Әлеуметтік желі және рсеми поштаға жіберген сұраққа арнайы жауап болмады.

Бұндай ақпараттың тарауына не себеп?

Әлемде 5G мобильді желісіне арнайы сынақ жүргізу басталғалы Ұлыбритания, Польша, Ресей және т.б. елдердегі мобильді желінің мұнарасын өртеу, құлату секілді әрекеттер жиілеген. Шабуылдардың негізгі себебі – антенналар арқылы вирус тарайды-мыс деген қауесет.

Толығырақ төмендегі материалдан оқи аласыздар.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz